Тарих

Құрметке лайықты адам

«Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты» АҚ-ның директоры болып күні кешеге дейін, яғни сексен жастың төбесі көрінгенше тынымсыз еңбек еткен Ян Тампаевтың қайтпас қайрат-жігеріне, тың идеялары мен ілгері ұмтылыстарына сырттан келген түрлі делегация өкілдерінің таңғалғанына талай рет куә болғанбыз. Мәселе — жаста да, басқада да емес, бірнеше қоғамдық өзгерісті кезеңдерді бастан өткерген, былайша айтқанда, кешегі кеңестік заманның тәрбиесін көрген адамның нарықтық қатынастарды терең түсініп, заман талабына сай қынулы қимыл көрсете білуінде еді.
Оның өмірбаянына үңілгенде, күрделі де қиын тағдырды байқар едіңіз. Есін білер-білмес кезеңде әкесі майданға аттанып, Харьков түбінде 1942 жылы ерлікпен қаза табады. Бір жарым жастағы ұл Темір ауданының Құмқұдық ауылындағы әжесінің қолында өсіп, тәрбиеленеді. Бастауыш мектепті өзінің туған ауылында тәмамдап, одан кейін Молотов атындағы ұжымшардың орталығына, ауылынан жеті шақырым қашықтағы жерге жаяу қатынап оқиды. Осындай қиындықтарға қарамастан, ол қатарының алдында жүреді, барлық сабақты үздік меңгереді.
Мектепті жақсы бітірген баланың ілгері талабын қайтарғысы келмеген әжесі оны қимаса да, қолындағы екі сиырының бірін базарға өткізіп, қалтасына азды-көпті қаржысын салып, Алматыға аттандырады. Бұрын үйден алыс ұзап шығып көрмеген бала үшін бұл оңай сапар емес еді. Алматы вокзалында Қазақстанның әр жерінен келген өзі секілді талапкерлерді жолықтырып, жолдас табады. Әйтеуір жоғары білім алсам болды деп келген ол қай мамандықты таңдарын білмей ойланып та қалады. Танысқан балалардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласына бейімделіп тұрғанын байқайды. Бір ғана жігіт тау-кен инженері болғысы келетінін айтып, аз уақытта сырласып үлгерген Янды өз қатарына тартқысы келетін сыңай білдіреді. Сөйтіп, тәуекелмен тау-кен институтына құжаттарын тапсырады. Зерттеп қараса, бір орынға 15 адамнан келіп тұр екен. «Тәуекел ет те тас жұт» деген ұстаныммен өскен ол бәрібір алған бетінен қайтпайды. Барлық қабылдау емтихандарын жақсы бағаға тапсырған талапкер студент атанып, институтты да үздік бітіреді.
Ендігі қалғаны — бел шешіп жұмыс істеу еді. Дипломды жас маман туған өңірге Дөң тау-кен байыту комбинатына жіберуге өтініш білдіреді. Алайда бұл жердегілер құжаттарының халық шаруашылығы кеңесі тарапынан Гурьевтегі трестердің біріне жіберілгендігін айтып, қабылдай қоймайды. Ол кездегі тәртіп солай. Ақырында, сол кездегі Форт-Шевченко қаласындағы өндірістік материалдар комбинатынан бір-ақ шығады. Мұнда Ленинград, Дондағы Ростов, Ташкент сияқты ірі қалалардан келген білікті мамандар көптеп саналатын. Олардың қатарына қосылу да оңай емес-ті. Сондықтан бастапқыда электрик мамандығы бойынша жұмыс істейді.
Бойдағы жігер мен ойдағы намыс оны күн сайын іштей қайрап, алға жетелей береді. Осылайша жұмысына жауапты қараған жас маман көп ұзамай басшылардың көзіне түсе бастайды. Оған сенім білдіріп, бастапқыда ауысым мастері етіп тағайындайды. Ал арада тағы бір жарты жыл өткенде іскер өнертапқыш және үздік идеялар иесі ретінде мойындалған оны бас инженерлік қызметке көтереді.
Сол тұста Маңғышлақ аталған облыстағы өндірістік материалдар комбинаты негізінен ұлутас блоктарын шығарып тұрды. Дайындалған өнімдер теңіз көлігімен Астраханьға жеткізіліп, одан әрі Саратовқа жол тартады. Бұл жерден вагондарға тиеп, теміржол арқылы құрылыс орындарына жіберіледі. Өндірістің осындай тоқтаусыз жүріп жататын процестері жас маманды шыңдады, ширықтырды, жетілдірді. Ол аз ғана уақыт ішінде комбинаттағы қол еңбегімен атқарылатын бірқатар ауыр жұмыстарды озық технология, инженерлік шешімдер арқылы жеңілдетуге үлес қосты.
Ян Тампайұлы Форт-Шевченкоға жас отбасы болып, зайыбы Ғалиямен бірге барған-ды. Отбасылық алғашқы қадамды осында өткерген олар кейін Ақтөбеге қызмет ауыстырды. Мұнда Ян Тампайұлына «Западстройдеталь» тресінің бас технологі қызметі ұсынылды. Өз мамандығы бойынша еңбек етті, одан кейінгі уақытта кен емес материалдар комбинатына қызмет ауыстырды. Бұл уақыттарда республикамыздың батыс өңірлерінде құрылыс қарқынды түрде жүргізілді. Сондықтан да комбинат шығаратын өнімге сұраныс та мол болатын-ды.
