СпортТәуелсіздік — 30

Палуандар белдескен жарыс

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында «Wrestling stars» спорт кеші өтті. Олимпиада жүлдегерлері мен палуандар, сондай-ақ актерлар қатысқан мұндай турнир елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл — ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған шара.

Ерекшелігі сол, бозкілемге тек спортшылар ғана емес, әртүрлі салада еңбек етіп жүргендер де шықты. Бастысы олардың физикалық дайындығы бабында болса жеткілікті. Жобаның авторы, Ақтөбе облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасовтың айтуынша, сол арқылы көпшіліктің қызығушылығын арттырып, көрермен қауымды тарту көзделген.

— Сондай-ақ еркін және грек-рим күресі бойынша белдесуге қатысушылар бір-ақ рет шығады. Яғни жалғыз қарсыласпен ғана өнер көрсетеді.

Болашақта «Wrestling stars» спорт кешін республикалық, халықаралық деңгейде өткізу ойда бар, — дейді ол.

Сайысқа дейінгі баспасөз мәслихатында қатысушылар дайындықтары туралы айтып, ой-пікірін ортаға салды. Солардың бірі — белгілі актер, мәдениет саласының танымал өкілдері арасында ұйымдастырылған «Өнер барысы» додасының екі дүркін чемпионы Асылхан Төлепов: «Әрине, осындай жобаның туған жерімде  — Ақтөбеде қолға алынғаны қуантады.  Бұл да болса жас талаптардың спортқа, соның ішінде күреске деген ынта-ықыласын арттыратыны сөзсіз.  Бір  жағынан, осындай  жақсы себеппен келіп отырғаныма ризамын. Жекпе-жекке дайындығым жақсы, барлығы өзім танитын жігіттер», — деп лебізін білдірді.

Түс ауа турнирдің ресми бөлімінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсеметова, бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, т.б. сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

— Біздің халық әлімсақтан дүбірлі дода, күрес дегенде ішкен асын жерге қояды. Ел намысы үшін елеңдейтін жанкүйерлер балуандарға жалынды рух беріп, жеңіске жетелеп, қолдау көрсетуде аянып қалмаған. Соған сай, еліміздің тарихы ержүрек батырларымыз бен құрыш білек балуандарымыздың ерлігіне толы. Арғысы Алпамыс пен Қобыланды, бергісі Балуан Шолақ пен Қажымұқан сынды бабаларымызды үлгі тұтқан Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров сынды ағаларымыздың ізін жалғастырған Ермахан Ибраимов, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітов, басқа да батырлармыз отандық күрестің абыройын арттырып, даңқымызды көтерді. Олардың соңынан ерген жас буын өкілдердің бірқатарын біз бүгінгі додада көреміз. Осындай елдің намысын қорғаған ағалардың ізін жалғастырушы жігіттердің додасына қош келдіңіздер! — деді құттықтау сөзінде Оңдасын Сейілұлы.

Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаев, Беларусь елінің палуаны — Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Ибрагим Саидов, ҚР жаттықтырушысы Әсет Иманбаев, ҚР бірнеше дүркін жеңімпазы Бақдәулет Әлментай, Азия чемпионы Еркебұлан Боранғали, жекпе-жек шеберлері Сергей Морозов, Арман Әшім, Ильдар Құдайбергенов, Асу Алмабаев, Айтым Жакупов, Гойти Дазаев, Қуат Хамитов және актерлар Асылхан Төлепов пен киноактер Ғазрет Қажымұқанұлы, Жасұлан Әйтенов, т.б. бабы мен бағын сынаған жекпе-жектер тартысты өтті. Барлығы 30 палуан Халықаралық күрес ережесі бойынша белдесті.

Тарқатып айтсақ, бірінші боп бозкілемге шыққан Нұрислам Санаев пен Сергей Морозов арасындағы белдесу ә дегеннен тартысты басталды. 65 келі салмақта өнер көрсеткен жігіттер бір-бірінен қалыспады деуге болады. Дегенмен 26:24 есебімен Нұрислам қарсыласынан басым түсті.

Одан соң белдескен жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы Бағдат Жұбаныш еркін күрестен Азия чемпионы Еркебұлан Боранғалидан айласын асыра алмады.

Көрермендер Әліби Ідіріс пен Арман Әшімнің жекпе-жегін ерекше ықыласпен қабылдады. Өйткені екеуі де кәсіби спортшы. Еркін күрес стилінде күш сынасқан балуандардан Әлібидің айы оңынан туды.

Ал Мейрамбек Қартбаев пен Расул Қалиев арасындағы тартыста екіншісінің жолы болды.

74 келі салмақта Айтым Жакупов актер әрі КВН ойыншысы Дидар Исламның жауырынын жер иіскетсе, ережесіз жекпе-жек чемпионы Асу Алмабаев пен актер Асылхан Төлепов жұбында бірінші аталғанның жұлдызы жанды.

Сол сияқты ерекше әдіс-тәсілдерімен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген Ильдар Құдайбергенов Александр Гольцманға есе жіберсе, ақтөбелік Гойти Дазаевтың Айбек Закировқа жол беруіне тура келді.

Греплингтен халықаралық додалардың жеңімпазы Айдар Балданбаев ұлттық құрама мүшесі Қаһарман Қисметтен үстем болса, қос актер Ғазрет Қажымұқанұлы мен Жасұлан Әйтенов арасындағы бәсекеде жақсы дайындықпен келген ақтөбелік Ғазрет мықтылық танытты.

Ал 79 келі бойынша ортаға шыққан жекпе-жек шебері Қуат Хамитов жаттықтырушы Әсет Иманбаевтан жеңіліс тапты.

Жас палуандар Кемеңгер Әуезов пен Нұрлан Өтеген соңғы секундтарға дейін ерекше әдістер көрсетіп, елдің назарын аударды. Нағыз спорт бәсекесін көрсеткен екеудің арасынан шапшаң қимылдаған Нұрлан озып шықты.

125 келіде күш сынасқан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Бақдәулет Әлментай беларустық палуан — Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Ибрагим Саидовқа намысты қолдан бермеді. Алыптар айқасында айқын басымдықпен жерлесіміз жеңіске жетті.

«Жекпе-жек» спорт сарайына жиналған жұртшылық Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров пен АСА тұжырымының жеңімпазы Артем Резниковтың кездесуін ұзақ күтті. Екі мықты 86 келі салмақ дәрежесінде өзара сынға түсті. Үлкен спорттан кеткеніне 5 жыл болса да, Ақжүрек бабында екенін көрсетті: алғашқы минутта-ақ асқан шеберлікпен ұпай жинауға көшті. 4 минутқа созылған белдесуде Артем жарақатына байланысты жарыс жолынан шеттетілді. Осылайша жеңіс Ақжүректің пайдасына шешілді.

5 сағатқа созылған ерекше күрес бәсекесінің соңында жеңімпаздарға 500 мың теңге, ал жығылған балуандарға 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар табысталды. Яғни ешқайсысы бос қайтпады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 12 миллион теңге болды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button