Тарих

Алтыннан асыл азамат

Редакцияға жасы сексеннен асқан кейуана келді. Әжім торлаған жүзінен кезінде сұлу жан болғаны аңғарылады, жүріс-тұрысынан бекзаттық білініп тұр. Сөйтсек, асылдың сынығы, облыстық тері  аурулары диспансерінің негізін қалаушы Нәдірша Сұлтангереевтің қызы екен.

Аты біздің әжелеріміздің ныспысына ұқсамайды — Элеонора. 1932 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген аздың бірі Нәдірша Махмұдұлының туғанына алдағы жылы 125 жыл толады екен. Жақсының аты ел жадынан өшпесін деп 2003 жылы газетімізде жарияланған Рысжан Ілиясованың мақаласын қайталап ұсынғанды жөн санадық. Қызының да тілегі осы еді.

Нәдірша Махмұдұлы Сұлтангереев 1897 жылы Орал облысы Жымпиты уезіндегі Қалдығайты болысының №7 аулында дүниеге келген. Өзінің өмірбаяндық құжатында атасы Сұлтангерейдің тәрбиесінде болып, мектепке кештеу — 9 жасынан барған. Бастауышты бітіргеннен кейін Орал қаласының жанындағы мектепте бір жыл оқиды, бұл оқу көңіліне қонбай, ізденіспен Орал қаласындағы реалдық училищеге түседі. Онда өте жақсы оқып, стипендия алып, ревояюция алдында осы училищені бітірген Нәдірша біраз білімді кісілер санатында әртүрлі қызметтер атқарады. Реалдық училищелердің Германия мен Ресейде XVIII ғасырдан бастау алып, ең бір өнертапқыштар мен ғалымдар, ісмер-шеберлер, т.б. зерттеушілер даярлап шығаруда қосқан үлесі зор болған. Осы училищеде Нәдіршаның ерекше қабілеті, білімге деген ықыласы арта түсті. 1917 жылғы революция мен азамат соғысының арпалыстары елден ұзап шығуға қолбайлау болған еді. Сондықтан Нәдірша Махмұдұлының елде қызмет істеуіне тура келді.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін уездік соттың хатшысы, уездік сақтандыру комиссиясының меңгерушісі сияқты жұмыстар атқарды.

1930 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітіріп, келісімшартпен Ырғыз уезі бойынша аудандық аурухана, амбулатория және тері аурулары диспансерінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, төрт жыл еңбек етті.

1922 жылы Нәдірша Санкт-Петербург университетінің заң факультетін «Алтын медальмен» үздік бітірген, Дума депутаты, белгілі мемлекет қайраткері Бақытжан Қаратаевтың (1860-1934) үлкен қызы, 19 жасар Софияға үйленеді. Нәдіршаның жағдайы, бір жағынан, жақсарды десек, екінші жағынан, қауіп те жоқ емес еді. Бақ пен тақ таласында біраз қақтығысқа түсіп келген төрелердің, Кеңес үкіметінің астыртын саясаты салдарынан араларына жарқыншақ түсіп, үлгерген-ді. Заман лебін тап баса білетін қайын атасы да осы оқуға кетуге себепші болған.

Ересек жасына қарамай, Нәдірша жоғары оқуға баруға тілек білдіріп, жолдамамен Ташкентке аттанады.

Бұл кезде Бақытжан Қаратаевтың отбасы Ақтөбе қаласына ауысады. Нәдіршаның Ақтөбе губерниясына келіп, келісімшартқа отырып, бітіргеннен кейін осында қалған себебі осы болуы мүмкін. Тағы бір себеп — Ырғызда төрелер аз болмаған, әрі бәрі оқығандар еді. Бірақ бұрын келген төренің уақыты мен Ырғыздың сән-салтанаты өзгеше болатын.

Ырғыз бекінісі патшалық Ресейдің отарлау саясатын іске асырудың бір нақтылы тірегі болып, 1845 жылы «Орал бекінісі» деген атпен салынып, біртіндеп өсіп, кірмелер жергілікті халықты өз жағына тартудың бар амалын жасады. Ырғыз уезі бұл өңірді алғаш рет қала атады. Орналасқан жері — баяғы ескі «ноғай жолы» — керуен тоқтайтын орындардың бірі, кейін қала статусын алуға лайықты халық саны да болды. Құрылысы, әлеуметтік салалардың жетілуі, тұңғыш пошта, телеграф, өрт сөндіретін, ауа райын бақылайтын орындармен қатар, мешіт, шіркеу, мектеп, монша, кітапхана, емхана жұмыс істеген. Қала тазалығын сақтауда: малды қалаға кіргізбеу, мал соятын орынды жырақтан дайындау, жәрмеңке орнын сырттан белгілеу, айнала орман өсіру, ағашты кестірмеу, Ырғыз өзені суының тазалығын тексеріп тұру және өзен жиегіне бақылаушы орнатып, күл-қоқыс төккізбеу сияқты шараларды қатаң сақтаған. Қала мәдениетін қалыптастыруда өз нәтижесін берген тұстарда Ырғыз қаласында Мұқамбетжан Қаратаев (1907-1911 жылдары) бес жыл бойы дәрігерлік еткен екен. Оның Қазан мен Орынбор емханаларында білікті дәрігер болғаны белгілі.

