Әкімдер есебі

Табанталдың тасжолы мен Ақжардың ажары

Хромтау ауданының әкімі Азамат Бекет Табантал, Ақжар ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесіп, өткен жылды қорытындылады.

Аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан Табантал ауылдық округіне үш елді мекен кіреді. Олар — Табантал, Жайлаусай және Көптоғай. Бүгінде аталған округте 143 үй, 536 адам бар. Ал Табанталдың өзінде 500-ге тарта адам тұрады. Ауылда ұялы байланыс бар, жыл соңында интернет желісінің жылдамдығы күшейтіліпті. Мұнда жол мәселесі де қалыпқа келтірілген. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 30 шақырым жолға асфальт жабындысы төселген. Бұл туралы Табантал ауылдық округінің әкімі Рүстем Шакизаев жылдық есебінде айтты.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл Табанталда су ұңғымасы қазылатын болады. Сондай-ақ пайдаланылмай тұрған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін кері қайтару және жайылымдық жерлерді кеңейту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатынын айтты. Жергілікті билік ауылда мал сою алаңын ашуға ықпал етпек. Балалар жылы аясында «Бақытты бала» саябағына сахна құрылысын жүргізу жұмыстары да қолға алынбақ.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары медициналық пункт ішін жабдықтау қажеттігін, салынған тасжолдың бойына жол белгілері орнатылмағанын жеткізді.

Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектері ескерілетінін айтып, жиынды қорытындылады.

Келесі кездесуде Ақжар ауылдық округінің әкімі Болатбек Дүйсенбин есепті мерзім ішінде атқарған жұмыстары туралы баяндады.

Құрамына Ақжар, Жазық, Орташа, Төсқайың, Шолақсай сияқты ауылдар кіретін округте барлығы 2715 адам тұрады. Мұнда халықтың жайлы өмір сүруі үшін барлығы бар: мектеп, емхана мен балабақша, Мәдениет үйі жұмыс жасайды, спорттық кешен де тұрғызылған.

Ауылда мал, егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтар баршылық. Жыл сайын мал санының өсімі байқалады. Бүгінде ауыл тұрғындары мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезініп отыр. Былтырдың өзінде «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы ауылдық округ бойынша 4 адам барлығы 13 млн теңге 29 ірі қара сатып алған. Сонымен қатар Ақжар ауылдық округі бойынша 9 адам «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша оқып, несие алып, өз кәсіптерін ашуға кіріскен.

Аудан басшысы биыл Ақжарда көше жолдары жөнделіп, шағын футбол және воркаут пен спорт алаңдарының құрылысы аяқталатынын, Ақжар орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ Жазық бекетіне ауызсу құбырын тарту, көшелерді жарықтандыру ісі қолға алынбақ.

Есепті кездесу соңындаәкімдер тұрғындар қойған сұрақтарға жауап берді.

 Л.ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button