Әкімдер есебі

Төрт ауылдың мұқтажы

Әйтеке би ауданында да әкімдер есебі өтіп жатыр. Өткен аптада 4 ауылдық округте өткен кездесу барысында аудан әкімі Дархан Ермағамбетов 2021 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылға қойылған міндеттерді атап өтті.

Тұмабұлаққа дәрігер керек

3 ақпан күні аудан әкімі Тұмабұлақ тұрғындарымен кездесті. Бұл — аудандағы ең ірі елдімекендердің бірі. Жер көлемі жағынан да үлкен: 505 144 гектарды алып жатыр. Бұрынғыдай емес, қазір мұндағы ұялы байланыс  жақсарған. Өткен жылы ауылдық округтің орталығы Тұмабұлақ пен Сарыбұлаққа ұялы байланыс пен интернет желісі тартылды. Нәтижесінде тұрғындар жан-жақпен еркін байланысып отыр. Сондай-ақ өткен жылы бұл ауылда балалар ойын алаңы орнатылды.

Есепті кездесу барысында аудан әкімі Дархан Ермағанбетов Әйтеке биде

ауданішілік маңызы бар 428 шақырым жолды қалпына келтіру және жөндеу бойынша жоспар құрылып, жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Биыл Тұмабұлаққа іргелес елдімекендерге көгілдір отын құбыры тартылмақ.Аудан әкімі алдағы уақытта Тұмабұлақ тұрғындарының да осындай игілікке қол жеткізетініне сендірді. Бұл мақсатта сараптамалық құжаттар әзірленіп жатқаны айтылды.

Жиын барысында тұрғындар ауылға дәрігер керек екендігін, мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігінайтты.

Саратқа газ барады

Өткен жыл Сарат тұрғындары үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Ауылға ауызсу кірді. Ал биыл газ құбырының құрылысы басталады.  Сондай-ақҚарабұтақ-Комсомол-Северное-Сарат-Қырыққұдық-Тұмабұлақ арасындағы жол орташа жөндеуден өткізіледі. Бұл Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген. 2021 жылы «Кселл» АҚ ауылға 3G жоғары жылдамдықты мобильді интернет желісін, «Сапа телеком» ЖШС әрбір тұрғын үйді, мемлекеттік мекемелерді радиорелелік байланыспен қамту үшін Mikrotik құрылғысын орнатты.

Сарат ауылдық округінің әкiмi Т.Түкібаев 2020 жылы ауылда ветеринар тапшылығы болғандығын,оны шешу мақсатында 2021 жылы Ақтөбе ауылшаруашылығы колледжімен келісе отырып, жас мамандарды қысқа мерзімді курсқа оқыту арқылы қайта даярлағандарын және қазіргі таңда ветеринарлық дәрігер, фельдшер, ветеринар-санитар мамандармен толық қамтылғанын айтты.

Есепті кездесу барысында Сарат тұрғындары ауылға спорт кешені керектігін жеткізді.

Қайрақтыда байланыс қалай?

Қайрақты ауылдық округі аудан орталығынан әлдеқайда қашық, Шалқар, Мұғалжар ауданынының ауылдарына іргелес орналасқан ауыл.Округ әкімі Қ.Шманов есепті баяндамасында бұл ауылда да нақты істер қолға алынғанын жеткізді. Мәселен, өткен жылы Талдық пен Қызылқұдық бағытындағы жол тегістеліп, ауылдағы ескерткіш пен саябақ  алаңын қоршау үшін құжаттар дайындалған. Қоршау жұмыстары биыл аяқталмақ. Сондай-ақ ауылда ұялы байланыс желісін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселеге аудан әкімі де тоқталып, бұл жұмыстың көп ұзамай іске қосылатынын мәлімдеді.

Ауылда ауылшаруашылығымен айналысам деушілер қатары көбейіп келеді екен. Округ әкімі ауылдан көшіп кеткен тұрғындар тарапынан да шаруашылық жүргізуге өтініштер түсіп жатқанын айтты. Бүгінгі таңда  округ аумағында 22 жеке шаруа қожалығы және 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс жасайды.

Аралтоғайда спорт кешені салынбақ

Өткен жылы біраз уақыттан бері тұрғындарды толғантып, жиын сайын тілге тиек болған Аралтоғай ауылына газ барды. Ауылдағы тағы бір мәселе —

әкімшілік ғимаратын салу болатын. Бұл мақсаттағы жұмысты жүргізу үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған.Өткен жылы Қияқты ауылында блок-модульді су тазарту станциясы орнатылған болатын. Ұлғайсынға су құбырын жүргізу үшін жобалық құжаттар жасақталып жатыр. Баяндама барысында Аралтоғай ауылдық округінің әкімі С.Дүйсенбаев ауылда кәсіпкерлік саласының қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Қазіргі таңда 85 жеке кәсіпкер, 45 шаруа қожалығы, 3 ЖШС, 1 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі шағын орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасап отыр.Сонымен қатар«Еңбек» бағдарламасы аясында 16 адам 583000 теңгеден грант алған. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы 10 адам несиегеірі қара сатып алыпты. Кездесу барысында аудан әкімі Дархан Ермағамбетов Аралтоғайда ангар типтес спорт кешенін салу жоспары бар екенін жеткізді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Әйтеке би ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button