Тарих

Қызыл империя «өлімге кескен» кітап

Өткен ғасырдың 80-жылдарының басы. Алматы. Күндегі жолынан жаңылмайтын трамвай ішіндегі ығы-жығы жолаушының арасында әкесімен бірге құйттай ғана бүлдіршін келе жататын. Трамвайға үйінің маңынан отырған соң он аялдама жүріп, мектебінен түседі. Осынша алысқа баратыны, тау етегіндегі мынау үлкен қалада, Қазақстанның астанасында (!) қазақ мектебінің жалғыз, тек біреу ғана болғандығынан еді.

Әкесі оны алыс та болса, сол қазақ тіліндегі мектепке берді. Онысы — артымда қалатын ұрпағым өзінің халқына адал, туған тіліне жетік азамат болса екен деген арманнан еді. Қазақтың санының өз жеріндегі үлесі 40 пайыздан аспайтын, тіпті оның жартысы қазақша білмейтін жағдайда да, ол өз ұлтының ертеңінен, қазақ болып сақталып қалып, басқалармен терезесі тең өмір сүреді деген үмітінен күдер үзбеді. Ал емпеңдей басқан құйттай ұл өзінің әр қадамымен әкенің сол үмітін, үлкен арманын алға жалғап келе жатқанын сезбейтін…

Баланың есімі Саябек, ал әкесі — қазақтың белгілі жазушысы, публицист, аудармашы Өтебай Қанахин еді.

Қазір кеңес өкіметінің қаламгерлерге тап жұмақтағыдай болмағанымен, соған жақын жағдай жасағаны туралы көп айтылады. Жазуға мүмкіндік бергені, жақсы қаламақы қойғаны рас. Бірақ жазушы партияның саясатына қарсы келмеуі, оның «қабағына» титтей де бір кірбің түсірмеуі керек еді. Бұл — қатаң талап. Әсіресе, қазаққа келгенде, бұл талап екі есе қаталдықпен, тырнақ астынан кір іздеу, біріне-бірін бақтырып қою секілді қитұрқы амалдармен іске асырылды. Сол қитұрқылықтан жазықсыз жапа шеккендердің бірі — Өтебай Қанахин еді. Оның мемлекеттік цензурадан өтіп, 1983 жылдың 18 қаңтарында өндіріске тапсырылып, күзде 20 мың данамен дап-дайын шығып тұрған «Қарт сарбаз хикаясы» кітабы жарық көрген соң, саясатқа қайшы, орыс халқына қарсы кітап ретінде  дереу арада жойылған. Бірде-бір данасы таралымға кетпеуі керек екен!..

Міне, кеңестік заманда жала жабылып, өртелген, оқырманға бұйырмаған осы кітап жақында Саябек Қанахиннің мұрындық болуымен және Мереке Құлкеновтің тікелей қолдауымен «Өлке» баспасынан жарыққа шықты. Бұл хабарды естігеннен кейін біз Саябекті іздестіргенбіз. Жазушының ұлы бүгінде елордада тұрады екен. Жеке кәсіппен айналысады. Онымен телефон арқылы сөйлестік:

«Қарт сарбаз хикаясы» кітабы 1983 жылы жарыққа шыға салысымен біржола жойылған. Мен онда небәрі 11 жастағы баламын. Көп нәрсені түсіне бермеймін. Бірақ әкемнің сол кезде қатты күйзелгені, жүрегінің ауырғаны есімде қалды. Әкем біраз уақыт әскери өмір көрген, тәртіпке берік, өзінің денсаулығын күтетін адам еді. Ертеңгілік үнемі жаттығу жасайтын. Ұзақ жасауы керек еді. Өмірден қанша қиындық көрсе де, ешқашан мойымай, еңсесін тік ұстап келген әкем осы оқиғадан кейін іштей мүжіле берсе керек, 1990 жылы 67 жасында өмірден өтті, — дейді Саябек.

«Қарт сарбаз хикаясы» — 1916 жылы бүкіл қазақ даласын шарпыған ұлт-азаттық көтеріліс жайын, қазақтың қасірет-мұңын баяндайтын шығарма. Жазушының өзі кейін, Горбачев бастамашы болған қайта құрудың кезінде Ұлыбританияның «Би-Би-Си» телеарнасына берген сұхбатында: «Менің бұл кітапты жазбауым мүмкін емес еді. Өйткені біздің әулеттен осы көтеріліске 19 адам қатысқан, оның 9-ы патша жазалаушыларының атқан оғы мен қылышынан қаза тапты. Олардың қабірі ауыл жақта қазір де бар. Өзім көтерілістен кейін тудым, оның ішінде болған жоқпын. Сондықтан бұл шығарманы архив құжаттарына, басылымдардағы деректерге сүйеніп жаздым. Барлық дереккөздер кітапта көрсетілді. Бұл — қазақ халқының патшаның отарлау саясатына қарсы соғысы туралы кітап», — дейді.

