Пікір

Сапалы білім — жарқын болашақ кепілі

Жолдас БАТЫРХАН,

 облыстық білім басқармасының басшысы:

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жасаған мәлімдемесінде еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Мемлекет басшысы білім саласы үшін де аса маңызды міндеттер жүктеді. Солардың бірі —инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын даярлау. Ел экономикасы үшін инженерлерді даярлаумен енді тек отандық оқу орындары ғана емес, сондай-ақ Ресейдің және басқа елдердің жетекші университеттерінің филиалдары да айналысатын болады.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ел аумағында беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде 5 филиалын ашу қажеттігін, оның екеуі батыс өңірде болатынын атап өтті. Бұл тапсырма да сапалы маман даярлауда жаңа бетбұрыс. Еліміздің батыс аймағында жоғары білім беру ұйымдарының желісін дамыту демографиялық процестер тұрғысынан да өзекті.

Сондай-ақ Президент:«Мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес…», — деп, мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешенін ұйымдастыруды тапсырды.

Қазір біздің облыста  53 педагог маманға қажеттілік  бар. Қажетті мамандардың орнын толықтыру педагогикалық оқу орындарында білім алуға арналған мемлекеттен бөлінген гранттар есебінен жүзеге асырылуда. Осы оқу жылында мемлекеттік тапсырыс аясында облыстағы 2 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына орыс тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша 75 студент, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша 50 студент қабылданды. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен тағайындалған 80 гранттың 32-сі педагог мамандықтарына бөлініп отыр. Аталған грант аясында орыс сыныптарына бастауыш сынып мұғалімі, физика, химия және математика пәндерінің мұғалімдері оқытылады.

Облыс бойынша 2020-2021 оқу жылында 291 жас маман жұмысқа орналасты. Ауданға келген жас мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген бюджеттік несие беріледі. 2020-2021 жылдары 207 маманға көтерме жәрдемақы және  56 маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген бюджеттік несие берілді.Сонымен қатар 88 жас маман коммуналдық қызметтер мен отынға өтемақы төлемдерін алды.

Халық «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Мемлекет басшысының  жаңа бастамалары болашағымызға нық сенім ұялатты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button