Денсаулық

Жедел жәрдем — еңбегі өлшеусіз қарапайым жандар

Аяқастынан басы ауырып, балтыры сыздаған жан дерттің шипасын іздеп, ең алдымен жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Күні-түні бір демде жетіп, білік пен тәжірибені ұштастыра дереу шешім қабылдау, жоғары сапалы, кәсіби көмек көрсету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан болар, жедел жәрдем мамандары өз ісіне әбден машықтанған, төзімі болаттай берік, құтқару ісінде тәуекелге бас тігер батыл жандар. Жай күндердің өзінде қызметі қауырт бұл орталықтың пандемия кезінде міндеті еселеніп,  жүктемесі ауырлай түскені анық. Осы орайда біз облыстық Жедел жәрдем бекетінің қызметімен танысқан едік…

Заманауи үлгідегі ғимарат

2018 жылдың наурыз айында Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданынан орталықтандырылған облыстық медициналық жедел жәрдем бекеті ашылды.

Заманауи үлгіде салынған шұғыл медициналық көмек бекеті үш қабатты корпустан және екі блоктан тұрады. Жалпы аумағы — 4133,2 шаршы метр.

Облыс бойынша жедел жәрдем қоңырауының барлығы осы орталыққа түседі. Барлығы осы жерде басқарылады. Жалпы, ғимараттың басты ерекшелігі —аналитикалық, ақпараттық және диспетчерлік басқару жүйесімен жарақталуында. Call center арқылы барлық қоңыраулар қабылданып, көліктерге жіберіліп отырады. Әрбір дәрігер планшет арқылы көліктің қай маңда жүргенін көре алады. Сондай-ақ бекетте 15 көлік сыятын автотұрақ пен тікұшақ қонатын арнайы жер бар.

Облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұловтың айтуынша,

Ақтөбе қаласында бас корпустан бөлек, бірқатар бөлімшелері жұмыс істейді. Олар қаланың Алтынсарин және Прохоров көшелерінде, Әуе қалашығы ауданындағы №7 емханада және «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы «EXPO2017» ғимаратында орналасқан.

Жалпы, жедел жәрдем қызметі — медицинаның беткеұстар бір саласы. Ең бірінші қиындықты да көретін осы сала мамандары. Тәулігіне 27 бригада жұмысқа шығады.

Эпидемиологиялық ахуал өршіп тұрған сәттерде жедел жәрдемге келіп түсетін қоңыраулар саны 5 мыңға дейін жетеді. Бүгінде жағдай тұрақталды. Мәселен, бүгінгі күні 2320 қоңырау келіп түссе, оның 1183-іне біздің қызметкерлер үйлеріне барып, көмек көрсетті.

Жедел жәрдемнің уақтылы келмеуіне байланысты шағым көп түсіп жатады. Оның да бірнеше себебі бар. Мекенжай дұрыс берілмеуі мүмкін. Қазір облыс орталығы кеңейіп, жыл сайын көшіп келушілер саны артуда. Әсіресе, қала маңындағы бау-бақша ұжымдарының мекенжайларын табу да кедергі келтіреді.

Егер көлік  мекенжайды таба алмай жатса, біз алдын ала хабарлап, үй иесінен күтіп алуын сұраймыз. Бірі дер кезінде белгіленген жерге шығып тұрса, бірі келіп болмайды. Ал жедел жәрдем көлігі үшін 10 минуттың өзі үлкен рөл атқарады. Жарықтандырылуы әлсіз көшелерде жүргізушілер үйдің нөмірін көрмей, шатасатыны тағы бар. Сондай-ақ жалған ақпарат және шақыртудан бас тартатын жағдайлар да тіркеледі. Мәселен, бүгін осындай 35 тиімсіз шақырту болды. Қала көшелерінде жедел жәрдем көлігіне жол бермейтін жүргізушілер де болады. Бұл да қиыншылық туғызады, — дейді Марат Жанқұлов.

Оның айтуынша, бірнеше жылдан бері жедел жәрдем қызметіне өзгерістер енгізілген. Аталған қызмет төрт санатқа бөлінген. Мәселен, бірінші санаттағы, яғни жағдайы аса ауыр науқасқа жедел жәрдем көлігі 10 минут, екінші, үшінші санаттағы науқастарға 15-30 минут ішінде келеді. Ал төртінші санатқа созылмалы ауруы бар науқастар жатады. Олар медициналық көмекті бір сағат күтуі мүмкін.

