Спорт

Жерлестеріміздің жетінші жеңісі

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 2:0

22-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдады.

Биыл Премьер-Лигамен қоштасу қаупі төніп тұрған «Жетісу», әрине, бұл ойында ұпай алып қалуға тырысатыны белгілі еді. Ал шаруасы түгел клубтарға қарағанда шегінетін жері қалмаған осындай командалармен кездесу қашанда оңай емес. Өйткені бұлардың жоғалтатын ештеңесі жоқ.

Бірақ кездесуде жанкүйерлер таңғаларлық оқиға бола қоймады. Оның бірінші себебі «Ақтөбенің» мығым ойыны десек, екінші себеп, көшін түзей алмай келе жатқан «Жетісу» расымен де бұл жолы да жарқырап көріне алмады.

Ал ойын барысына келсек, алғашқы минуттарда доп, негізінен, алаңның орта бөлігінде жүрді. Ақтөбеліктер қарсыластарының бұл ойынға әзірлеп әкелген әдіс-тәсілін байқап алғысы келді ме, әйтеуір, әуелі бірден дүрсе қоя берген жоқ. Сөйткен жерлестеріміз 5-минут шамасында төтенше шабуыл ұйымдастырғанымен, қонақтарға да сәл еркіншілік бергендей болды. Соны пайдаланған жетісулықтар 8-минутта біздің қақпаға қауіпті шабуыл жасады, дегенмен қақпаға бағытталған соққы тым әуелеп кетті.

Міне, осыдан соң ақтөбеліктер ойынға белсене кірісті. Нәтиже де көп күттірген жоқ.

17-минутта «Жетісу» қақпасының алды абыр-сабырға толып кетті. Тұтқиылдан төніп келген алаң иелерін толық бақылауға алуға қонақтардың шамасы келмей қалды. Дәл қақпаның алдында жүрген біздің Олег Чернышев допты өкшесімен теуіп, артында жүрген әріптестеріне тастаған болатын, оны жетісулық футболшылар одан әрі аулақтатпақ болды. Осы кезде Виталий Балашов асқан шеберлік көрсетті. Ол алдына кездейсоқ келе қалған допты оң аяғымен шапшаң қабылдап алды да, қарсыластарын алдау үшін жалған қимыл жасап, ентелеп келген қос қорғаушыны сүріндірді, сөйтті де сол аяғымен қақпаға қарата жойқын соққы жасады, бірнеше футболшының арасынан оқтай ұшып өткен доп жібек торды бүлк еткізді, қақпашы еш әрекет жасай алмай қалды — 1:0.

Бұдан соң жерлестеріміз еркін қимылдауға көшті. «Жетісудың» қақпасына қайта-қайта шүйілді. Жетісулықтар кәдімгідей сасқалақтай бастады. Олар тіпті өз айып алаңында ебедейсіз әрекеттер жасап, допты алаң иелерінің аяғына салып бере де жаздады. Сондай сәттердің бірінде, 24-минутта аяғына доп ілінген Виталий Балашов орта тұстан сытылып шығып, екі қорғаушыны алдап өтіп, қақпашымен бетпе-бет келе қалды. Әттең, соққы нысанаға дәл бағытталмады да, доп тым қиыс кетті.

Дегенмен Виталийдің бұл өкінішінің орны толды. 29-минутта Олег Чернышов қарсыластар қақпасының сол қанатынан сыртқа кетіп бара жатқан допты дәл сызықтың бойынан тоқтатып, кері тепті. Осы жерге қапталдаса жеткен жетісулық қос футболшы одан арғы әрекеттерге тосқауыл жасамақ болды. Бірақ доп тап сол жерге құлдырай жете қалған Эрвейн Мукамның алдына түсе қалды да, Эрвейн ойланбастан еңірете соққы жасады. Допты дарытпауға тырысқан жетісулық қақпашы Денис Кавлинов бәрібір тағы да қапы қалды —2:0.

