Әкімдер есебі

Өзекті мәселелерді көтерді

Өткен аптада аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев және Нұра, Қызылжар, Құмтоғай, Аманкөл, Ырғыз, Тәуіп, Жайсаңбай ауылдық округтерінің әкімдері тұрғындар алдында есеп берді.

Есеп беру кездесулеріне аудандық мәслихат хатшысы, аудандық полиция,  төтенше жағдайлар, білім, мәдениет, т.б. бөлімдердің басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Әділкерей Әуелбаев тұрғындарға өткен жылы аудан деңгейінде атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алда тұрған міндеттерге тоқталды.

Оның айтуынша, былтыр аудан орталығы мен ауылдарда ауқымды жұмыстар жүргізілген. Бірқатар ауылдарда көшелерге асфальт және тротуарлар салынып, көшелер жарықтандырылған. Бүгінде елді мекендерде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында да алға жылжу бар. Мәселен, өткен жылы Құтикөл ауылында бірнеше көше асфальтталса, Жарма ауылында Нарқызыл негізгі орта мектебінің құрылысы басталған. Биыл Құтикөл ауылына газ құбыры тартылып, ауылішілік газ желісі салынуда. Алдағы уақытта Ырғыз-Құтикөл аралығындағы жол күрделі жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ Құтикөл ауылында ауызсу жүйесі жаңартылады. Жалпы, биыл да ауданда көптеген жобалар жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Есеп беру кездесулерінде округ әкімдері де өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Ауыл тұрғындары кездесулер барысында өзекті мәселелерді көтерді, оларды аудан әкімі мен округ әкімдерінен биыл жылы шешуді сұрады. Мәселен, құмтоғайлықтар жастарды жұмыспен қамту, мал жаятын жер бөлу, ауылға газ тарту мәселелерін қозғаса, Қызылжар ауылдық округінің тұрғындары «Айман» бөгетін салу, Б.Алманов атындағы орта мектепті газбен жылытуға көшу, Құрылыс ауылынан амбулатория ашу сияқты басты проблемаларды алға тартты.

Ырғыз селолық округінде тұрғындар Ырғыз гимназиясының жабдықталуы, оқушылар үшін сабақ кестесінің қолайсыздығы мен оларды мектепке тасымалдау, кейбір көшелерде ауызсудың болмауы, азық-түлік бағасының қымбаттауы және басқа да мәселелерді көтерді. Аманкөл ауылдық округінің тұрғындары аудан әкіміне жаз айларында елді мекенде ауызсу болмайтындығын, жаңадан клуб үйін салу керектігін айтты. Ал Құйылыс ауылының тұрғындары дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жүргізіліп, елді мекенге газ, ауызсу құбырлары тартылса деген тілектерін жеткізді.

Сондай-ақ Жайсаңбайда өткен басқосуда бөгет салу, электр қуатының тұрақты берілуі мен ауылға учаскелік полиция инспекторын бекіту сияқты өзекті мәселелер көтерілді.

Аудан әкімі халық тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, олардың басты назарда болатынын атап өтті.

Д.АЙДАР,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button