Әлеумет

Ұмтылыс ұғымы немесе Ойылда туған ойлар

Биыл еліміздің тәуелсіздік дәуірін бастағанына жиырма жыл толады. Сол   жиырма жылдың басында, тұйыққа тірелген жоспарлы экономиканы жаңа жағдайға бейімдеу жұмыстарының қаншалықты күрделі болғандығы баршамыздың көз алдымызда. Жалпақ дүниенің дамуының бәсекеге негізделген дамылсыз көшінде дербес мемлекеттілігі қалыптасып көрмеген жұртымыздың  тез арада тұтастыққа,  іштей  ынтымаққа біріккен қуатты елге   айналатынына күмән,  әрине, аз болған жоқ. Тарихи тағдыр тарихи тұлғаны тудырады деген осы – Елбасы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  таңдаған саясаты мен  сарқылмас күш жігерінің арқасында әлгі күрделі кезеңнің күрмеуі тез шешіліп, бүгінде еліміз әлемге  саясатта, экономикада ықпалдаса өмір сүрудің тиімді тәсілдерін  ұсынуымен зор беделге ие болған  айтулы мемлекетке айналды. Ішкі жағдайға сәйкестендіріліп тиімді жүргізілген сыртқы қызметтер елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайын барған сайын жақсартуға игі әсерін тигізіп, даму мен өркендеудің қарқынды қадамдарынан көрініс табуда. Мұны, жалпы елді айтпағанда, сол еліміз дамуының қуатты локомотиві деп танылған  облысымызда  өркен жайған  ұлан-ғайыр істерден  анық көруге болады. Ал облыстың жалпы көрсеткіштері ортақ жетістіктерге құйылған жалқы игіліктерден тұрады десек, мен оны бір ғана Ойыл ауданы мысалынан алар едім.

Ауданның бір ерекшелігі облыс орталығынан тек шалғайлығы ғана емес, алыс аудандар аз емес, мәселе – оның өзгелердей  не темір жол, не жалғасқан ұзын жолдар бойында  болмай, түкпірде орналасуында. Оның бір шегі  Атыраудың даласына тартса, екінші жағы Батыс Қазақстанға көлбейді. Малдан өзге жарытулы шаруасы жоқ, ол да кешегі ыдырау мен жекешелендірудің аласапыранында енді оңалуы қиын жағдайға душар болған. Мен осы ауданға осыдан он-он бес  жыл бұрын бір іссапармен  шығып, балшық, батпақ жолмен күн-түн жүрумен зорға жеткенім есімде еді. Содан кейін, жуықта ғана, осындағы «Нұр Отан» партиясы филиалының есеп беру, сайлау жиналысына қатысу себебімен екінші рет барудың сәті түскен. Бұрын Қобда мекенінен шыға бере сары уайымға түсіретін баяғы кедір-бұдыр, жаңбыр, қар суымен былығып жататын ұзақ жол бұл күнде Ойыл ауданының орталығына дейін жаныңды жай таптырып жеткізетін ұзын асфальт  жолға айналған. Аудан тұрғындары мұны «Елеусіннің жолы» дейді екен. Облыс басшысына әбден ризалықтан осылай  атағаны ғой деймін, биыл аудан болып құрылғанына 90 жыл толатын тарихи тамаша өңірдің, кем дегенде бұған дейінгі үш ұрпағы әлгідей азапты жолдың тауқыметін тартып, мына игілікті көрмей арманда кетті. Арманға жету үшін елдің егемендігі, егемендікті келістіретін Елбасы, Елбасының Елеусін Наурызбайұлы сияқты қайратты өкілдері керек екені тек осының өзінен де анық аңғарылғандай.

Президентіміздің «Бірінші экономика, сосын саясат» деген қағидатының дұрыстығын облыс жетекшісінің осындай шаруаларын  көргенде мойындауға тура келеді. Территориясы үлкен біздің елге ауылдық жерлердің экономикасын көтеруде жергілікті жолдардың жағдайының маңызы зор. Жергілікті кәсіпкерлер осы жолдың экономикалық-транспорттық мүмкіндіктерін оңтайлы пайдаланып, ауылшаруашылық өнімдерін қала нарығына жеткізуді жолға қоюлары керек.  Әрине, облыс жетекшісі арқылы өңірде атқарылған игі істер көп те, көлемді де, ол тек жол ғана емес және жалғыз Ойылда емес.  Газ, су, жол барып, әлеуметтік нысандар іске қосылып жатқан мекендер жеткілікті. Сонда да осы Ойылдың қазіргі тыныс-тіршілігі сол өзге өңірлердегі жаппай өркендеудің сәйкесті мысалы болғандай.

