Спорт

Көңілсіз қоштасу

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Каспий» — 1:5

Сонымен, биылғы чемпионаттың соңғы ойындары —26-турдың кездесулері30 қазан күні өтті. Ел күтпеген бірер ерекше есептермен ажарланған ақырғы тур әр командаға өзіне лайықты орнын көрсетіп берді.

Чемпион осы соңғы турда анықталды. Оралға келген қостанайлық футболшыларға бұл кездесуде тек жеңіс қана қажет еді. Олар сол жеңіске жетті де. Александр Москаленко бапкерлік ететін «Тобыл» командасы «Ақжайықтың» қақпасына екі таймда екі гол соғып, 11 жыл үзілістен соң қайтадан чемпион атанды. Ал «Ақжайық» турнир кестесінің орта шеніндегі орнында қала берді.

Күміс медальға «Астана» ие болды. Жалпы, елордалықтардың турнир соңына таманғы ахуалы күрт нашарлап кетті. Бұлардың бұрынғы басшылары қаржылық қитұрқылықтарға барғаны туралы әңгіме тарады, оған қоса осының алдындағы турда көрсеткен тәртіпсіз әрекеті үшін бас бапкер Андрей Тихоновтың біздің ел чемпионатынан екі жылға аластатылғаны жөнінде шешім қабылданды. Тағы бір қызығы, БАҚ хабарларында егер осы соңғы турда «Тобылды» ұтса «Ақжайық» командасына «Астана» 200 мың доллар, тең ойнаса 100 мың доллар беруге уәде еткені жөніндегі сыбыстар желдей есті. Ақыры не болды: «Тобыл» ұтылған жоқ, «Астананың» өзі де жеңіске жете алмады. «Астана Аренада» «Тұранмен» тең ойнауға мәжбүр болған елордалықтар күміс жүлдегер атанды. Ал Премьер-Лигаға биыл қосылған түркістандықтар келесі жылы да осы элиталық лигада ойнау мүмкіндігін сақтап қалды.

Чемпионаттың қола жүлдегері бұған дейін-ақ анықталып қойған болатын. Сол себепті олар үшін бұл кездесудің есебі ешқандай рөл атқармайтын. «Қайрат» сондықтан да сырт алаңда өткен бұл кездесуде үш ұпай олжалауға онша ынтықпады да. Өз қақпасына гол да жіберген жоқ, «Жетісудың» қақпашысын қапыда қалдырған да жоқ. Үшінші орын иесі ретінде ғана ойнап шықты. Ал бар-жоғы 16 ұпай жинаған «Жетісу» келер жылғы ойынын Бірінші лигада жалғастыруы тиіс.

Турнир кестесіндегі жағдай бойынша төртінші орын алатын команда да осы соңғы турда анықталуы тиіс еді. Төртінші орынға ие болған команданың әдетте келер жылы Еуропа кубоктарында ойнауға жолдама алу мүмкіндігі болатыны бар. Және бір қызығы, осы соңғы турда сол төртінші орын тиесілі болып тұрған екі команда шеберлік сынасты.Петропавл қаласында өткен қызу тайталаста «Қызылжар СК» командасына тек жеңіс қана қажет болды. Өйткені шымкенттіктердің бұлардан бір ұпайы артық болатын. Бақ шапты ма, бап шапты ма, әйтеуір,тең ойнап жатқан қызылжарлықтар 90+2 минутта соққан үшінші голдың арқасында «Ордабасы» командасына мықтап бармақ тістетті. Дегенмен қызылжарлықтар келер жылы Конференция Лигасында ойнауы үшін биыл қарағандылық «Шахтер» командасы Қазақстан кубогына ие болмауы керек.

Ал «Шахтер» өз алаңында өткен соңғы турда жеңіске жетті. «Атырауды» ұтып, үш ұпайға ие болған олар алғашқы жетілікті түйіндеді.

Өз алаңында ойнаған «Тараз» командасы «Қайсардан» ұтылды. Тараздықтар ұтқан күнде де ешқайда шырқап шыға алмайтыны белгілі болатын, ал биыл Премьер-Лигадағы соңғы ойынын сырт алаңда өткізген «Қайсар», әйтеуір, маусымның соңғы нүктесін жеңіспен қойғанына риза болған шығар.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Каспий» командасын қабылдады. Жеңілді. Жеңілгенде де, ойсырай жеңілді.

