Әкімдер есебі

Тұрғындар тілегі шешімін тапса…

Ойыл ауданында ауыл әкімдерінің есебі Саралжын ауылдық округінде жалғасты.

Алдымен Бестамақ ауылында тұрғындарға есеп берген округ әкімі Марат Тәжіғалиев өткен жылдың еншісіндегі жұмыстарды саралап, алдағы міндеттермен бөлісті.

Бестамақ ауылы — көгілдір отын құбыры тартылған аудан орталығынан кейінгі екінші ауыл. Мұнда жылдың соңында орталықтандырылған ауызсу құбыры іске қосылды. Үш жыл бұрын жаңа мектеп салынды. Ауыл тұрғындарының ендігі тілегі — ұялы байланыс қызметінің жақсарғаны. Ол үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа тұғыры орнатылды. Бүгінде ұялы байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ауылды күре жолға қосатын 1,5 шақырым жолдың мәселесі де биыл шешімін тапқалы тұр.

Ауыл тұрғыны Ербол Бисенов көпшілікті толғандырып жүрген тағы бір мәселе малдың өрісі туралы сөз қозғады. Сонымен қатар  ауыл балаларына арнаулы ойын алаңы қажеттігін де алға тартты. Ауыл әкімі өріс үшін болған кикілжіңнің салдарынан малдың бағылмайтынын  жасырмады.

Бұл күні түстен кейін Марат Тәжіғалиев ақкемерліктерге есеп берді. Мұнда Лиза Бақытжанова ауылға газ құбыры қашан келетінін сұраса, Өтесін Қошқаров ауыл іргесіндегі шабындықты суландыру жүйесін реттеу, шабындықты малдан қору сияқты мәселелерді көтерді. Ақкемерліктерді тасжолға дейінгі 13 шақырым көтерме жолдың жайы да толғандырады.

Екі ауылдағы округ әкімінің есебіне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін жою үшін тұрғындарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырды. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жауап берді.

Екі ауылдағы округ әкімінің есебіне аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары Дархан Ғалымжан, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәулен Төремұратовтар қатысты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button