Өзім дәрігер болғандықтан, сол медицинаның ыстық-суығын көріп жүргендіктен алдымен сол саланың деңгейіне назар аудардым. Мұнда денсаулық ісіне тұрақты түрде көңіл бөлу 2006 жылдан бастау алған екен. Осы жылы Қарасу, Қаратал, Ақкемер, Құмжарған, Аманкелді, Ақжар, Ақшатау елді мекендерінде ірілі-ұсақты мекемелер іске қосылған, не күрделі жөндеуден өткен. Ондаған миллион теңгелік осы құрылыстар 2007 жылы жалпы құны 366.7 млн.теңгелік аудандық орталық аурухана құрылысын бастаумен жалғасып еді. Ол 2009 жылы сәтімен іске қосылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Аурухана соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған. Телемедицина қызметі жұмыс жасап тұр. Ол жүйе арқылы сонау шалғай ауданда тұрып-ақ  қаладағы жоғары санатты дәрігерлерден кеңес алуға мүмкіндік жасалған. Оттегі концентраторлары жұмыс жасап тұр. Бұл аппарат ауадан оттегін айырып, науқасқа тікелей бере алады. Қан сақтауға арналған арнайы мұздатқышта төтенше жағдайларға арналған қан сақтаулы. Дәрігерлермен кездесіп БҰДСЖ (Бірыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі)  туралы ой бөлістік. Жұмыс жағдайларының жақсарғаны көрініп тұр. Дегенмен, ауданда кадр мәселесі күн тәртібіне шыққан. Дәрігерлердің санатын көтеруде де проблемалар бар. Осы орайда ауылдық жерлерде кадрларды ұстаудың экономикалық  механизмдерін жасау кезек күттірмейтін жайт екенін айта кету керек. Бұл жерде бәрі керемет деген ойдан аулақпын. Құрылыс жұмыстарында түзеуге болатын  ақаулар бар екені көрінеді. Соған жауапты мамандар барлығын облыс басшысына жүктеп қоймай, өз деңгейлерінде міндеттерін атқаруы тиіс. Осы кезеңде, сонымен бірге, Берсиев округтік дәрігерлік амбулаториясы мен медициналық пункті  құрылысына, туберкулез сырқатына қарсы аудандық бөлімшені, Қаракемер медициналық пунктін жөндеуге бөлінген қаржы толық игерілген.  Бұл 19 мың шамасында тұрғыны бар шағын өңір үшін, әрине, үлкен жетістік.

«Нұр Отан» партиясының жетекшісі, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауындағы  2020 жылға дейінгі бағдарламада партия мүшелеріне жүктеген міндеттер, әрине, маған дәрігерлік кәсібіммен шектелуге мүмкіндік бермейді. Ауданның өзге де салаларына назар аударғанда коммуналдық тұрғын үйлер құрылысы, ауыз су құбырларын жаңарту, мектептерді жөндеу секілді жұмыстардың да мұнда ұдайы күн тәртібіндегі мәселелер екендігі көрініп тұр.  Ауданда мәдениет, ағарту істеріне де ерекше назар аударылғандығы байқалады. Аудандық мәдениет үйі, Көптоғай селосындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, «Шұғыла» кинотеатры жастар орталығына бейімделді. Мен Берсиев ауылдық округіндегі кітапхананы да, осындағы балабақшаны да сәйкесті мекемелерге үлгі дер едім. Балабақша дегеннен шығады, Елбасының өткен жылғы жолдауында «Балапан» бағдарламасы айтылғаны белгілі. Соңғы 6 жылда облыста жаңадан 150 балабақша, мектептер жанынан 250 шағын орталық ашылып, бүгінде балалардың 85 пайызы қамтылған. Бұл – республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Өткен жылдың соңына таман пайдалануға берілген осындай мекеме  «Әсем» деп аталады, ол Ойыл ауданының алыс мекендерінің бірі –  Сарбие ауылында. Ойылдықтар үстіміздегі жылы аудандағы барлық бүлдіршіндер балабақшамен қамтылады деген сеніммен отыр.  Осы «Әсемге» ойылдықтардың ризалығы сондай, бұл секілді көрнекі ғимарат басқа жерде болмаған деп есептейді.