Коммунистік, яғни бастапқы большевиктік партияның өзі — патшаның саясатына қарсы бас көтеріп, оны құлатқан ұйым. Партия өзін халықты патшаның қанды шеңгелінен құтқарған күш ретінде дәріптегені белгілі. 16-жылдың көтерілісіне де кеңес билігі оң баға берді, Торғай даласындағы көтеріліс басшыларының бірі — Амангелді Иманов ұлт батыры ретінде кең түрде насихатталды. Ендеше, нақты, тарихи деректер арқылы жазылған «Қарт сарбаз хикаясына» қандай кінә тағылды?

2019 жылы «Жас Алаш» газетіне жазушы Мұхтар Мағауиннің Өтебай Қанахин туралы естелігі шықты. Мағауин «Қарт сарбаз хикаясы» туралы былай деп жазады: «…танымы мол, халық тағдырына қатысты қаншама толғамы бар туынды. Ал романның идеялық тұрғысы… бүгінгі коммунистік ұғым шеңберінен шықпаған. Қазақстанның, қырғыз бен өзбектің ресми тарихтары тұрғысында… Бір сөзбен айтқанда, идеялық қате, ұлтшылдық, орысқа қарсылық дегендей қиғаш ұғымдардың елесі де жоқ».

«Би-Би-Си» телеарнасына берген сұхбатында Өтебай Қанахиннің өзі: «Қайта құруға дейін біз тіпті патшаның саясатын, патшаның жазалаушы армиясын, патшаның генералын, патшаның жендеттерін сынасақ та, бұл орыс ұлтын, орыс халқын сынаумен тең саналатын еді. Сондықтан менің кітабыма тыйым салынды. Өйткені мұндағы жазалаушы армияның генералы, офицерлері, солдаттары орыс ұлтынан еді», — деді.

Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, кітап о баста мемлекеттік цензурадан өткен. «Жазушы» баспасынан 20 мың дана болып басылып шыққан. Нақ осы тұста аталмыш баспаның бас редакторы аттан салады: кітаптан көп идеялық қате табылыпты-мыс! Мағауинше айтқанда, бұл аттан жарым дүниені дүрліктіріп, ақыры баспаның директоры «кітаптың бүкіл тиражы жойылсын» деген қаулы шығарады. Жазушы Өтебай Қанахин аяқастынан ұлтшыл деген жалаға ілігеді. Оның үстіне, сол кездің тәртібі бойынша кітап баспаға қабылданған кезде, авторға қаламақының қомақты бөлігі төленіп қойылады екен. Ол пәлен мың сом қарызға айналып шыға келіпті. Осының бәрі жүйкеге аз жүк емес…

— Әкем адам қолымен жасалған қиянаттан, қысастықтан кетті, — дейді Саябек.

Өтебай Қанахин — тағдырлы жазушы. 1923-1990 жылдар аралығында ғұмыр кешкен қаламгердің тағдыры — туған халқының сол заманда басынан өткерген қилы тағдырының тұп-тура көшірмесі. Ол Ырғыз ауданының Жайсаңбай ауылында дүниеге келген. 1932-1933 жылдардағы ашаршылықта жетім қалып, балалар үйінде өскен. Одан соң педагогикалық курстан өтіп әрі Ақтөбе педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, туған жерінде мұғалім болып еңбек жолын бастады. Бірақ жас өмірі жақсы арнаға бұрылған бұл қуанышы ұзаққа бармады. Соғыс басталды. Жас Өтебай 1941 жылдың тамыз айында армияға шақырылып, Ақтөбеде құрылған 101-дербес атқыштар бригадасының сапына алынды.

Әкем Ақтөбеден соғысқа аттанғанда қасында өзімен бірге тағы үш жерлесінің болғанын әрдайым айтып отыратын. Әкемнің өзі, оқу-білімге келгенде, өте зерек, қабілетті болатын. Ал қасындағы достарын еске алғанда: «өте білімді, талантты жастар еді, әттең, соғыс жалмады», — деп өкінетін. Сталинград шайқасында снаряд жарылып, сол достарының бірі көз алдында екіге бөлініп түскен екен. «Сол күні шашыма ең алғаш ақ түсті», — дейтін. Майданда әкем Чехия жеріне дейін барып, одан соң Қиыр Шығысқа жіберілген. 1953 жылға дейін әскерде қызмет етті, — деді Саябек.

Қиыр Шығыста жүрген қазақ офицері өзінің «Ауыр күндерде» деген шығармасын поштамен Алматыға жолдайды. Ол Мұқан Иманжановтың қолына тиген екен. Одан әрі Сәбит Мұқановқа жетеді. Сөйтіп, Қазақстан Жазушылар одағы жоғарыға «қаламгерлік қызметке лайық» деген хат жолдап, қазақтың талантты бір перзентін шетте қалдырмай, Алматыға алдырады.