Қосымша үш минут қосылған бірінші тайм осы есеппен аяқталды. Ал үш минут қосылуының себебі кездесу барысында ұсақ тәртіпбұзушылықтар көп болды да, алматылық бас төреші Рустам Омаровойынды қайта-қайта тоқтатуға мәжбүр болды. Расына келгенде де, шеберлік жоқ жерде аяқтан шалу, итеріп қалу секілді тәртіпсіздіктер орын алатыны белгілі. Бірінші таймда 15 рет тәртіп бұзылып, 3 ескерту қағазы көрсетілуі осының дәлелі.

Екінші таймды «Ақтөбе» тынымсыз шабуылдармен бастады.

Сондай сәттердің бірінде қонақтар қақпасының алдына бұрыштамадан тасталған допты жерлестеріміз дәл бағыттай алмай, қиыс жібергені бір өкініш болса, екінші өкініш — тағы бір гол соғу мүмкіншілігін пайдалана алмай қалғанымыз.

53-минутта шапшаң да шалт қимылдағанфутболшымыз Рамазан Оразов қорғаушыларды көктей өтіп, тура қақпа алдына жетіп келді, оның үстіне қақпашыға қарсы жеке дара шықты. Әттең, соққы дұрыс жасалмады, доп қақпаның үстінен асып түсті.

Бұдан соң да ақтөбеліктер бірнеше шабуылдар ұйымдастырды, бірақ гол соғарлықтай мүмкіндіктер бола қойған жоқ.

Алаңға екінші таймның орта шенінен бастап шыға бастаған футболшыларымыз Дмитрий Коркишко, Максим Федин, Дидар Жалмұқан да есепті үстемелеудің жолын таппады.

Әрине, жетісулық футболшылар да біздің қақпаға шүйілмей қалған жоқ. Дегенмен қақпашы Жасұр Нарзиқұлов сенімді қимылдай білді, оған қоса қорғушыларымыз да тізгінді босата қойған жоқ.

Сөйтіп, «Ақтөбе» жеңіске жетті, әттең, ірі есеппен ұтудың мүмкіндігі болғанымен де, реті келмеді.

Ал осы тұста ақтөбелік жанкүйерлерге арналған жылы лебіздердің бірін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Осы кездесуде қарсыластар қақпасына алғашқы добын енгізген, командамыздың құрамында небәрі үшінші кездесуін өткізген Виталий Балашов ойын соңынан болған қысқаша сұхбатында былай деді: «Ақтөбелік жанкүйерлер жайына бұрыннан қанықпын. Олар Қазақстандағы ең үздік жанкүйерлер екені де маған әбден мәлім. Ал стадион толы жанкүйерлер алдында ойнау сондай тамаша. Оларға алғысымыз зор».

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 2: 0

Гол авторлары:Виталий Балашов, 17-минут (1:0); Эрвейн Мукам, 29-минут (2:0).

Ескерту қағазын алғандар: Йоахим Адукор, 45-минут; Артурас Жулпа, 70-минут («Ақтөбе») — Темур Парцвания, 30-минут; Угочукву Одуэньи, 44-минут; Дамир Даутов, 77-минут («Жетісу»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы), Михал Йерабек, Артурас Жулпа, Темірлан Ерланов, Юрий Логвиненко (капитан), Йоахим Адукор (Юрий Перцух, 90-минут), Рамазан Оразов (Дмитрий Коркишко, 66-минут), Дмитрий Шомко, Олег Чернышов (Дінмұхаммед Кашкен, 90-минут), Эрвейн Мукам (Максим Федин, 79-минут), Виталий Балашов (Дидар Жалмұқан, 79-минут).

Бас бапкер — Владимир Муханов.

26 қыркүйек 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 4000 адам.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 9 мамырда Талдықорғанда «Жетісуды» 5:1 есебімен ұтқанбыз.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Боян Дубайич, шабуылшы — 3;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 3 (1);

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 2;

Юрий Логвиненко, қорғаушы — 2;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Дмитрий Коркишко, шабуылшы — 1;

Виталий Балашов, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 22 кездесу өткізіп, 7 рет жеңді, 6 рет тең түсті, 9 рет ұтылды.  Ұпай саны — 27. Доп айырмашылығы — 29:32.

*   *   *

Келесі 23-турда «Ақтөбе» сырт алаңда ойнайды. 2 қазан күні Қызылордада «Қайсар» командасымен кездеседі.

Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button