Ойылдықтарды ғана емес,  жалпы көргендерді шексіз риза ететін тағы бір нысан –  өткен жылы пайдалануға берілген аудандық спорт мектебі кешені. Құрылыс мамандары мұны ауылдық жерде теңдесі жоқ деп бағалайды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасының бастығы Бердияр Пірімбетовтің баяндауынша, кешен америкалық үлгіге бейімделген. Оның аспалы жүгіру жолы нақ сол елдің тәжірибесі. Бұл секілді жүгіру жолы, әзірге, елдің өзге кешендерінде жоқ. Оның аумағы 2300 шаршы метрді құрайды.  Ойын залының ені мен ұзындығы бірдей, биіктігі 9 метр. Кешенге 4 млн. теңгеге соңғы үлгідегі спорттық құрал-жабдықтар алынған. Залда минифутбол, баскетбол, волейбол алаңдары, стол теннисі орналасқан. Ауданда спорттың еркін күрес, волейбол, гір көтеру, тоғызқұмалақ, дзю-до, қазақша күрес түрлері дамыған. Өңірде қазірдің өзінде танымал спортшылар көріне бастады. Солардың бірі – Ойыл аграрлық колледжінің оқушысы Ардақ Жасақова өткен жылы белбеу күресінен республика чемпионы атанды. Ардақ сол өткен жылдың соңында Қырғызстанда жеті мемлекет спортшыларының қатысуымен өткен халықаралық жарыста да жеңімпаз болды. Төрт арнаулы мамандық және әртүрлі курстар бойынша оқытатын колледж өзінің саласы бойынша республикадағы таңдаулылардың қатарынан саналады. Мұндай жасалған жағдайға жалғыз Ардақ аздық етеді. Облыс әкімінің осы қамқорлығы аудан мен облыс спорт саласының басшыларына Қазақстан деңгейіндегі спортшылар даярлауда үлкен міндет жүктейді.

Өңірлік тарихында бағзы жәрмеңке тұсында жұлдызы жанған сол байырғы Көкжар базары тарқаумен бір сөніп, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында қойнауы қайтадан малға толып, жұртына ризық кіріп, тағы бір көтерілгенде бұрынғы жүйенің ыдырауымен қайта шашылып, қалпына келместей күйге түскен болатын. Енді, міне, егемендіктің арқасында кеткенін келтіріп, кемісін толтырып дегендей, облыстағы оң істердің бағытымен ілгерілеудің жолына түскен. Мұнда Жол картасы, «Жасыл ел» бағдарламасымен байланысты жұмыстар нәтижелі жүргізілуде. Ендігі аудан басшыларының міндеті аудан орталығының келбетін Ойылға баратын жол деңгейіне көтеру. Ауданда Ойылдың жеріне бейімделген қарағайлы орман бар, соны көшелерге отырғызып, селоны абаттандыру  көп қаржыны қажет етпейтін, түсіндіру мен ұйымдастыру арқылы шешілетін  шаруа.   Атқарылған көлемді істерге қарап, ойылдықтардың қандай ірі міндеттерді де абыроймен атқаратындығына күмән келтіре алмайсың. Оған себеп – еңбекқор жұрты бар, қарқын алған істері көп, айқын жолы, бағыт-бағдары бар.

Аудан басшыларының халықпен ынтымақта жұмыс жасап жатқандығы конференцияға қатысушылардың көңіл күйінен аңғарылады. Ақсақалдар Астананы көргісі келетіндерін айтса, жастар өз проблемаларын алға тартты.  Елде тыныштық болса, ол жұмыстар да шешілетініне сенімді екенімді айтқым келеді.

Жоғарыда айтылғанның бәрі  Елбасы мен жергілікті басшымыздың ауылға деген ықыласы, елімізде қалыптасқан тыныштық пен тұрақтылықтың жемісі екені сөзсіз. Біз секілді кеше еркіндік алған халықтың басты құндылығы – егемендік. Ол тыныштық, тұрақтылық және даму арқылы бекемделе түсетіні және анық. Осы формулаға әр қазақстандық азамат өз үлесін қосса, болашағымыздың жарқын болары ақиқат.  Аудан жұртшылығы жасалып жатқан жақсылықтарға разылықпен, тыныштық пен тұрақтылықтың ел дамуының алғышарттары екеніне сеніммен қарайтынын сезіндік. Олар елімізде болып жатқан саяси шараны бірауыздан қолдауда. Мұны біз Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатының ел тілегімен тұтастығы деп ұғындық.

Қайырбек Тоқтаров,

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы

саяси кеңесінің мүшесі,

облыстық мәслихаттың депутаты,

облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button