Бастапқыда баспасөз саласында еңбек еткен Өтебай Қанахин кейін қызмет бабымен өсіп, 1966-1969 жылдар аралығында Қазақстан компартиясы орталық комитетінің сектор меңгерушісі болды. Осы тұста тағдыры тағы күрт өзгерді…

18 жасынан бастап 30-ға келгенше шетте жүрген жазушының бастапқы жары орыс қызы еді. Одан үш перзент сүйген. Енді осы балаларды қазақ қызына үйлендірсем, сөйтіп, немерелеріме қазақы тәрбие берсем деп армандады. Басты арман — артындағы ұрпағының өз ұлтына жат, дүбара болып кетпеуі еді. Бірақ үлкен ұлы әкесінен жасырып, анасының ғана рұқсатымен орыс қызына үйленіп, онысын балалы болған кезде ғана бір-ақ естірткен…

Осы оқиғадан соң Өтебай Қанахин бастапқы жарымен ажырасады да, кейін Сағира атты қазақ қызына үйленіп, отбасында Саябек, Құралай есімді сәбилер дүниеге келеді.

…Аралас неке қызыл империяның ұлтты жою саясаты үшін өте тиімді еді. Аралас некеден бас тартып, өз ұлтының қызына үйленген жазушыға партия енді жылы қабақ танытпады. Өтебай аға осыдан кейін орталық комитеттегі қызметінен алынып, қайтадан баспасөз саласына оралды.

Дегенмен отбасындағы бақыты оған күш берді, шығармашылығын жалғастыра берді.

Саябек айтады:

— Бір жолы Қабдеш аға, жазушы Қабдеш Жұмаділов маған: «Сен туғанда әкең: «Міне, осы ұлым нағыз қазақ болады» деп қуанып еді», — деді. Әкем бізді қазақша оқытты, ал жазда Ырғызға, анамның туып-өскен өлкесі — Қазалыға жіберетін. Мен өзім де кейін балаларымды қазақ мектебіне бердім.

Әкесінің «Қарт сарбаз хикаясы» кітабының тағдыры туралы ол Мұхтар Мағауиннен егжей-тегжейлі білген екен.

Әкем қайтыс болғанда мен 18 жастағы жеткіншекпін. Арада 4-5 жылдай уақыт өткен соң, бірде Мұхтар ағаның үйіне бардым. Баласы Төлегенді іздеп барғанмын. Мұхтар аға мені көріп, «Екеуміз бір шай ішіп жіберейік» — деді. Шай үстінде әкемнің «Қарт сарбаз хикаясы» кітабы, оның бір данасын өзінде сақтап қалғаны туралы айтты. «Сенің әкең өте ұлтжанды еді, мен қазақты тап солай сүйетін басқа адамды көрген жоқпын» деді. Ол кезде әлі жаспын ғой. Осы сөздерді есте сақтап қалғаныммен, кітапты қайта шығару керектігіне мән бермедім, — деді Саябек.

Кейін еңбекке араласып, арада жылдар өткен соң, әкесінің жарыққа шығара алмай кеткен кітабын ойлап, мән-жайды анығырақ білу үшін Мұхтар Мағауинді арнайылап Прагаға іздеп барады. Бірақ кездесе алмайды. Бұл 2010 жыл екен. Барлық жағдайға Мағауиннің 2019 жылы «Жас Алаш» газетіне шыққан мақаласы арқылы қанығады. Осыдан соң романды қайта жарыққа шығаруға кірісті.

Роман биыл «Өлке» баспасынан шықты. Жарыққа шығуына Мереке Құлкенов қолдау көрсетті. Ол кісіні әкем іні тұтып, жақсы көретін еді, — деді Саябек.

Кітап 2 мың дана таралыммен шығып отыр. Туған халқының Ресей империясынан көрген зәбірін жазғаны үшін қызыл империяның зәбіріне ұшыраған жазушының шығармасы, осылайша, алғаш рет кітап болып басылып, қалың оқырманға жол тартты. Бұл — жазушы отбасының ғана емес, барша халықтың қуанышы болуға лайық жаңалық.

Әрине, «заман өзгеріп, түбі басылып шығады» деген үмітпен, кітаптың бір данасын жасырын сақтап қалған Мұхтар Мағауинге айтылар алғыс ерекше болуы керек. Сөзімізді де Мағауиннің пікірімен аяқтағымыз келеді: «Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» романы сол беті жойылып кетпеуге тиіс еді. Қатардағы жай роман емес, қасіретті 1916 — қарусыз Алаш жұртының ұлт-азаттық көтерілісінің қазақ әдебиетіндегі ең толымды, ең мәнді сыпат тапқан үздік көрінісі. Тар заманда жазылуы, керек десеңіз, өз кезінде түрмеге жабылып, өлімге кесілуі бұл кітаптың құнын арттыра түссе керек. Кейін еркіндік дәуірде осы тақырыпта қандай және қанша шығарма туса да, Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» андағайлап, оқшау тұрмақ»…

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button