Дегенмен ойынның алғашқы бөлігінде жерлестеріміз жеңуге тиіс сияқты болып та көрінген. Сауатты ойнады. Ақтаулықтарды қыспаққа алумен болды. Ал қорғаныста жүрген, анда-санда қарымта шабуылға да шығып отырған қонақтар жиі тәртіп бұзумен болды. Мысалы, біздің Артурас Жулпа мен Виталий Балашовқа қарсы ережеден тыс қарсылықтар жасалды. Сондай тәртіпсіздіктері үшін үш ақтаулық футболшыға ескерту қағазы көрсетілді. Шамамен 34-минутқа дейін ойын осылай өрбіді. Ал одан әрі…

Одан әрі де қонақтар біздің команданы аса тықсырды деуге болмас. Дегенмен Жасұр Нарзиқұлов қорғаған қақпаға доптар бірінен соң бірі топырлап кіріп жатты. Солай демегенде не дейік, ойынның үштен екі бөлігінде, алғашқы 60 минутта қақпамызға төрт доп еніп кетті.

Айталық, бірінші голды 34-минутта Аслан Дарабаев соқты. Айып алаңына таяу жерден соққан айып добын ол сап түзеп тұрған ақтөбеліктердің үстінен асыра теуіп, жібек торды бүлк еткізді. Бұл әдіс, былай қарасаңыз, онша жаңалық та емес. Өткен турда біздің Виталий Балашов «Тұранның» қақпасына голды дәл осылай соққан. Бұл жерде қақпашының асқан қырағылығы керек еді.Сол қырағылық болмай қалды. Одан кейінгі екінші голға себеп болған — біздің қақпашымыздың допты алаңға дұрыс лақтырмауы (дұрыс теппеуі), дәлірек айтқанда, допты қарсыластардың аяғына салып беруі. Одан соң да голдар ешқандай қиындықсыз соғылып жатты. Тіпті төртінші голды Жасұр соққының бағытын көре тұра әлдебір ебедейсіздікпен жіберіп алды.

Тағы бір голды қақпаға Әділхан Таңжарықов жолатпады. Алаңның орта тұсында әуелей келген допты ол ыңғайсыздау қабылдады да, бұны бағып тұрған ақтаулық футболшы допты дереу іліп әкетті. Жандәрмен қимылдаған Әділхан ақтаулық футболшыны қуа түсе жұлқып құлатуға мәжбүр болды. Төреші, әрине, қызыл қағаз көрсетіп, біздің футболшыны алаңнан қуды.

Рас, қонақтардың қақпасына Максим Самородов 85-минутта бір гол соғып үлгерді. Бірақ жіті бажайлаған жанкүйер бұл ретте допты асып-сасқан қорғаушы қонақтардың бірі Максимнің аяғына өзі салып бергенін аңғарар еді.

Көп орын алмайтын оқиғаның бірі сол, 64-минутта біздің қақпашымыз ауыстырылды. Дегенмен, қанша тырысқанымен, Евгений Ситдиков та қақпаға және бір гол енгізіп алды.

Осылайша биылғы чемпионатта екінші рет ойсырай ұтылдық.

Ойыннан соңғы сұхбатында бас бапкеріміз Владимир Муханов «жігіттердің ынтасы мықты болды, барын салып ойнады, командаға қоятын ешқандай кінәм жоқ» деді. Осындай да ойындар болатындығын, оған қарсы ештеңе жасау мүмкін еместігін айтты. Былайша айтқанда, «апам да аң-таң, мен де аң-таңмын» дегенге келтірді. Солай да шығар. Өйткені бапкерлері бірнеше рет ауыстырылған команданы Владимир Муханов қабылдаған кезде «Ақтөбе» 10-14 орындардың аралығында жүр еді. Содан бергі 7 тур ішінде Владимир Муханов, обалына не керек, команданы ілгері сүйреп, міне, алтыншы орынға жеткізді. Бұны бір десек, екіншіден, қалай болғанда да, футбол білгірлері қазіргі «Ақтөбе» келесі жылы алғашқы орындардың бірінен көрінетінін көбірек болжап отыр.

Ал бұл кездесуде үміт пен сенімді ақтай алмағандары үшін бас бапкер де, команда капитаны Юрий Логвиненко да жанкүйерлерден кешірім сұрады.

«Ақтөбе»-«Каспий» — 1:5

Гол авторлары:Аслан Дарабаев, 34-минут (0:1), Ненад Гаврич, 45-минут (0:2), Рамазан Каримов, 50-минут (0:3), Шафик Тигруджа, 60-минут (0:4), Максим Самородов, 85-минут (1:4), Алексей Залеский, 87-минут (1:5).

