БілімБасты жаңалықтар

IGEO-2021: Қазақстан тарихындағы алғашқы олимпиадалық алтынды ақтөбелік оқушы иеленді

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Рустам Валеев ел тарихында алғаш рет география пәнінен Халықаралық олимпиаданың алтын медалін иеленді. География пәнінен Халықаралық олимпиада 1996 жылдан бері Халықаралық географиялық одақтың жетекшілігімен өткізіліп келеді. Алғашқы зияткерлік жарыс Гаагада ұйымдастырылса, биыл Стамбұлда  қашықтан өткізілді.

Зияткерлік жарыс әлемнің 46 елінен келген 200 жас географтың басын қосты. Қатысушылар жазбаша әрі мультимедиалық тестілеуден және картографиялық бейнелеу тапсырмаларынан бақ сынасты, нәтижесінде Қазақстан Ұлттық құрама қомандасының атынан қатысқан ақтөбелік оқушы IGEO – 2021 жарысының жеңімпазы атанды.

— Бұл білім додасына Ресей, АҚШ, Қытай, Жапония, Аустралия, Африка секілді  50-ге жуық елден келген оқушылар қатысты. Байқау бастан-аяқ ағылшын тілінде ұйымдастырылды. География пәнін өзім қызығып оқитын болғандықтан, сұрақтар аса күрделі болды деп ойламаймын, бір-біріне ұқсас сұрақтар көп болды, тек соның ішінен дұрысын таңдай білу керек. Олимпиадаға үш айдай тыңғылықты дайындалдым, ал жалпы үш жылдан бері осы пәнге ден қойып, тереңдете ізденіп келемін. Мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан көрсетілген қолдау одан әрі сенімділікті ұялатты. Алған білімімді бүкіл әлемге көрсету мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын, — дейді ол.

Рустамның пікірінше, география  — барлық ғылымды байланыстыратын, нақты мәселелердің шешімін табуға көмектесетін сала.

— География пәні мектепте қызықсыз өткізіледі, дегенмен пәннің қызықты болуы шарт емес. Пән мұғалімі балаларға сабақты қызықты қылып өткізсе, оқушыларға нені, қалай, қайдан алып оқу керектігіне бағыт-бағдар берсе, қызығушылығын оята білсе, оларға география саласының кейбір әлемдік мәселелерді шешуге көмектесетінін ұқтырса, және оқушылардың болашақта мықты маман болып, сол проблемаларды шешуге өздерінің де үлес қоса алатына сендірсе, бала өзі-ақ ізденеді. Қазір әлемде ғаламдық жылыну, жердің, ауаның ластануы секілді проблемалар көп. Шетелде географияны осындай ғаламдық проблемаларды байланыстыра отырып оқытады. Мен де болашақта еліміздің мұнайға тәуелділіктен арылып, баламалы энергия көздерін пайдалану мәселелеріне қатысты өз үлесімді қосқым келеді, — дейді ол.

Рустам биыл мектеп бітіріп, білімін жоғары оқу орындарының бірінде шыңдамақ. Әзірге қай оқу орнына түсетіндігі белгісіз.

— Нақты шешімім алдағы бір аптада белгілі болады. Бірнеше мамандықты таңдап отырмын. География физикалық, экономикалық, гуманитарлық ғылымдардың барлығымен байланысты ғой. Дегенмен географияның геологиялық, метеорологиялық бағытына қызығамын, — дейді ол.

Рустамның бұған дейін де талай білім додаларында алған жүлделері баршылық.

Биыл маусым айында ол география пәні бойынша Еуропалық олимпиаданың (EGeO) күміс жүлдесін иеленді, сондай-ақ 2019 жылғы IESO Халықаралық олимпиадасының қола медаль иегері, республикалық пәндік олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы атанды. Бірнеше жылдан бері түрлі деңгейдегі жарыстардан тәжірибе жинаған зияткер география пәнінен NIS құрамасын даярлау бағытында жұмыс жүргізіп отырғандығын айтады:

—  Кез келген жеңістің артында үлкен еңбек пен үздіксіз дайындық болады. Жылдар бойы жиған білімім мен тәжірибемді қуана бөлісемін, себебі замандастарымның ғылымға қызығушылығын арттырып, елімізден білім саласының нағыз үздік оқушыларын даярлауда белсенділік танытқым келеді. Өзім жетекшілік ететін оқушылардың екеуі облыстық, халықаралық додалардан жеңіспен оралды, — дейді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button