Әдебиет

Ауыл қалды

Гүлжайнар Қалдина

Қарлығашы даланың,

Тілерсегін құм сүйген.

Қалаға кетіп барамын,

Көңілсіздеу бір күймен.

 

Жыр төгіліп жүректен,

«Жансам» деген  жан дауыл…

Құмнан тірлік түлеткен,

Қарашықта қалды ауыл.

 

Қиялыма жаңадан

Құятындай қала нұр.

Сағындырып оралам,

Сары құмдар…

Сары адыр.

 

Арманымды қолдайсың,

Кетіп барам, алаң қып.

Неге ауылда болмайсың,

Мен іздеген мамандық?

 

Мені іздеген адамдар,

Сары құмның ішінде.

Батасымен маған нәр,

Береді ылғи түсімде.

 

Ести қалса, мен жайлы.

Елең етіп, мақтайтын.

Алдыменен  сен жайлы

Мен жырлайын, Аққайтым!

Мен айтайын, Аққайтым!

 

***
Сап-сары жапырақ алдымда…
Ой – алтын.
Шомылып жан мұңға.
Адамдар аралын бетке алып,
Тағы да, Күз, келіп қалдың ба?

Жаралы жанымның жамалы
кезеді…қаланы… даланы.
Кестесін бітіре алмаған,
Жаз-ару күрсініп барады.

Мендегі мың қиял — Маң дала,
байланған тауға да, талға да…
«Сары күз — сағыныш» дейді жұрт,
сен мені алдама!

Ізгілік қалдырып әр ізден,
Тау жаққа кетсем бе Тамызбен?!
Селт етпес қарға да, желге де,
Тау — ізгі ең…
қиялда-а-ап… қаламын әр Күзбен.

Күз, тағы келдіңіз,
жүріңіз!
Сескенер түк те жоқ: біліңіз!
Ақындар сырлассын, мұңдассын,
сонда да күлімдеп кіріңіз!

 

*   *   *

 

Күннен келді керуен. Желіп жүріп,

малындырып бояуға түзді. Мені.

Есті-ессіз тірлікті еліктіріп,

жанарында ғаламның Күз күледі.

 

Күз келсе, сыз келеді — бас ауыртып,

Қаланың уақыты жоқ сәнденуге.

Қайғысын қара жердің қоса жұтып,

жапырақтар барады жан беруге.

 

Жамалынан тоналған Жаз ба? Күз бе?

Менің жаным аяудан жылынады.

Бақтан емес.

Бойымнан  жылу іздеп

Жүрегіме гүлдер кеп тығылады.

 

Қаланың қаны суық.

Жаттай мүлдем,

Сары күз бен Қара қыз — от өлең — Біз!

Жылуын жарты әлемнің сақтаймын деп.

басымды бұлттан биік көтерем, Күз!

 

Күйдіргі жел, әдейі хал сұраман,

жақындасаң, кетерсің менен тоңып.

… Жапырақтар астынан қалтыраған

бір өскін жымияды. Өлең болып.

 

*   *   *

Таңертең жұмысқа келе жатқан едім. Алдымнан күнге тотыққан беті домбығып іскен, шашы ұйпа-тұйпа, тозған киім киген адам кетіп барады. Үй-күйсіз жүрген қаңғыбас болар… Құшағына бір бөтелкені қысып алып, зор дауысымен «Қайда жүрсем атамекен, Көкейімде жатады екен» деп әндетіп барады…

Дүниеден сезінбей-ақ кем-кетік,
Өкпе-назын ақтармастан елге түк
Бір азамат кең көшенің бойында,
кетіп бара жатыр, әне, әндетіп.

 

Еш алаңсыз.
Еш уайымсыз жанары,
Әй, жаралы!
жүрегі оның жаралы…
Құшағына бір бөтелке қыстырып,
«Атамекен» әнін шырқап барады..

 

Әнді аядым, жаралыға жар болған,
жанды аядым, кең дүниесі тар болған.
Азамат пен ән мұңдасқан көшеде —
Арман көрдім арбалған.

 

*   *   *

Құлағымда құстар салған күзгі әні,
күрсініспен күнді өткердік біз-дағы.
титтей жаным байыз таппай безілдеп,
Бөлмеде мен…
далада жер мұздады…

Бізді мүлде шақырмады шығар шың,
Мен де үнсіз…
Сен де үнсіз тынарсың…
Мүмкін, өзің — тағдырыма тарту деп
күздің салған көп әуресі шығарсың.

 

*    *    *

 

Көз алдымда бір белгісіз жан билеп

Жүреді ылғи…

… Менің санам сан күйреп,

Тағдырымның терезесін түрте алмай

отырамын өз мұңымды әлдилеп.

 

… Басқаларда жұмысым жоқ.

… Ал мені,

түсіне алмай неге солар әуре еді?

Менің күнім — мұңдарыммен маңызды,

Менің түнім — ойларыммен сәулелі.

