Басты жаңалықтарӘкімдер сайлауы

Ашық және әділ өтті

25 шілдеде елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2021 жылғы 25 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 7.00-дегі жағдай бойынша Аққұдық ауылы мен 34 ауылдық округтерде 74 сайлау учаскелері дауыс беруге кірісті.

Сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келуі туралы келесі ақпараттар аумақтық сайлау комиссияларының интернет беттерінде жергілікті уақыты бойынша екі сағат сайын сайлаушылардың келуі мен  алдын ала қорытындылары туралы ақпарат ұсынылып отырды.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Күнбаева жергілікті уақытпен 7.15-те облыс бойынша 34 ауылдық округте және Аққұдық ауылында дауыс беру басталғандығын хабарлады. Брифингте сондай-ақ облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева сайлау кезінде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға байланысты барлық сақтық шаралары қатаң орындалатынын жеткізді. Ал облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ардана Саймағанбетов қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға облыс бойынша 196 полиция қызметкері жұмылдырылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ 74 полиция қызметкері сайлау бюллетендерін жеткізу жұмыстарына атсалысты.

Сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес, сағат 9.00-дегі жағдай бойынша сайлау бюллетеньдерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 14,37%-ын алды.

Айта кету керек, сайлаудың ашық және әділ өтуін 500-ге жуық бақылаушы қадағалады. Дауыс беру процесі мен сайлаудың қалай өтіп жатқандығы туралы «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ерәділ Үббіниязов 2 сағат сайын мәлімдеп отырды.

— Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан ерекше. Себебі ауыл әкімдерін сайлау елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Ел халқының 40%-ға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл тұрғындарының өз сұраныстары мен қажеттіліктері бар, олар қала тұрғындарының қажеттіліктерінен өзгеше. Сондықтан ауыл тұрғындарының ауыл мәселесін білетін және оны шеше алатын әкімді өздері таңдауы дұрыс деп санаймын, — деді Ерәділ Үббіниязов брифинг барысында.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Галина Имашева және облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Шыңғыс Нұржігіт сағат 11.30-дағы жағдай бойынша облыста 11 433 адам дауыс бергенін жеткізді.

Аумақтық сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес, 2021 жылғы 25 шілдедегі сағат 11.30-дағы жағдай бойынша сайлау бюллетеньдерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 35,7 пайызы алды. Яғни 11 433 адам сайлауда дауыс берді. Олардың ішінде сайлаушылардың саны жағынан қазір Шалқар ауданы (59,93 пайыз) алдыңғы орында тұр, — деді Ш.Нұржігіт.

Ал сағат 13.30-дағы жағдай бойынша облыста ауыл әкімдерін сайлауда 16 889 адам дауыс берді.  Бұл уақытта аудандар ішінде сайлаушылардың саны жағынан Шалқар ауданы (76,2 пайыз) бірінші орында,  2-орында Қарғалы ауданы (74,6 %) болса, 3-орында Ойыл ауданы (61,8 %) тұрды.

Аудандардың барлығында да дауыс берушілердің белсенділігі жоғары болды. Сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар қатаң сақталды. Дауыс берушілердің барлығы бетперде таққан, арнайы мамандар келушілердің дене температурасын өлшеп, арақашықтықтың 1,5 метрден жақын болмауын қадағалап жүрді. Тәртіпсіздік және заңбұзушылық жағдайы болған жоқ.

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Галина Имашева жергілікті уақыт сағат 15.30-дағы жағдай бойынша облыста ауыл әкімдерін сайлауда 19 725 адам дауыс бергенін, аудандар ішінде сайлаушылардың саны жағынан Қарғалы ауданы (78,6 пайыз) алға шыққанын мәлімдеді.

Сағат 17.00-де байланысқа шыққан «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ерәділ Үббіниязов облыс бойынша барлық  сайлау учаскелерінде   сайлаудың жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтты.

Дауыс беру барысында орын алуы мүмкін өрескел құқықбұзушылықтар болған жоқ. Жалпы, сайлау процесі штаттық режимде өтуде. Сайлау барысында халықтың жоғары белсенділігін байқап отырмыз, — деді ол.

Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Шыңғыс Нұржігіт сағат 17.30-дағы жағдай бойынша облыста ауыл әкімдерін сайлауға 22 337 адам қатысып, дауыс бергенін жеткізді. Бұл уақытта дауыс беру жағынан ойылдықтар алға шықты.

