Рухани жаңғыру

Тағылымы мол саяхат  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»  жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы рухани бағдарды аудандық жастар ресурстық орталығы басшылыққа ала отырып, «Туған өлке табиғатына саяхат» атты танымдық экскурсиялар ұйымдастыруды қолға алды.

Осы мақсатпен бір топ жастар кесенесі Ақтоғай ауылдық округінде орын тепкен, заманында әділ сөйлеп, бұқара арасында би болған Ораз би Тәтеұлының зиратына барып, баба рухына Құран бағыштады.  Бұл шараға аудандық жастар ресурстық орталығының мамандарымен қатар, Ақтоғай, Бершүгір, Мөңке би ауылдық округінің белсенді жастары да қатысты. Ақтоғай ауылдық округінің әкімі Ерік Құрмаш пен ауыл кітапханашысы Гүлсім Сүйінбаева көрнекті тұлға, патшалық Ресей заманында Ырғыз уезінің Қабырға елді мекеніне болыс болып екі рет сайланған Ораз Тәтеұлының өмірбаянымен жастарды кеңірек таныстырды.

Ораз Тәтеұлы 1856 жылы Торғай облысы Ырғыз уезінде өмірге келген. Өз заманының қоғамдық атқарушы қызметін атқарған болмысы бөлек баба туралы қазақ тарихында бірқатар деректер жазылған.
Жастар Ораз баба кесенесі жанында оның өмір жолына қанығып, тарихи-танымдық әсер алып, бір-бірімен таныстықтарын ұлғайтты.
— «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «қасиетті жер», «қасиетті мекен» ұғымдары жастардың тарихты білуіне жол ашады. Киелі жерлерді тереңірек танып білудің түпкілікті мәні — туған жеріңді бағалау, әрбір қыраты мен шағылын, сайы мен құм бөктері қадірін терең ұғынуға жетелейтіні сөзсіз. Осы мәндегі экскурсиялық шараларымызды біздің орталық алда да жалғастыра береді. Келесі кезекте Мөңке би округіндегі Ақтан батыр бабамыздың кесенесіне барып, зиярат етпекшіміз. Осымен мақсаттас өзге де шараларымыз бар. Бастысы — жастарымыздың жүрегінен мәңгілік орын алатындай тәлімі мол жұмыстар жасай беру, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Қанат Төлешов.

Ақтоғай ауылында өткен шараның екінші бөлігінде туған өлке табиғатына саяхат ұйымдастырылып, далалықта жастардың қатысуымен спорттық шаралар өтті. Жеңімпаздар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button