Тәуелсіздік — 30

Өңір тарихы туралы кітап жарық көрді

Достық үйінде Қазақстанның құрметті журналисі Идош Асқардың «Тарих пен тағылым Шалқары» кітабының тұсаукесері өткізілді. Бұл шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Аталған шараға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов, облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы, тарихи-өлкетану музейі мен С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкерлері, кітапсүйер қауым, жастар қатысты.
— «Тарих пен тағылым Шалқары» кітабы — Шалқар ауданының тарихы туралы еңбек. Бұл кітапты жазуға өлкетануға қатысты әдебиеттердің аздығы себеп болды. Олай дейтінім, облыстық кітапханалардан өз өлкемізге қатысты кітаптарды таба алмадым. Бүгінгі жас ұрпақ кітапты аз оқиды. Көркем әдебиет былай тұрсын, өзінің елі мен жерін танымай өсу ұрпақ үшін жақсы болмайды. Жердің, елдің тарихын танымаған ұрпақтың азаматтығы қалыптаспайды. Біз, ата ұрпақ, білгенімізді айтып, кейінгі ұрпаққа жазып кетуіміз керек. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, ғылым докторы, профессор Зиябек Қабылдинов өзінің бір мақаласында «Тарихымыздың бүгінге дейін 99 пайызы зерттелген жоқ» деген тұжырым жасайды. Сонда біз оқып келген тарих тек 1 пайызы ғана болса, қалған 99 пайызы қайда? Адам шошырлық дерек. Сондықтан біз қолымыздан келгенше өз тарихымызды түгендеуге тырысуымыз керек, — дейді Идош Асқар.
Шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов, облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы басшысы Нұрлыхан Хасенов, «Шекті Тілеу батыр Айтұлы» қоғамдық қорының төрағасы Қанатбай Елеусізов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали, ардагер журналист Жанғабыл Қабақбай, басқа да азаматтар сөз алып, автордың жаңа еңбегінің өлкетану бағытындағы құндылығына тоқталды.
— Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романында Есенейге 5 жасында нағашы жұрты кісе белбеуді табыстағаны, Есеней қартайған шағында өзі жолға шыға алмайтын болғасын Ұлпанның осы кісені Сырым Датұлының ұрпақтарына қайта табыстау үшін жолға шығатыны туралы оқиға бар. Сол бір кісе белбеудің себебімен Шалқар бойы бүкіл Арқадағы ағайынмен сағынысып көріскендей, көлдің жағасына көп үй тігіліп, бие байланып, той болады. Ұлпанға риза болған қалың жұрт кішкене Шалқар көлін бұдан былай «Ұлпан көлі» деп атауға пәтуаласады. Сонда Ұлпан: «Қайтып көрем бе, жоқ па, өзімнің көліме тағы бір түсіп қайтайықшы», — деп қайтарда көп әйелдермен барып, көлге шомылған деседі… Міне осындай қызықты деректер бар, — дейді Қанатбай Елеусізов.
Кітап әзірге мың данамен жарық көрген. Жауапты редакторы — облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.
Кітап мамандарға, өлкетанушыларға, студенттерге, туған өлке тарихына, табиғатына қызығушылық танытушы барлық оқырманға арналған. Кітапта Шалқар өңірінің тарихы мен аңыздары, киелі жерлері мен олардың көне атаулары, сонымен бірге Қазанғаптың күйлерінің шығу тарихы, өңірдің фольклоры, аңыздары, әдебиеті мен мәдениеті түгел қамтылған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button