Тәуелсіздік — 30

Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінде Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент» тақырыбында патриоттық іс-шара ұйымдастырылды.

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранымен ашылып,   кәсіби техникалық білім беру саласының ардагері М.Ғабдсаттарованың құттықтау сөзімен жалғасты.

—Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде егемен ел көптеген асуларды еңсерді, биіктерді бағындырды. Әлем мойындайтын елге айналды. Мұның барлығы тұтас халықтың және Тұңғыш Президентіміз — Елбасымыздың ерен еңбегі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Еліміз үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы. Бір сөзбен айтқанда, егемендігіміз —  елге құт, — деген ардагер ұстаз егемен еліміздің 30 жылда жеткен жетістіктерін тізбектеп, Тәуелсіздіктің мәні мен маңызына тоқталды.

Колледждің тарих пәні оқытушысы Б.Қаумешов ел Тәуелсіздігінің отыз жылдық тарихына қысқаша шолу жасап, жастарды әрқашан да Отанымыздың патриоты болуға шақырды. Колледждің жас өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, жас ақындар өз өлеңдерін оқып, құттықтау тілектерін білдірді.

Шара барысында тақырыпқа орай, арнайы тарихи деректер мен суреттер қойылған көрмені таныстырып өтті. Сондай-ақ жиналғандарға Ұлық мереке — ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар бір ай көлемінде болатыны, соңында белсенді оқушылар марапатталатындығы айтылды.

 Бақытгүл ӘБІЛПЕЙСОВА,

Ақтөбе көлік, коммуникация және

жаңа технология колледжінің

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button