Ескерту қағазын алғандар:Артурас Жулпа, 19-минут; Юрий Логвиненко, 27-минут; Максим Федин, 81-минут; Рустам Темірхан 90+1 минут («Ақтөбе») — Милош Станоевич, 15-минут; Аслан Дарабаев, 23-минут; Нұрлыбек Аязбаев, 27-минут («Каспий).

77-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Әділхан Таңжарықов («Ақтөбе») алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:Жасұр Нарзиқұлов (Евгений Ситдиков, 64-минут), Дмитрий Шомко, Артурас Жулпа, Юрий Логвиненко (капитан), Рустам Темірхан, Әділхан Таңжарықов, Рамазан Оразов (Еркебұлан Нұрғалиев, 76-минут), Олег Чернышов (Максим Федин, 58-минут), Дмитрий Коркишко (Максим Самородов, 58-минут), Эрвейн Мукам, Виталий Балашов (Дидар Жалмұқан, 76-минут).

Бас бапкер —  Владимир Муханов.

30 қазан 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 5700 адам.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 14 наурыз күні «Каспий» командасымен сырт алаңда тең ойнағанбыз — 1:1.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 4 (1);

Рифат Нурмугамет, жартылайқорғаушы — 3;

БоянДубайич, шабуылшы — 3;

Юрий Логвиненко, қорғаушы — 3;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Виталий Балашов, жартылай қорғаушы — 2;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Дмитрий Коркишко, шабуылшы — 1;

Темірлан Ерланов, қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі; ал 1 автогол иесі — Нұралы Әліп, «Қайрат»).

Жерлестеріміз 25 кездесу өткізіп, 9 рет жеңді, 6 рет тең түсті, 11 рет ұтылды. Ұпай саны — 33. Доп айырмашылығы — 35:40.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ақжайық»-«Тобыл» — 0:2

Гол авторлары: Игорь Сергеев, 26-минут (0:1), Асхат Тағыберген, 60-минут (0:2).

30 қазан 2021 жыл. Орал қаласы, Ақжайық» стадионы. 2000 адам.

«Тараз»-«Қайсар» — 1:2

Гол авторлары: ДуманНарзилдаев, 57-минут, пенальти (0:1), ЕлжасАлтынбеков, 60-минут (0:2), Тимур Досмағамбетов, 89-минут (1:2).

30 қазан 2021 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион. 2000 адам.

«Қызылжар СК»-«Ордабасы» — 3:2

Гол авторлары: Максим Драченко, 10-минут (1:0), Карлос Фонсека, 46-минут (2:0),Карам Султанов, 74-минут (2:1), Александр Симчевич, 90-минут (2:2), Пабло Подио, 90+2 минут (3:2).

30 қазан 2021 жыл. Петропавл қаласы, «Қарасай» стадионы. 2000 адам.

«Шахтер»-«Атырау» — 3:1

Гол авторлары: Петр Гжельчак, 16-минут (0:1), АйдосТәттібаев, 39-минут (1:1), Михаил Габышев, 64-минут (2:1), ИдрисУмаев, 78-минут (3:1).

30 қазан 2021 жыл. Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы. 1000 адам.

«Астана»-«Тұран» — 1:1

Гол авторлары: Макс Эбонг, 11-минут (1:0),ТаңатНөсербаев, 79-минут (1:1).

78-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Валерий Чупрека («Астана») алаңнан қуылды.

30 қазан 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена» стадионы. 2000 адам.

«Жетісу»-«Қайрат» — 0:0

30 қазан 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы. 2000 адам.

*   *   *

Турнирдің қорытынды кестесі:

  1. «Тобыл» (Қостанай) — 61 ұпай;
  2. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 57 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 51 ұпай;
  4. «Қызылжар СК» (Петропавл) — 39 ұпай;
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 38 ұпай;
  6. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 33 ұпай;
  7. «Шахтер» (Қарағанды) — 33 ұпай;
  8. «Каспий» (Ақтау) — 32 ұпай;
  9. «Ақжайық» (Орал) — 32 ұпай;
  10. «Тараз» (Тараз) — 29 ұпай;
  11. «Атырау» (Атырау) — 28 ұпай;
  12. «Тұран» (Түркістан) — 26 ұпай;
  13. «Қайсар» (Қызылорда) — 19 ұпай.
  14. «Жетісу» (Талдықорған) — 16 ұпай.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» командасынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз.

*   *   *

Биылғы чемпионатта 182 кездесу өткізіліп, 468 гол соғылды. Орта есеппен әр ойында өткізілген гол — 2,57.

 Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button