Әлеумет

Көп қабатты үйдің ауласын баққа айналдырған зейнеткер

Ақтөбедегі Тұрғындар қалашығындағы көп қабатты үйлердің бірі жасыл желекке оранған. Анығы, бұл үйдің ауласында қайың, каштан, сакура, шетен, үйеңкі, катальпа, папаротник секілді 150-ден астам ағаш өсіп тұр.

Ленинград көшесі, 55 және 55/1 үйлердің ауласына 150 ағаш пен сан алуан гүлдерді зейнеткер Лидия Танкаева егіпті. Ауладағы жеміс-жидек ағаштарынан көз сүрінеді: шетен, қаражидек, шие, өрік, долана, бозқараған, қызыл ағаш, қайың, қарағай және тағы басқалар.

— Бұл үйлер 2012-2014 жылдары салынған. Мен бұл жерге 2014 жылы көшіп келдім. Содан бері жыл сайын ағаш егіп келемін. Көшеттер мен тұқымды базардан сатып аламын. Еккенде төзімді болу үшін кейбір екпе көшеттерді арнайы питомниктерден де алып жүрдім. Мен әуесқой бағбанмын, негізі — тамақтану саласының маманымын. Мәскеуден жоғары оқу орнын бітіріп келіп, 1970 жылы ашылған Ақтөбедегі кондитер фабрикасында көп жыл еңбек еттім. Кеңес Одағы біздерді, менің замандастарымды бар игілікті Жер-анадан аласыңдар деп үйретті. Сондықтан да біздің буын жердің қадірін біледі, ал қазіргі жастар бау-бақшадан едәуір алыстап кетті. Бар қызықты интернеттен іздейді, — дейді зейнеткер Лидия Танкаева.

Әр көктемде бұл аулада жапон сакурасы гүлдейді. Сондай-ақ кейбір елдерде «бақыт ағашы» есептелетін, Түркия елінде көп кездесетін катальпа өсімдігі де бұл ауланың сәніне айналған. Оның жапырақтары жүрекке, ал ақ гүлдері алыстан ақ ұлпаға ұқсайды.  Періште гүл (пион) мен шәңкіш (калина) те гүлдесе, ауланың көркі әрі адамның көңілін көтереді.

— Катальпа Түркияда жиі өседі. Ол жақтағы ауа райы қолайлы. Бірақ оған Ақтөбеге бейімделуге тура келді. Әрине, әуелгі кезде «ауырды», биыл ғана гүлдеді. Өсімдіктерді  суаратын да, күтіп-баптайтын да, құнарлы тыңайтқыштармен қоректендіретін де — өзім. Міндетті түрде дәрумендер сатып аламын. Ықылас болса, Ақтөбе жеріне де бәрін еге беруге болады. Ең бастысы — дұрыс күтім. Егер өсімдік әлсіреп, «ауырып» қалса, оған көңіл бөліп, емдеу қажет, — дейді Лидия.

Әуесқой бағбан жасыл бақты күтіп-баптау кезінде өзіне осы үйдің күзетшілері Сергей мен Бақытгерейдің көмектесіп тұратынын, сондай-ақ бұл үйде гүлді жұлмайтын, бұтақты сындырмайтын тәртіпті балалар тұратынын әңгімеледі.

— Жеміс-жидектерді жинағанда балалар да көмектеседі. Бұл олардың өз ауласы екенін сезінуге көмектеседі. Сонда ғана ағашты сындырмай, керісінше, оны күтіп-баптасаң, жеміс беретінін түсінеді. Қазірдің өзінде өріктер тек ағаштың басында ғана қалыпты. Ал шетендер енді пісе бастайды, — дейді зейнеткер.

Аула бағын суаратын суға бөлек есептеу құралы қойылған. Ай сайынғы төлемақыны тұрғындар ауызбіршілікпен жинап береді де, Лидия Танкаева төлеп отырады. Ол үшін «Ақбұлақ» кәсіпорнымен арнайы келісімшарт жасалған.

Жасы жетпістен асқан әуесқой бағбанның игілікті ісі — көпке үлгі.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button