Пікір

Елдікке бастайтын жол

Естай СИСЕНБАЕВ,
облыстық мәслихаттың «Nur Otan» фракциясының мүшесі.

Жеті — қазақ үшін қашанда киелі сан. Осы тұрғыдан қарағанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жас ұрпаққа үндеу ретінде жолдап отырған бағдарының мәні ерекше деп білемін. Бұл — елдіктің, ертеңгі күнді ойлаудың әңгімесі.
Тұңғыш Президент өз сөзін жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға арнап отыр.
Рас, бүгінгі жастарымыздың ойлам-толғамдары кешегі күнге қарағанда еркіндеу, оларға жол кеңінен ашылған деуге болады. Олар білімін жан-жақты көтере алады, қалаған мамандығын игеріп, кәсіптің небір түрімен шұғылдануына мүмкіндігі мол. Тынымсыз еңбек етіп өзінің жағдайын жақсарта алады.
Ал олар еліміздің ертеңіне алаңдай ма? Қазақ мемлекетінің өркендеп-өсуі, алдағы ғасырларға биік деңгейде жетуі оларды ойландыра ма?
Елбасының басты ұстанымының өзі де осыған саятын секілді.
«Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық» деп көрсетілген бірінші тармақта. Шынында да, отыз жылғы тәуелсіз кезеңіміз Қазақстанды бұрын-соңды болып көрмеген биікке көтерді. Шекарамыз белгіленіп, егемен ел екенімізді айналамызға таныта түстік. Көптеген елдер, ұлттар мен ұлыстар Қазақ елін мойындады. Бірақ, Тәуелсіздік тұғырын бекіте, нығайта түсуіміз үшін әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы керек. Ол — бүгінгі жастардың басты міндеті болып қалмақшы. Яғни, яғни әрбір жастың бойында да, ойында да біздің ең қастерлі құндылығымызды сақтау, қорғау парызы тұруға тиіс.
Бірлік пен келісімнің бағасын халқымыз әуелден-ақ терең ұғынған. Оны «Төртеу түгел болса — төбедегі келеді, алтау ала болса — ауыздағы кетеді» деген ғибрат әрбір жас буынның көкірегінде жүруге тиіс.
«Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы». Бұл да — бабадан келе жатқан аманат. Аталарымыздың ұлтарақтай жер үшін қасық қанын төгіп, жауға бермей, бізге жеткізгені жадымыздан шықпауға тиіс.
«Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі» екендігін де толығымен қолдаймыз. Отбасы — шағын мемлекет, салт-дәстүріміз — сол шаңырағымызды ұйытып, ұстап тұратын алтын тін емес пе?!
«Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі» деген тұжырым да санамыздың төрінен орын алуға тиіс.
«Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті». Бұл — енді бүгінгі заманның басты ұраны. Көптеген жастарымыздың шетел асып, білім қуып, ізденіп жүргені осы таоапқа сай келеді. Тек қана елге пайдалы еңбек болсын.
«Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі». Бұл да өмірдің өзінен алынған тәжірибе нәтижесі іспетті теңеу деп білеміз.
Жеті тұғырды жастарымыз ғана емес, әрбір ел азаматы ұстануы маңызды деп ойлаймын. Өйткені, елдігіміздің бекем болуы осы қағидаттарға тығыз байланысты екенін айқын көріп отырмыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button