Әкімдер есебі

Қала тазалығы — тұрғындар талабы

Шалқар қаласының әкімі Тұрлан Төлегеновтің қала тұрғындары алдындағы жылдық есебі №6 орта мектебінде өтті. Кездесу барысында қала әкімі маңызды  мәселелерге тоқталып, тұрғындар сұрағына жауап берді.

Есепті кездесуде Шалқар қаласының абаттандырылуы, тазалығы, инфрақұрылымы жайы кеңінен айтылды. Қала жыл санап үлкейіп келеді. Оған қаланың даму аймағынан салынған жаңа тұрғын үйлер қатары дәлел. Десе де жер кезегінде тұрған азаматтар да баршылық. Тұрлан Төлегенов қала аумағынан жеке тұрғын үй құрылысын салу мақсатында жер учаскелерін алып, құрылыс жұмыстарын жүргізбеген 70-ке жуық жер телім иесінің учаскелері қаланың босалқы жер қорына кері қайтарылғанын айтты. Қазіргі таңда жер кезегінде тұрған 1512 адам бар. Әртүрлі санаттағы аз қамтылған 619 отбасы коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы көпбалалы отбасыларға 12 пәтер сатып алынып берілген.

Жұмысшылар қалашығының тұрғындары Бағжан Жоламанов, Есенгелді Бекмағанбетовтер қалаға кіреберіс жолдарды асфальттау, көшелерді жасыл желектендіру жайын қозғап, балалардың, жалпы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін бұралқы иттердің көзін жоюды күн тәртібінен түсірмеуді жеткізді. Тихонов көшесінің тұрғыны Гүлнар Шолпанова аталған көшенің жолын тегістеп, көктем мезгілінде жүруге жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты. Тұрғындар қаланың әр аумағынан балалардың ойын алаңдарын көбейту қажеттігін қозғады. Осындай көпшілік тарапынан қойылған сауалдардың арасында қала ішінде такси бағасының тұрақсыздығы, аулаларға келетін көл суының тапшылығы, жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелінің қауіпсіздігін қадағалау мәселелері ортаға салынды. Бұл қойылған сауалдардың барлығына қала әкімі тарапынан нақты жауаптар берілді.

Есеп беру жиынына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев ауданда жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Алдағы уақытта қаланың асфальт төсеніші бар үш көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шалқар қаласының вокзал маңы және Карагулин көшелерін абаттандыру, қала аумағынан бір сквер салу, автокөлік жолдарының қиылысына төрт бағдаршам орнату, бес ойын алаңы мен бір воркаут алаңын салу мәселелері тұр.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button