Ал сағат 20.00-де облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Шыңғыс Нұржігіт облыста ауыл әкімдерін сайлауға 25 308 адам қатысып, дауыс бергенін жеткізді.

— Аумақтық сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес 2021 жылғы 25 шілдедегі сағат 20.00-дағы жағдай бойынша сайлау бюллетеньдерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 79 пайызы алды. Яғни 25 308 адам сайлауда дауыс берді. Олардың ішінде Әйтеке би ауданында сайлаушылардың 72,29 пайызы, Алға ауданында — 88,52 пайызы, Байғанин ауданында — 86,82 пайызы, Ырғыз ауданында — 85,93 пайызы, Қарғалы ауданында — 90,96 пайызы, Мәртөк ауданында — 93,74 пайызы, Мұғалжар ауданында — 98,31 пайызы, Темір ауданында — 55,45 пайызы, Ойыл ауданында — 93,91 пайызы, Қобда ауданында — 81,16 пайызы, Хромтау ауданында — 92,92 пайызы, сондай-ақ Шалқар ауданында 89,40 пайызы дауыс берді, — деген ол, барлық сайлау учаскелерінде санау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, нәтиже 26 шілдеде жарияланатынын хабарлады.

Брифинг

ОБЛЫСТЫҢ 35 АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ӘКІМ САЙЛАНДЫ

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Есет Шангереев әкімдер сайлауының қорытындысы туралы мәлімдеді.

25 шілде күні 35 сайлау округінде ауыл әкімдерін сайлау өтті. Сайлауға 470 мүшесі (84 аумақтық, 386 учаскелік комиссия) бар 12 аумақтық сайлау комиссиясы мен 74 учаскелік сайлау комиссиясы қатысты.

— Сайлау бюллетеньдеріне 105 кандидат енгізілді. Олардың 63-ін саяси партиялар ұсынса, 42-сі өзін-өзі ұсынған.  Атап айтар болсақ, Nur Otan партиясынан — 28, «Ауыл» партиясынан — 16, «Ақ Жол» — 9, «АDAL» — 4, Қазақстан Халық партиясынан — 4, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясынан  2 кандидат. 105 үміткердің 17-сі  — әйелдер, — деген Есет Шангереев барлық 35 сайлау округтерінде әкім сайланғанын айтты.

— Nur Otan партиясынан 28 адам, «Ауыл» партиясынан — 2 адам, «Ақ жол» партиясынан — 1 адам, «ADAL» саяси партиясынан – 1 адам, Қазақстан Халық партиясынан — 1 адам, өзін-өзі ұсынған — 2 адам сайланды. Сайланған әкімдердің 28-і мемлекеттік қызметшілер.  Біреуі коммерциялық құрылымдардың өкілі болса, бесеуі бюджеттік ұйымдарда қызмет етіп келген. Ал біреуі уақытша жұмыссыздар қатарында болған. Жаңа сайланған 35 әкімнің 5-еуі — әйел.  Сайланған  әкімдердің орташа жасы — 46 жас. Ең жасы – 26-да, жасы үлкені — 62-де, — деді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы.

Айта кетейік, ауылдық округ әкімдерін сайлау қорытындылары туралы хабарлар аудандық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларында орналастырылған.

«Өрескел заңбұзушылық тіркелген жоқ»

Жергілікті уақыт 20.00-де ауыл әкімдері сайлауының алдын ала қорытындысы шығарылды. «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ерәділ Үббіниязовтың мәлімдеуінше, облыстың 25 308 тұрғыны дауыс беріп, өз таңдауын жасаған.

— Сайлау өтіп жатқан барлық учаскелерде бүгін 480 бақылаушы өз жұмысын тиісті деңгейде атқарды. Бақылаушылардың барлығы сайлау талаптары мен өз құқықтарын жақсы біледі. Олар бұл бойынша алдын ала оқытылды. Сайлау ашық әрі әділ өтті. Дауыс беру барысында орын алуы мүмкін өрескел құқықбұзушылықтар болған жоқ. Жалпы, сайлау процесі штаттық режимде өтті. Сайлау барысында халықтың жоғары белсенділігін байқадық.

Жалпы, ауыл әкімдері қызметінің тиімділігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Ауыл әкімдері жергілікті бюджетті бөлудің жекелеген мәселелері бойынша басқарушылық қана емес, қаржылық дербестікке де ие болады. Ал бұл өз кезегінде әкімдердің ауылды дамытуға қатысты бірқатар өмірлік маңызы бар мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудағы қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді сайлаудың маңызына тоқталған Ерәділ Үббіниязов.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button