Мәдениет

 «Сәйгүліктің»  жүлдесі

Байқау

Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумы аясында бард әнші Табылды Досымов атындағы «Сәйгүлік» республикалық байқауы өтті. 

ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған бір топ меймандар кештің құрметті қонағы болды. Ал байқауға төрелік ететін әділқазылардың ішінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова да бар.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген байқаудың мақсаты — бард ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау.

Байқауға Жезқазған, Талдықорған, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысынан 13 үміткер қатысты.

Достық үйінде өткен байқаудың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтауын жеткізді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақтың саз бен сөз өнерінің дамуына үлес қосқан ақын, сазгерлердің шығармашылығын насихаттап келеміз. Сондай біртуар жанның бірі — елімізге белгілі ерекше өнер иесі Табылды Досымов атындағы байқаудың өңірімізде өтіп жатқанына қуанып тұрмыз. Облысымызда бард ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған іс-шаралар тұрақты өтеді. Бұл байқау соның жалғасы, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Одан кейін белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі денсаулығының жайсыздығына қарамай арнайы келгенін, Табылды Досымовқа арналған шаралардың тек Атырау, Ақтөбеде ғана емес, елорда мен еліміздің барлық қалаларында өткізілуі керектігін айтты.

Табылды тірі кезінде-ақ өзінің тарихта қалатынын білді. Кең пішінді адам еді. Жүрегі де сондай кең болды. Табылдының бірінші ғұмыры қиындау өткен шығар. Ал екінші ғұмырында есімі өшпес әнге айналып отыр. Әр тұлғаны жоқтайтын бір адам керек, ал Табылдының жоқтаушысы — халық. Әні де, өзі де ескерткіш боп қалды, —деп тебіренді композитор.

Екі сағат бойы Табылдының өлеңдерімен сусындаған жұрттың ықыласы ерекше болды. Әсіресе жастардың қарасы көп. Табиғи дауыста айтылған «Сәйгүлік», «Жанарымның жарқылы»,«Күнікей қыз», «Дүние-ай», «Биіктік», тағы басқа әндерге көрермендер қосылып отырды.

Ақынның кешіне оның жары Қарылғаш Басарқызы мен ұлы Абыл-Аяш және көзі тірісінде араласып, сыйласқан өнер адамдары келіп, естеліктерін айтты.

«Тірлікті мынау, жаным-ау, мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам» деген ақынның өмірден өткеніне биыл 11 жыл.

Байқаудың өткізілуіне мұрындық болған ақынның іздеушісі, Табылды Досымов атындағы қордың төрағасы Бижан Қалмағанбетовтың айтуынша, оның 40-қа жуық әндері еліміздің барлық жерінде шырқалып жүр.

Байқаудың қорытындысы бойынша 1 миллион теңгелік Бас жүлдені маңғыстаулық Айгүл Құбаш еншіледі. 600 мың теңгелік 2-орын  қоңыр дауысымен тәнті еткен атыраулық Алтынбек Бақтыгереевке берілді.

2-орынды  Қызылордадан келген әкелі-балалы Асылбековтер отбасылық дуэті алды. Мұның сыйлығы — 400 мың теңге. Ал 3-орынды ақтөбелік «А-В» дуэті мен оралдық Айбек Кахов бөлісті. Бұлардың әрқайсысына 200 мың теңгеден берілді.

Байқаудың 150 мың теңге арнайы жүлдесін Сапарбай Алтыбай мен Қуан Жаңбырбай алды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button