Білім

Межеш ағайдың мерейі

Ұлағатты ұстаз болу бақыты екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Межеш Досқуатов — осындай биікке шыққан, ел-жұрты есімін құрмет тұтып, өнегесіне тәнті болған адам.

Ол бір ауданда оқу-ағарту саласында отыз сегіз жыл еңбек еткен екен. Бастапқыда қатардағы мұғалімдіктен басталған жол бірте-бірте оны басшылық қызметке қарай жетелейді. Аудан орталығындағы №1, 2, 3, сондай-ақ Оймауыт орта мектептерінде мектеп басшылығында болды. Барлығы жиырма жеті жыл директорлық тізгінді қолға берік ұстапты.
Директор болып, таза білім беру ісімен тоқтап қалмады. Мектеп ғимаратын салу ісінің басы-қасында жүрді, былайынша айтқанда, прорабқа айналды. Бірқатар ретте кеңшар директорларымен келісті, енді бірде шаруашылық есеппен құрылыс жүргізді.
Ең бастысы, көпшілік Межеш ағайдың физика пәнінің білгірі екенін алға тартады. Оның көрнекі құралдармен сабақ өткізу әдісі талай жерде тиімділігін көрсетті. Мәселен, «Электронды санау механизмі», «Жартылай өткізгіш» стендісін жасау тәжірибесін көптеген шәкірттері көп уақытқа дейін мақтанышпен айтып жүрді. Кейбір мектеп оқушылары физика пәнін меңгергендері сондай, өз беттерімен ауылдағы Украин-2 шағын аппаратымен фильмдер көрсетуді де қолға алды.
Негізгі пәннен тыс қосымша сабақтар жүргізу, осы пәнге бейім оқушыларды жанына топтастыру, оларға бағыт-бағдар беру ол кісінің өзіндік ерекшелігі десе де болады.
Ұстаздың мақтан тұтар шәкірттері аз емес. Олардың арасында ғылымның қия шыңына талмай өрлеп, ілгері ізденістерімен жаңалықтар ашып, өздері де талайға тәлім беріп келе жатқандары баршылық. Солардың бірі Мұханбедияр Мұздақбаев Новосібірде жоғары оқу орнында оқып, сонда физика-математика ғылымдарының кандидаттығын қорғады. Қуанышбек Оңайбаев та осы салада ғылым жолын қуды.
Мектепті күміс медальмен бітірген екі оқушысын тынымсыз еңбегінің жемісіндей көретіні бар. Якоб Нұрлыбеков те, Құдайберген Нұрлин да жоғары оқу орнына түсер алдындағы таңдау пәні физиканы жоғары бағаға тапсырды. Якоб адам жанының арашашысы дәрігерлік мамандықты таңдаса, Құдайберген ұстаз жолымен мұғалім болды.

Бүгінгі күндері Межеш ағайдың шәкірттерін ауданның әр мектептерінен кездестіруге болады. Олар ұстаздық ұлағатын лайықты жалғастырып, өздерінің ізбасарларын даярлауда.
Межеш ағайдың шәкірттері спортқа да жақын жүретіні бар. Ол өзі жақсы ойнайтын волейболға оқушыларын тартып, спорттық жарыстар ұйымдастырып жүретін. Соның нәтижесінде олардың командасы облыстық деңгейдегі сайыстардан талай рет жүлдегер болып оралғаны бар.
Межеш Досқуатовтың ұстаздық қызметіндегі бір есте қалар оқиға — 1978 жылы мұғалімдердің республикалық V съезіне қатысуы. Осы сапарында оған Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атағы берілді. Мектептерге әдістемелік көмек бергені үшін «Қамқор» медалін алды. Байғанин ауданының құрметті азаматы атағы да ол үшін ерекше қымбат.
Межеш ағаның өмірлік жары Ақсәуле апа туралы да айрықша әңгімелеуге болады.
Ақсәуле Есіркепқызы ұзақ жыл аудан орталығындағы Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы мектепте сабақ беріп, елу жасында зейнеткерлікке шықты. Апай 1972 жылы республикалық педагогикалық оқудағы баяндамасы бойынша екінші орын алып, ақшалай сыйлыққа ие болғаны — сол кез үшін үлкен жетістік ретінде бағаланған. 1997 жылы Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі белгісімен марапатталды. Оқу-тәрбие ісіндегі үздік жетістіктері үшін әдіскер мұғалім атағына ие болған ұстаздың өнегесін ізінен ерген көптеген шәкірттері лайықты жалғастырды.
Межеш ағай бүгінгі күні де көпшіліктің ортасынан табылады. Оған қай жерде де ерекше құрмет көрсетіліп жатады. Өйткені қайда барса да алдынан шәкірттері шығады. Сексен бес жас белесін бағындырып отырған ұстаздың шәкірттері алдында қарттыққа бой беруіне негіз де жоқ сияқты. Сондықтан да ол үнемі сергек қалпын сақтап, қолына сынып журналын алып, шәкірттерге кезекті сабағын беруге келе жатқандай тік қалпынан айнымайды.

Н.ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button