Әкімдер сайлауы

Кемел келешектің кепілі

Мұрат Вахитов,

Терісаққан орта мектебінің мұғалімі.

Сайлау жәшікке қағаз салу емес. Бұл науқанға қатысу арқылы өз болашағымызды айқындаймыз. Ауылымыздың ажары, балаларымыздың ертеңі, ауылдастардың қамсыз өмірі үшін дауыс береміз. Әр адам бұл саяси науқаннан тыс қалмау керек. Еліміздің бесігі ауыл десек, ауыл тұрғындары сол мемлекеттің іргетасы. Сондықтан Отан алдындағы жауапкершілігімізді сезініп, ауылдың өркендеуіне бірге үлес қосайық.

Ал ауыл әкімдерін сайлау арқылы көздеген мақсаттарымызға жете аламыз. Біз осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімізге сайлау арқылы жеттік. Қобда ауданында ауыл көп. Соның барлығы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп жатқанына куәміз. Ауыл әкімімен тізе қосып, алдағы жоспарларымызды жүзеге асыруға қолайлы кез. Олай болса сайлаудың салмағын сезініп, алдағы күндерімізге сеніммен қарайық.

Қобда ауданы.

БҰЛ — МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Ауыл әкімдерін сайлау — ел тарихындағы маңызды белес. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында көтергені белгілі. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде игі бастаманың жүзеге асырыла бастауы көңіл қуантады. Бүгінгі таңда халықтың 40 пайыздан астамы ауылда тұратынын ескерсек, бұл саяси шара ең алдымен ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқаны анық.

Әкімдер —әрбір елді мекендегі биліктің тікелей өкілі. Сондықтан бұл саяси шараны қолдаймын. Ауылды жақсы білетін, сол жерде туып-өскен, сол ортадан шыққан әрі ауылға танымал жігерлі жастарды әкім етіп сайлау өте орынды.

Менің ойымша, болашақ сайланатын әкім, ең алдымен, білімді, білікті, көпшіл, «әр қазақ — менің жалғызым» дей алатындай азамат болу керек. Сондай-ақ сол елді мекендеген, ахуалға өзі жауап бере алатындай жауапкершілікті терең түсінетін, қайырымды, қамқорлығы мол азамат болуға тиіс.

Халықтың жағдайын қадағалау, дұрыс бағыт беру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету оның басты міндеті деуге болады. Елді көркейтемін десек, әр кез адалдыққа, адамдыққа жүгінейік.

Айымкүл САУЫРБАЙ, 

ардагер ұстаз.

Ақтоғай ауылдық округі,

Шалқар ауданы.

ТЫҢ СЕРПІН КҮТЕМІН

Еліміздегі ауыл әкімдерін сайлау бойынша заңнамадағы үлкен өзгеріс бізді қуантты. Өйткені әр ауыл тұрғыны әкімін өзі таңдауға құқылы.Бұл — ауылдағы белсенді әрі іскер тұлғаларды, халық мойындаған азаматтарды төрге шығарып, сенім артуға деген үлкен мүмкіндік.

Мен саяси доданың халық алдында ашық жаңа үрдісі нәтижелі болатынына сенемін. Қарапайым халық таңдайтын жаңа жүйе көп шендіге жауапкершілік арттыратыны және анық.

Сондықтан барлық кандидаттарға қазақ үшін ең қымбаттысы — ауылды көркейтуге күш жұмсауға шақырып, сәттілік тілеймін. Жаңашылдық, тың серпін, батыл қадам, терең білім күтемін.

Жазық ШАҢЫТОВА,

зейнеткер.

Қарауылкелді ауылы.

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button