Әкімдер сайлауы

Төрт ауылда өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергені белгілі.  Осы орайда арнайы заң жобасы әзірленіп, қазір науқанды шараға қызу әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округ әкімдерін, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында өткізіледі.
— Шалқар ауданы бойынша бүгінде 12 округ әкімі, 1 қала әкімі бар. Заңда белгіленген өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты биыл 25 шілдеде Ақтоғай, Есет Көтібарұлы, Кішіқұм және Шетырғыз ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтеді. Осыған орай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы заңға сәйкес ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс- шаралардың күнтізбелік жоспарын құрып, жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда кандидаттар өзін-өзі ұсыну арқылы құжаттарын тапсыруда. Үміткерлердің тапсырған құжаттары заңға сәйкестігін тексеру үшін құзырлы органдарға жіберіледі. Ал қалған округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі әзір аяқталған жоқ. Өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін ол жерлердегі әкімдер де тікелей дауыс беру арқылы сайланатын болады, — дейді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сапарғали Құлбергенов.
Әкім болып сайлану үшін үміткердің жасы 25-ке толған, қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуға тиіс. Сондай-ақ сотталмаған және сыбайлас жемқорлық қылмыс, құқықбұзушылық жасау дерегі болмауы керек.

М.БОҚАН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button