Жастар

 «Жасыл ел»: қызу жұмыс, оң нәтиже 

Облыс бойынша 800-ге жуық жас «Жасыл ел» еңбек жасағының бірінші маусымын аяқтады.

Маусым айында  «Жасыл елдің» XVII маусымы өз жұмысын бастаған болатын. Биылғы еңбек маусымына облыс бойынша 3500-ден астам жасты тарту жоспарланған. Бір ай бойы 800-ден астам жас туған өлкені көгалдандыру мен абаттандыру және құрылысбағытында тер төкті. Екінші кезеңде жұмысқа алынатын жауынгерлер саны одан да көп болмақ. Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалып, ай сайынғы жалақылары банк карталарына аударылады. Биыл облыс әкімінің қолдауымен «Жасыл елдің» еңбек маусымында жұмыс жасайтын жастардың жалақылары да өскен. Яғни енді жасақ жауынгерлері қолдарына 65-85 мың теңге көлемінде  жалақы алады. Жалпы, жұмысқа  29 жасқа дейінгі кез келген жас орналаса алады. Тек жасы 16-ға толған болуы керек.

Жасақ жауынгерлерімен тілдесу мақсатында «Мағаджан» тәлімбағына бардық. Мұнда күннің аптап ыстығына қарамастан,90 жас білек сыбана іске кіріскен. Тәлімбақтағы алаңды арамшөптерден тазартып жатыр екен.

— «Жасыл елде» биыл екінші жыл қатарынан жұмыс жасап жатырмын. Достарыңмен бірге жасаған соң жұмыстың ауырлығы да білінбейді. Өткен айда қарағаш тұқымын ектік. Қазір алқапты арамшөптен тазартып жатырмыз. Арнайы жұмыс киімін, қолғап пен бетперденің барлығын жұмыс берушілерден аламыз. Ауырып қалсақ, бірінші көмек көрсететін де жандар  бар. Барлығы өзіміз қатарлы жастар болған соң уақыттың қалай өткенін де білмей қаламыз, — дейді жасақ жауынгері Дана Хайруллина.

«Мағаджан» тәлімбағынан шыққан соң ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябаққа бет алдық. Қаланы абаттандыру бағытында жұмыс жасап жатқан  жастар саябақ ішіндегі тазалық жұмыстарын өз мойындарына алған.

Облыстық «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, еңбек жауынгерлеріжылдағыдай үш бағытта (құрылыс, абаттандыру және көгалдандыру) жұмыс істеп, бос уақытта қаламызды көркейту және қоршаған ортаның экологиялық жағдайына көңілін аудару мақсатында түрлі акцияларға өз үлестерін қосып тұрады. Құрылыс бағыты бойынша жастар қазіргі таңда «РусТал», «Алтын Құм» мекемелерінде еңбектенуде. Ал шілде айынан бастап жастарға «Ақтөбе-Сәулет», «Интерстиль» құрылыс мекемелерінде жұмыс жасау мүмкіндігі туады.

Айта кетейік, облыстың барлық 12 ауданында да «Жасыл ел» жасақтары құрылды. Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Шалқар, Ойыл, Темір аудандарында жастар орман шаруашылығы бағытында жұмыстар жасап жатса, қалған 6 ауданның жастары туған жерін абаттандыру бағытында еңбек етуде.Жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының үздіктері қосымша марапатталатын болады. Маусым қорытындысы бойынша ең үздік жұмыс жасаған жастарға Нұр-Сұлтан қаласына баруға жолдама беріледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button