Әкімдер есебі

Қарасуға ауызсу қажет

Ойыл ауданында ауылдық округ әкімдерінің тұрғындарға есеп беру жиыны Шығанақ Берсиевтің туған жерінен басталды. 

Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев бастаған топ алдымен 21 түтіні бар Қарасу елді мекенінде болды.

Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округ әкімі Әділбек Ізбасов өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Былтыр Қарасу елді мекенінде ауызсу мәселесі шешімін тауып, блок-модульді ауызсу кешені іске қосылған еді. Алайда 50 метр тереңдіктен шыққан ауызсу ішуге жарамсыз болып тұр. Себебі құм аралас су әзірге тұтынуға мүлдем келмейді. Ауыл әкімі жер аяғы кеңи салысымен, бұл мәселенің шешілетінін жеткізді.

Сондай-ақ есеп беру жиынында қарасулықтар ауылға көгілдір отын тарту мәселесі туралы сұрады. Бұл мәселе кезең-кезең бойынша сарапталып, алдағы жылы шешілетіні айтылды. Сонымен бірге былтыр тұрғындар тарапынан көтерілген ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесі қазір толық жүзеге асып отыр.

Есеп беру жиыны Құмжарған елді мекенінде жалғасты. Онда да ауылдық округ әкімі өткен жылы жасалған жұмыстарды баяндады. Былтыр Құмжарғанда шағын футбол алаңы салынған. Алдағы уақытта  елді мекенді жарықтандыру, көркейту, күндізгі уақытта ауылға малды кіргізбеу мақсатында шығатын өрісі мен бағытына байланысты ауылдың сыртына ұңғымалы құдықтар қазу жоспарланған.

Аталған елді мекендерде Мұратбай Айдарбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, Құмжарғанның кіреберісіндегі 3 шақырым жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалынған. Ол ауыл тұрғындарын үйлердің сыртқы қасбетін әктеу, сырлау жұмыстарына баса мән беруге, тазалықты сақтауға шақырды.

«Ойыл аудандық ветстанция» мекемесінің директоры Серік Сармұқанов ветеринарлық іс-шаралар бойынша ақпарат берді. Қан алғанда малдың жасын, жынысын, түсін нақты айтып, дерекқорға енгізу керек екендігін, сондай-ақ  сырғалау, жылқыға чип салу, жұқпалы мал аурулары туралы айтты.

Қазір қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары да қиындап тұрғанын жасырмады. Өйткені қазір ит атылмайды, ауланады. Қаңғыбас немесе бос жүрген иесі бар иттер арнайы тұрақта болады. Екі ай ішінде иесі анықталса, айыппұл салынады.

Жиын кезінде Құмжарған елді мекенінің тұрғыны Бауыржан Жұбай көпжылдық шөп егу, тұқымды қалай алуға болатындығын сұрап, алдағы уақытта картоп егуге ниетті екендігін жеткізді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button