Әкімдер есебі

Барлық мәселе ашық айтылды

Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов ауданның барлық ауылдық округтерінде өткен есеп беру жиындарына қатысты. Тұрғындар аудан басшысына шешімін күткен мәселелерді айтты.

Тоғыз, Кішіқұм ауылдарының тұрғындары көгілдір отынды күтіп жүргендеріне бірнеше жыл болды.  Ауызсу құрылысының тезірек аяқталғанын қалайды.

Аудан әкімінің айтуынша, газ желісі, негізінен, Шалқар қаласынан тартылатын болғандықтан қуатты газ тарату стансасын қою керек. Аталған жобажоғарыға ұсынылып жатыр, бұл жұмыс 2025 жылға дейін басталып кетуі тиіс.

Шалқар ауылдық округіндегі негізгі мәселе —  құм көшкінін тоқтату, осыған орай егілген ағаштардың қоршауын көбейту. Биыл  Жылтыр ауылына кіреберіс жолы асфальтталады.

Сонымен қатар соңғы кезде көшеде иттер көбейіп, балаларға, адамдарға айтарлықтай қауіп төндіріп тұр.

Иттердің көбеюі барлық елді мекендерде де бар,— деген аудан әкімі оны аулау шарасы жақын арада жүретінін айтты.

Қауылжыр ауылдық округінде шаруалар жаз айларында ауыл малдарына Ақжар деген жерден су ұңғымасын қазып беруді сұрады. Себебі төрт түлікке қажетті су тапшылығы бар. Оған жауап берген ауыл әкімі ол жер шаруа қожалығының жері екенін, алдағы уақытта бұл мәселенің шешілу жағы қарастырылатынын айтты. Еңбек ардагері Сауда Самаев Қайдауыл стансасындағы бастауыш мектепке жаңа ғимарат, сырттан келетін мұғалімдерге, дәрігерлерге қызметтік үйлер салынса деген ұсынысын айтты. Ауыл тұрғындары дәріхана ашылса екен дейді. Алайда ауылда дәріхана үйі дайын тұрғанымен, онда жұмыс істейтін фармацевт мамандары жоқ.

Мөңке би ауылдық округінің тұрғындары да жайылым жерлерді кеңейту мәселесін қозғады. Жедел жәрдем көлігі, жұмысшылар пойызы сенбі, жексенбі күндері жүрсе, балалар ойын алаңы салынса деген ұсыныстарын жеткізді.

Бершүгірліктерге газ жеткізу мәселесі күн тәртібінде тұр, көгілдір отынның Мұғалжар арқылы келу жобасы жасалуда. Сарысай, Алабас елді мекендеріне газ кіргізу де осы жобаның ішінде болады, — деді аудан басшысы.

Бегімбеттіктер өрт сөндіру машинасын сұрады. Аудан басшысы ауданда төрт тірек ауылы бар, соның бірі Айшуақ екенін алдағы уақытта ретімен өрт сөндіру машинасының берілетінін айтты.

Бозой ауылдық округіндегі өткен кездесуде ауыл тұрғыны Ғани Үсенов округ орталығынан спорт кешенін салу жайын қозғаса, зейнеткер Ниедулла Дәулетов ұялы байланыс қызметінің әлі де сапасыз екендігін жеткізді.

— Бұл жағдайлардың бәрі бізге белгілі. Интернет жылдамдығын күшейту, жолдарды асфальттау, жаңадан клуб, амбулатория ғимараттарын салу, тағы басқа да шаруалар көп. Мұның барлығы біздің жоспарымызда бар, алайда кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады, — деді аудан әкімі.

Ауылдық округтерде өткен кездесулерде аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап,  мұң-мұқтаждарын тыңдады. Олардың шешілу жолдарын қарастырып, тиісті адамдарға тапсырмалар берді.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button