Спорт

1/8 финал ойындары: күтпеген нәтижелер

Еуро-2020

Алғашқы овертайм

№41 кездесу. 28 маусым. Копенгаген.

Хорватия-Испания — 3:5

Кездесудің 85-минутына дейін Испанияның келесі кезеңге шығатыны анық болған тәрізді еді. Олар 3:1 есебімен ұтып жатқан. Бірақ олай болмады. Хорваттар 85-минутта, оған ілестіре 90+2 минутта екі гол соғып, ойынды теңестірді де тастады. Сөйтіп, кездесу енді 30 минуттық овертаймға жалғасты. Ал бұл бөлікте Испания құрамасының ерік-жігері мықты болып шықты, олар екі гол соғып, 2018 жылғы Әлем чемпионатының вице-чемпионын бұдан арғы жарыстан тыс қалдырды. Ал голдардың есебі төмендегідей: 20-минутта Педри өз қақпасына гол соғып алды (1:0); Пабло Сарабия, 38-минут (1:1); Сесар Аспиликуэта, 57-минут (1:2); Ферран Торрес, 77-минут (1:3); Мислав Оршич, 85-минут (2:3); Марио Пащалич, 90+2 минут (3:3); Альваро Мората, 100-минут (3:4); Микель Оярсабаль, 103-минут (3:5).

Францияны сүріндірген пенальти

 №42 кездесу. 28 маусым. Бухарест.

Франция-Швейцария — 3:3 (пенальтилер сериясы бойынша 4:5)

Жанкүйерлер биылғы чемпионаттың жеңімпазы ретінде көбірек атап жүрген Франция орта жолда сүрінді. Бұлар бірінші таймда сүреңсіздеу ойнады, 15-минутта Уго Льорис қақпасына гол енгізіп алды (Харис Сеферович). Дегенмен француздар екінші таймда есе қайырып, жүйдемелете үш гол соқты: Карим Бензема, 57-минут; Карим Бензема, 59-минут; Поль Погба, 75-минут. Әйтсе де швейцарлықтар да кенет қайсар мінез көрсетті, екі гол соқты: Харис Сферович, 81-минут; Марио Гавранович, 90-минут. Мұның арасында, 55-минутта франциялық қақпашы Уго Льористің қақпаны Рикардо Родригес соққан пенальтиден сақтап қалғанын да ұмытпаған жөн. Не керек, кездесу овертаймға ұласты, бірақ бұл 30 минуттық тайталаста гол соғылмады да, пенальтилер сериясына кезек берілді. Бұл ретте Швейцария командасының жұлдызы жанды, олар бес пенальтиді де мүлтіксіз орындады, ал атағы жер жаратын француз Килиан Мбаппе соққан бесінші пенальтиді швейцариялық қақпашы Ян Зоммер қақпаға дарытпады. Осылайша Әлем чемпионы жарыс жолынан шығып қалды.

Алаңы көмектескен Англия

№43 кездесу. 29 маусым. Лондон.

Англия-Германия — 2:0

«Ай-хай, шіркін, өз үйім!» деген шығар ағылшын футболшылары. Расы керек, неміс фуболшылары да жанталаса қимылдады-ақ. Бірақ ағылшындарға, әрине, Лондон қуат берді, «Уэмбли» стадионы күш қосты, 90 минут бойы жағы талмастан қолдаған жанкүйерлер рух берді. Миллиондаған көрермендер тарапынан пайда болған үшінші овертайм болып қалатын шығар дүдәмал ойды 75-минутта Рахим Стерлинг, 86-минутта Харри Кейн соққан голдар сап тиды. Бұл жеңістің заңдылығын немістердің өздері де мойындаған шығар-ақ.

Украинаның тарихи жеңісі

 №44 кездесу. 29 маусым. Глазго.

Швеция-Украина — 1:2

Украина құрамасының ширек финалға шығуы ерекше оқиға болды. Әуелгіде екі команданың мүмкіндігі шамамен тең болып есептелгенімен, шведтерге іштей басымдық бергендер молдау еді. Бірақ 27-минутта Александр Зинченко соққан гол жаттанды пікірді өзгертуге мәжбүр етті. Рас, 43-минутта Эмиль Форсберг қарымта гол соғып, тізгіннен айырылмайтындарын ескерткендей болды. Бірақ 90-минуттан соңғы овертайм ойынға түзету енгізді. 98-минутта швед Маркус Даниэльсон ойынға 91-минутта ғана қосылған украин футболшысы Артем Бесединді тізеден теуіп, қан қақсатып тастады да, италиялық бас төреші Даниэле Орсато шведке «қызыл қағаз» көрсетіп, алаңнан қуып шықты. Осыдан соң-ақ Швеция құрамасының жағдайы күрт мүшкілденді. Тиімді мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысқан украиндар ақыры мақсатына жетті. Алаңға чемпионат барысында алғаш рет шыққан, 106-минутта қосылған Артем Довбик 120+1 минутта жеңіс голын соқты. Осылайша Украина Еуропа чемпионаты тарихында алғаш рет ширек финалға шықты.

* * *

Осымен 1/8 финал кездесулері аяқталды. Ең мықтылар жиналды деген «F» тобындағы құрамалар (Франция, Германия, Португалия) осы кезеңнен аса алмады. Нидерланды да осылардың жолын құшты.Сондай-ақ келесі кезеңге өте алмаған Уэльс, Австрия, Хорватияның қатарына Швеция да қосылды.Сонымен, 8 команда ¼ финалға қадам басты.

ШИРЕК ФИНАЛ КЕЗДЕСУЛЕРІ

2 шілде, жұма. Санкт-Петербург. 21.00. Швейцария — Испания

2 шілде, жұма. Мюнхен. 24.00. Бельгия — Италия

3 шілде, сенбі. Баку. 21.00. Чехия — Дания

3 шілде, сенбі. Рим. 24.00. Украина — Англия

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button