Тәуелсіздік — 30

«Жалаңтөс баһадүр» тарихи драмасы сахналанады

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры Сая Қасымбектің «Жалаңтөс баһадүр» пьесасын ұсынғалы отыр. Премьера алдағы желтоқсан айында өтеді деп күтілуде.

Бұл — ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған туынды. Қоюшы режиссері — Алматы қаласынан арнайы келген Қа­зақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ах­манов.

— Жаңа маусымда, ел егемендігінің мерейлі жылына орай осы пьесаны сахналауды жөн көрдік. Өйткені Жалаңтөс баһадүр атындағы қордың өкілдері бізге хабарласып, тарихи тұлғаға арнап спектакль қойсақ деген өтінішін білдірген болатын. Барлық шығынды солар өз мойнына алғалы отыр. Қазіргі таңда сахналық костюмдер тігіліп, дайындық жұмыстары қызу жүргізілу үстінде.

Мұрат Ахманов — елімізге белгілі өнер адамы. Актер әрі режиссер. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында ұзақ жылдан бері еңбек етіп жүр. Ол сахналаған «Ана аманаты», «Желтоқсан желі», «Көтерілген күмбез», «Райымбек, Райымбек!», «Алтын адам» қойылымдары республикалық фестивальдерде бас жүлде алған, — дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының орынбасары Жандос Еспанбетов.

Бірер күнде Хромтау ауданына гастрольдік сапармен барғалы отырған қазақ труппасының аталған жаңа пьесасы Өнер орталығында көрермендерге ұсынылмақ.

Ғаламтордағы ашық дереккөздерге сүйенсек, Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656 жж.) — қазақ батыры, мемлекет қайраткері, қолбасшы. Самарқан қаласының әмірі. Әйтеке бидің ағасы. Жалаңтөс Бағдатта білім алып, соғыста жастайынан шеберлігімен көзге түскен. 17 жасында Әлімұлы руларының биі, 36 жасында Самарқанның әмірі атанды. 1640 жылы Қазақ елі мен Орта Азияға шабуыл жасаған жоңғар ханы Батурды жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісуға басып кірген жоңғарларға қарсы шайқасып жатқан Жәңгір ханға Самарқаннан 20 мың қолмен көмекке келіп, басқыншыларды талқандайды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button