Сол заманда бүкіл Орта Азиядағы ең жоғары оқу орнын бітірген 33 жастағы ортан қолдай маманға Ақтөбе қаласынан да қызмет табылатын еді, бірақ Нәдірша Махмұдұлы алыс Ырғызға жіберілген. Мұнда, әрине, үлкен сыр бар…

Қиын заманда ұлан-ғайыр далада шашырап кеткен халықты емдеу, тазалық сақтау шараларын өмірге енгізу үшін Нәдірша Махмұдұлына күні-түні тынбай еңбек етіп және дәрігерлік жәрдемнің барлық түрін өз қолымен жасап, әсіресе жұқпалы ауру, қышыма, қотыр, таз, шешек, сүзек, т.б, түрлерін жеңу оңайға түспегені айтпаса да түсінікті. Нәдірша білгір, көпсалалы дәрігер әрі өзінің мәдениеттілігімен, сыпайылығымен, парасаттылығымен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген.

Сұлтангереевті ел ерекше қадірлеген, оны білетін кісілер арамызда бар.

1934 жылы төрт жылғы шарт аяқталғаннан кейін Нәдірша Мәскеу қаласында арнайы курстан өтіп, қалада 1942 жылға дейін облыстық тері аурулары диспансерінің негізін салған. 1942-1944 жылдары Новоресей ауданында әуелі үш ұжымшардың дәрігері, кейін осы ауданның денсаулық бөлімін басқарады.

Облыстық архивте сақталған Нәдірша Махмұдұлының өз қолымен жазған өмірбаяны бойынша бір тоқталмай кете алмайтын деректі келтіре кетейін:1935-1942 жылдары облыстық тері аурулар диспансерінде дәрігер және қалада тағы үш дәрігерлік мекемені басқарып жүргенде Ырғызда өзі құрған тері ауруларын емдейтін аурухана дәрігерсіз қалып, жабылып қалу қаупі барын естиді. Өз өтінішімен Ырғызға баруға рұқсат алып, қазан айында бір машинаға бала-шағасын, жүгін тиеп, жолға шығады. Новоресей ауданында машина сынып, басқа көлік таба алмай, амалсыздан 1943 жылдың мамыр айына дейін Ойсылқарадағы және 3 ұжымшардағы медбөлімшені басқарып, 1945-1946 жылдары облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқаруға жоғарылады; 1944 жылы «Қазақстанның еңбегі сіңген дәрігері» атағы беріледі. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша төрт кісінің бірі болатын. 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, Отан соғысы жылдарындағы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапталады. Білікті маман, ақылды басшы қызметте бола тұрып, 1947 жылы Ырғызға барып 1952 жылға дейін аурухана меңгерушісі және профилактикалық жұмыстарын атқарады.

Бұл кісінің осынша білімімен, аянбай еңбек етуімен және үлкен парасаттылығымен облыстан Ырғызға екінші рет келуі де ерлік, репрессия қаупі болуы мүмкін екенін біле тұра, әрі өзі іргесін қалаған емхананың жабылып қалмауын міндеті санаған.

1948 жылы Алматы медицина институтының түлегі Гауһар Бақиқызы Құрмаева жас маман ретінде жолдамамен Ырғызға келгенде, Нәдірша Махмұдұлының бағыттауымен тері-венерология ауруханасының дәрігерлік саласын меңгеріп, кейін ұзақ жыл осы аурухананың бас дәрігері болды. Ырғыз халқы бұл аурухананы Құрмаеваның атымен ғана атайтын. 50 жылдай еңбек еткен дәрігер қыз Ырғызға бауыр басты, ел құрметіне бөленді, «Қазақстанға енбегі сіңген дәрігер» атағын алды. 1952 жылы Сұлтангереевтің Ырғыздан Ақтөбеге аттанарда тағы бір тындырғаны — дәрігер Гауһарға сеніп тапсырған үміті ақталғаны.

1952 жылдан өмірінің соңына дейін өзі негізін қалаған облыстық тері аурулары диспансерінің бас дәрігері болған.

Сұңғақ бойлы, ақ құба, биязы жігіт білімді дәрігер ғана емес, адамға қамқорлығы басым, жүзінен нұры төгіліп тұрған мейірбан кісі болған. Жары София кіші медбике бола жүріп, екеуі тынбай еңбек еткен.

«Дәрігердің домбырашылы өнері бар болатын, әдемі қоңыр даусымен Абайдың әндерін нақышына келтіріп орындайтын еді», — деп есіне алады ауыл ақсақалдары.

Нәдірша Махмұдұлы 1959 жылы 22 шілдеде Алматыда 62 жасында дүниеден өтті. Кеңсайдағы зиратта жерленген.

Зайыбы София Бақытжанқызына 20 рубль зейнетақы тағайындалыпты, кейін Сұлтангереевтің ерекше еңбегін ескеріп, зейнетақы 40 рубльге көтеріліпті. София апай 1993 жылы 90 жасында Ақтөбеде, ал әкесі Бақытжан Қаратаев 1934 жылы 74 жасында бақилық болды.

Нәдірша — Махмұдтың он баласының бірі, бауырлары туралы білеріміз аз. Тегіне келсек, төре Әбілқайыр ханның үлкен ұлы Есімханның ұрпағы. Орда, Оралда өнер, білімді таратқан төрелер жоғары білім алып, Қазақстанның басқа өңірлеріне де тарай бастаған. Бұл кісінің ханның қай баласынан тарағаны және атасы, әкесі, бауырлары туралы деректі зерделеуді тарихшылардың үлесіне қалдырамыз.

Сұлтангереев сияқты білікті адал перзенттің атын өзі құрған медицина мекемелеріне берсе, озық дәрігерлерге осы кісі атындағы жүлде тағайындап, еске алып тұрса, Ақтөбе мен Ырғызда көше атын берсе артық болмас деп ойлаймын. Нәдірша Махмұдұлы Сұлтангереев сынды өз мамандығына, халқына адал ұл-қыздарды ардақтау — бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Рысжан ІЛИЯСОВА.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button