Жастар

Өнертапқыш жастар

Өңіріміздегі өнертапқыш өрендер өздерінің шығармашылықтары арқы­лы білім мен ғылым, технология және басқа да салаларда көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Осы орайда биылғы жылы түрлі байқаулардан жүлдегер атанып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ авторлық жобалар дайындауға талпынып жүрген дарынды оқушылар туралы айтуды жөн көрдік.

Зағип жандарға арналған пернетақта

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары зағип жандарға арналған «BrailleBoard» пернетақтасын жасап шығарды. Жаңа пернетақтаның көмегімен зағип жандар мәтінді компьютерге түсіре алады. Бұл құрылғы Брайл шрифтін меңгеруге мүмкіндік береді.

Жоба авторы, аталған мектептің оқушысы Жаннұр Айыптың айтуынша,

құрылғы алты түймеден тұрады.

— Бұл пернетақтаны пайдалану өте оңай және алып жүруге де ыңғайлы. Керек кезде компьютерге немесе ноутбукқа қосуға болады. Зағип жандар осы құрылғы арқылы  жазуды үйреніп, компьютерге түсіре алады.

Жақында Ақтөбедегі зағип жандарға арналған кітапханаға бір аптаға қолданысқа бердік. Кітапханашылар тексеріп, пернетақтаның тиімді екенін айтты. 

Былтыр онлайн оқуға көшкен кезде өзіміз көптеген мәселелермен танысқан болатынбыз. Соңғы кезде көзі нашар көретін азаматтар әріпті білсе де, толықтай қолдана алмайтынын түсіндік. Соған байланысты осы жобаны қолға алдық, — дейді Жаннұр Айып.

Алдағы уақытта ол стартап байқауларына қатысып, құрылғыны қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Қауіпсіз терезе

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Solve for Tomorrow» республикалық байқауында екінші орын алып,  2,5 миллион теңгеге ие болды.

Топ құрамында мектептің 12 сынып оқушылары Айкен Алтай, Айдана Кенжебаева және Асанәлі Амандықов бар. Олар балалардың терезеден абайсызда құлап кетуіне жол бермеу мақсатында Savvy Window қондырғысын ойлап тапты.
Жедел жабу құрылғысы, әсіресе кішкентай бүлдіршіні бар үйлерге керек.

Бұл құрылғы терезеге орнатылады. 90 см жерден дыбыс естіліп, адам терезеге жақындап кетсе, жедел құлыпталып қалады. Бұл жүйемен қамтамасыз етілген терезені арнайы құпия кодтың көмегімен ғана ашуға болады.

Соңғы уақытта балалардың терезеден жиі құлап, жарақат алып жүргенін байқаған жас өнертапқыштар осы мәселеге көңіл аударған. Олар бүгінде өз жұмыстарына патент рәсімдеп те үлгеріпті.

Оқушылардың айтуынша, бұл қондырғы орнатылса, балалардың абайсызда жоғарғы қабаттан құлауын біржола тоқтатуға болады.

Біздің ойлап тапқан қондырғыны мектептерге, балабақшаларға да орнатуға болады. Болашақта қауіпсіз терезеге «Ақылды үй» концепциясын енгізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, ауа райы мен бүгінгі күнді көрсететін бейнедисплей орнатуға болады. Үй иесінің жоспарларын енгізетін күнделікті де қосу ойда бар. Бірақ әзірге қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болып отыр, — дейді жоба авторларының бірі Айкен Алтай.

Оқушылар ойға алған жобаларын бір ай ішінде жүзеге асырыпты. Оларға мектептің физика және информатика пәндерінің мұғалімдері Мират Оспанов пен Ақзат Қауысова көмектескен.

Жобаның негізгі мақсаты — кішкентай бүлдіршіндеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын терезе жасау. Терезені ашу үшін пароль кодын матрицалық пернетақта арқылы енгізу керек. Егер пароль дұрыс енгізілсе, тақта сервоприводқа сигнал жібереді, ал ол сосын терезені механикалық түрде ашады. Терезені ашу үшін және жақындаған кезде терезені жабу үшін ультрадыбыстық датчиктер іске қосылады. Бұл датчиктер терезенің 3 нүктесінде орналасады. Датчиктер ультрадыбыстық фонды 90 сантиметр радиуста бақылап, осы диапазонда кез келген объектінің бар екендігі туралы сигнал береді. Ал анықталған жағдайда тақта сервоға сигнал жібереді, ол өз кезегінде бірден терезені тарс жауып тастайды. Негізгі қашықтықты адамдар өздері өзгерте алады, — дейді жоба жетекшісі Ақзат Қауысова.

Биылғы жылы аталған жоба «PRISMA» жобалық зерттеу жұмыстарының халықаралық байқауына да жолданып, оқушылар жүлделі үшінші орынды жеңіп алған еді. Алдағы уақытта «Ақылды терезе» жобасын қолданысқа енгізу жоспарда бар.

Робот медбике

Мәртөк ауданындағы №4 орта мектебінің оқушылары Ернұр Құстаев пен Талғат Сырым медбике робот ойлап тапты.

Оның негізгі қызметі — дене қызуын өлшеу, коронавирусқа қарсы шараларды ескерту.

Қоғамдық орындарда температура өлшейтін адамдарды осы роботтың көмегімен алмастыруға болады. Робот құрылғының тиімді тұстары көп.

— Бұл құрылғы әсіресе емханаларда медицина қызметкерінің уақытын үнемдейді әрі науқастармен байланыс жасаған кезде арақашықтықты сақтайды. «Ақылды» техника ғимаратқа дене қызуымен келген науқасты бірден анықтайды. Дабыл қағып, дауыстап ескерту жасайды, — дейді Ернұр Құстаев

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button