Білікті инженер бұл жерлерде де күнделікті жұмыс ағымында қалып қоймай, өзінің озық идеяларын ұсынып, оларды практикаға енгізуге ерекше көңіл бөлді. Сондағы мақсаты — еңбек өнімділігін арттыру, ауыр қол еңбегін азайтып, қиын жұмыстарды техника күшімен атқаруға ауыстыру еді. Соның барлығы жоғары деңгейде орындалып жатты.
Өндірісте шыңдалған білікті инженер Ян Тампайұлын 1975 жылы Ақтөбе қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне бекітті. Бұл, негізінен, қаланың қалыпты тіршілігіне жауап беретін, өте тынымсыз жұмыс еді. Сол тұстарда облыс орталығында көптеген әлеуметтік құрылыстар салынды, әсіресе ауруханалар, мектептер мен балабақшалар нысандарын өрістетуге көп көңіл бөлінді. Қала сыртына айналма жолдар салынды.
Ал облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары — жоспарлау-экономикалық комитетінің төрағасы қызметін атқарған тұсында оның жетекшілігімен «Интенсификация», «Тұрғын үй – 91», «Ауылдардың қайта құрылымы», «Халық тұтынатын тауарлар мен қызметтер» деп аталатын облыстық кешенді бағдарламалар жасалып, ретімен жүзеге асырыла бастады. Ян Тампайұлы облыста басшылық қызметтерде болған жылдарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысын жөнге салды, қалада троллейбус паркін іске қосуды қолға алды. Сондай-ақ жүнді алғаш өңдеу фабрикасының, қаланы тазалау құрылғыларының құрылыстары сол уақыттары жүргізілді.
Ұзақ уақыт облысты басқарған Василий Ливенцов өзінің «Мое время» деген кітабында Ян Тампаевтың іскерлік-ұйымдастырушылық қызметіне жоғары баға береді.
Біздің кейіпкеріміз 1994 жылдан «Крамдс Хромит» ААҚ қадағалаушы кеңесінің төрағасы, «Аққу» ААҚ президенті қызметтерін атқарды. Нарық заманында дүниеге келген бұл құрылымдарда еңбек ету үшін жаңалықты сезіне білу, әлеуетті әріптестермен ынтымақтастықта жұмыс істеу дағдылары қажет-ті. Бұдан кейінгі уақытта өнеркәсіпте кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге қадағалау женіндегі мемлекеттік инспекцияның бастығы, облыстық төтенше жағдайлар басқармасында лауазымды қызмет атқарған ол бұрыннан қалыптасқан сабақтастықты одан әрі тиімді жалғастыра білді.
Ал 1998 жылдан «Көктас-Ақтөбе» ашық акционерлік қоғамы директорының ғылым және технология жөніндегі орынбасары болуы көптеген тың ізденістерге бастады. Тынымсыз жан бұған да тоқталмай, 2002 жылдан «Амиантит Кектас Пайп» жабық акционерлік қоғамының бас директоры қызметін қоса атқарды.
Ян Тампайұлы білімі мен білігіне, тәжірибесіне еш уақытта тоқмейілсіген жан емес. Оның төрт жоғары білімін айғақтайтын төрт дипломы болғандығын көп адам біле бермейді.
Ел тәуелсіздігін нығайту жолы әркімнің оған қосқан лайықты үлесімен күш ала түседі. Ян Тампайұлы кәнігі инженер ретінде өзінің инновациялық бағдарламасын жасап, оннан аса жобалардың техникалық және экономикалық негіздерін дайындаған болатын. Олардың арасында композиттік материалдар негізінде Ақтөбедегі металл емес құбырлар өндірісі, беттік әйнектер зауытының құрылысы, Мұғалжар стансасындағы кварцтық құм байыту фабрикасы, Қандыағаштағы шикі каолин байыту фабрикасы, кальциленген сода өндіру зауыты сияқты жобалар Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдардағы индустриялық-инновациялық бағдарламасына енгізілді.
2004 жылдың 24 наурызында Ян Тампайұлы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, өз жобаларын таныстырды. Өзі де металлург болған Елбасы ақтөбелік инженердің ұсыныстарын мақұлдап, оған қолдау білдірді.
Ол сексен екі жыл ғұмыр кешті. Бұл таза еңбекпен өткерілген жылдар болатын. Алпыс жыл ағаның сенімді серігі болған Ғалия апа былай деп толғанады.
— Ян ағаң екеуміз бір ауылда туып-өстік. Балалығымыз бірге өтті. Біз 1961 жылы шаңырақ көтердік. Мен отыз үш жыл бойы медицина саласында еңбек еттім.
Ағаңның бір ерекшелігі — өз жұмысына берілген адам болатын. Қандай жауапты міндетті мойнына алды, соны жоғары жауапкершілікпен атқаратын. Балаларымыз Сади, Гүлнара, Серік өмірден өз орындарын тапты.
Ағаларың отбасында да жайлы болды. Артық әңгімеге бармайтын. Сыйластық, қарапайымдылық, ізеттілік ол кісіге тән қасиет болды, — деп еске алады Ғалия апа.
Ян Тампайұлының ұзақ жылғы жемісті еңбегі «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен атап өтілді. Ақтөбе облысының «Жыл адамы» атағына ие болды, «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атағын алды.
2009 жылы Ян Тампаевтың «Уақыт көшіндегі ғұмыр» атты өмірбаяндық кітабы жарыққа шықты. Бұл еңбек жеке адамның өмірдерегі емес, сол уақыттағы адамдар тіршілік еткен қоғамның қозғалысын байыпты баяндайтын дүние еді.
Өйткені Ян аға өзін ешқашан да қоғамнан бөліп қараған емес. Сонысымен де ел-жұрты арасында құрметке бөленіп өмірден өтті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button