 

…Түсінбейсің мендік жайды.

Түсінбе!

… Менің мұңым белгісіз бір пішінде

Тек өзімнің еніп кеткен ішіме —

Күбірлесіп, сырласады менімен,

Сонан кейін билейді ылғи түсімде!

… оны бірақ түсінбе —

Сен өмірді сүрмейсің тек, жарқыным,

Жалғыз мені түсінуің үшін де…

 

… Өз мұңыммен емдеп алам жанымды

Менің жаным үнсіздікті сағынды…

… Сен ұйықтай ғой!

Тыныш қарсы ал таңыңды!

 

 

*  *  *

 

Ұлпа қар,

Мамық, ұлпа қар,

Түсіңнен кім мін табар?

Мен жайлы сенде із қалар,

Сен жайлы менен жыр қалар.

 

Ұлпа қар,

Аппақ мамығым,

Келеді сені танығым.

мендегі жүрек сен бе едің,

баса алмай жүрген солығын?

 

Алақандарға  қондың да,

Езіліп жаның мол мұңға,

Сырғыдың еріп, мамығым,

Мөп-мөлдір су боп толдың да.

 

Жылытып едім, жылады.

Ақ қар да іштен тынады…

… Бұл сырды жалған күлкіден

Жаураған жандар ұғады.

 

*   *   *

«Үй өртенді. Бір үйдің бес қызы тірілей жанып кетті. Анасы ұйықтап жатқан қыздарын оятпастан,  үйінің есігін сыртынан кілттеп, жұмысқа кеткен екен…»

Әлеуметтік желідегі жазбадан.

 

«Ішіңе қайғың толды» деп,

Бұл заман кімді ұғады?

«Бес бүрім бірдей солды» деп,

Раушан гүлім жылады.

 

Заманым сендей әдемі,

Жүрегі бірақ тас, қола.

Аздаған жылу бар еді,

Аздырып алдық,

Масқара!

 

Адамға, гүлім, кектенбе,

Арсызға ой бер, арсызға!

Қара аспан зәрін төккенде,

Жан кірер ме екен жансызға?

 

Кешікпей келер жаз мұнда,

Өсерсің, жазық дала көп.

Жел үзсе, мені жазғырма,

Менде де, гүлім, пана жоқ!

 

Раушан гүлім жылайды,

«Бес бүрім бірдей солды» деп.

Шашпаңдар оған лайды,

Ең болмаса,

СОҢҒЫ РЕТ!

 

 

*       *       *

Мен өмірді сүріп келем. Сүремін,

Ай мен күннің күлгеніне илана.

Тар көшеде талықсиды жүрегім,

Дос іздеген диуана.

 

Алқымыма айла қадап мың түрлі,

Қансыз-сөлсіз жүрек жұтқан кеуделер.

Кім құрсақта арамдықпен бұлқынды?

Сырқат шығар… Емделер…

 

Дәруіштей дауа іздеуім далбаса,

Құлқын — қоғам, неге әлі өгейсің?

Өмір, менің сенер досым болмаса,

Неге келдім, не дейсің?

 

Мен өмірді сүріп келем, жарығым,

Ай мен күннің күлгеніне илана.

Тар көшеде тоңып отыр тағдырым —

Дос іздеген диуана!

 

*   *   *

Таңымда тырналар келіп,
Жолымда жылғалар еріп,
Бағым да базарын беріп,
Несібем толсын!

 

Күлкімнен күмістер шашып,
Бір күнім бір күнге ғашық,
Арманым ақ бұлттан асып,
Аспанға қонсын!

 

Түсінсең, тарланым, бізді,
Дəл қазір арманым ізгі —
Құшақтап көрейін Күзді:
Келісесің бе?

 

Даланың маңдайын сүйіп,
Баланың бақытын биік,
Қояйын жүрекке түйіп,
Бөлісесің бе?

 

Жүрегі жылы, əдемі,
Айтатын сыры əдемі,
Жып- жылы күзім бар еді,
Кім көрді?

 

*   *    *

Аспан тұр жанарынан жұлдыз ағып,
Мен тұрмын мұңнан ішіп, мың бозарып.
Кірпігіме ілінген күрсінісім,
Көңілімнің көктемін бұзды барып.

Қайыстырды қабағын ашпай ғалам,
Айналып кеткендей ме тасқа айналам?!
Мама-ау, сенің аңсадым, құшағыңды,
Құс жастық та бүгінде тастай маған.

Көркем-көркем өткерді күн дерегін,
Мен сенің жанарыңда гүлдеп едім.
Өзің барда өзгенің бәрі жақсы,
Адамдардың аласын білмеп едім.

Мұздай көңіл мұз басқан мекен бүгін,
Мама-ау, бөтен көрсетті бөтендігін.
Мен сезбеппін — шуақты жарық әлем
Сенің нұрлы жанарың екендігін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button