Қазір облыс бойынша жедел жәрдем қызметінде 750 қызметкер бар. Дәрігерлер мен фельдшерлер жыл сайын білімдерін арттырып отырады.

— Жақында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен келісімшарт жасадық. Профессорлық-оқытушылық құрам келіп оқытатын болады. Қызметкерлер екі жыл сайын аттестациядан өтіп, біліктілігін арттырып отырады. Көлік жүргізушілері де арнайы курстан өтеді.

Барлық көшпелі бригада қауіп­сіз жұмыс үшін жеке қорғаныс құрал­да­рымен қамтамасыз етілген және меди­циналық жабдықтармен 100 пайыз жарақтандырылған. Жедел медициналық көмек жұмысы автоматтандырылған басқару жүйесінің көмегімен жүзеге асырылады. Облыстың барлық жедел медициналық көмек бригадалары ІPAD планшеттермен қамтамасыз етілді. Диспетчерлер GPS жүйесі бойынша автокөліктердің қозғалысын қадағалайды, Қазір жөтел, дене қызуы, қан қысымына қатысты көп шақырту түседі. Сондай-ақ қазір жол апаты көп. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 10 минуттың ішінде жетуге тырысады. Былтыр пандемияның кезінде қызметкерлерге қосымша төлемақы берілді. Жүргізушілердің де жалақысы аз. Оны шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, — дейді бас дәрігер.

Жаңа жүйе — тиімді қызмет

Жедел жәрдем орталығында бір тәулікте 10 диспечер қызмет етеді. Мереке күндері одан да көп маман жұмысқа шығады.

Қазір күн суытып, жедел респираторлы аурулардың асқынуына байланысты (ЖРВИ) шақырылым күрт өсті. Аға дәрігер Ақжұма Мусина қазіргі таңда балалар ауруына қатысты шақыртулар өте көп екенін айтады.

— Алдымен жеке адамға қатысты ауру белгілері мен сипаты, науқастың хал-ахуалы жөнінде толық ақпарат алынады. Мәлімет бойынша нақты диагноз қойылып,  білікті мамандарға бағытталып, бригада жөнелтіледі. Автокөліктер түрлі жабдықтармен әрі қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтылған.

Жөтел, жұқпалы вирусты инфекция бойынша онлайн режимде де кеңес береміз. Жедел жәрдем қызметі жеткенше қадағалаймыз, — дейді Ақжұма Мусина.

2019 жылы жедел жәрдем қызметінен бірыңғай байланыс орталығы ашылды.  Қазір облыс аудандарының барлығынан осы орталық арқылы қоңыраулар қабылданады.

— Соңғы жылдары қашықтан қызмет көрсету жүйесі іске қосылды. Науқас немесе туысқаны қоңырау шалғанда біздің диспечерлер жедел жәрдем қызметі жеткенше телефон арқылы алғашқы көмекті онлайн түрде көрсете береді. Ол үшін диспетчерлік қызметке арнайы бір дәрігер бекітілді. Бүгінде осы жүйе іске қосылғалы 1 жарым жылдың ішінде 63 адамның өмірін сақтап қалдық, — дейді Марат Жанқұлов.

Қазір облыста 69 жедел жәрдем көлігі бар. Оның 14-і — реанимациялық «mercedes»автокөлігі. Сондай-ақ 16 «нива», 2 «нyundai» және газель көліктері бар. Реанимациялық көліктер электрокардиография аппараттарымен, басқа да медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Былтыр жаз айларында ауру өршіп, шақыртулар еселеп артты. Вирустың ауыр түрімен ауырып жатқандар көп болды. Біздің мамандарымыздың денсаулығына да едәуір қауіп төнді. Жұмыс барысында ауырып қалғандар да кездесті. Қандай жағдай болмасын, сол науқасқа көмек көрсетуге тиіпіз. Себебі  бұл — біздің жұмысымыз, міндетіміз. Қазір жағдай әлдеқайда жақсарды. Оған да қуанамыз. Қазір жедел жәрдем көліктері әлі де болса аздық етеді, — дейді аға дәрігер Айжан Аманжолова.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button