Мәдениет

Ел жадында қалған жан

Облыстық халық шығармашылығы орталығы және «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбедегі филиалы көрнекті күйші, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің негізін салушылардың бірі — Қамбар Медетовтің 120 жылдығына арналған «Күйші Қамбар» атты еске алу кешін өткізді. Шараға белгілі күйшілер, Қ.Медетов атындағы Мәртөк аудандық өнер мектебінің өкілдері, жастар қатысты.

Кезінде репрессияға ұшырап, есімдері мен еңбектері ұзақ жылдар бойы аталмай келген өнер қайраткерлері аз емес. Солардың бірі —  белгілі күйші,  Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы, ұлы композитор Дәулеткерей, ғажайып әнші Мұхит секілді музыка тарихында аттары алтын әріппен жазылған өнерлі әулеттен шыққан Қамбар Медетов XX ғасырдың 30-жылдарындағы саяси репрессияның құрбаны болып, Қиыр Шығыстан оралмаған.

Қамбар Медетов «Ақсақ құлан», «Боғда», «Жошы хан», «Шалқыма», «Қарасай», «Қостайбек», «Ел айырылған», «Қара жорға», «Алтынай», т.б. көптеген күйлерді нәшіне келтіре тартқан. Солардың ішінде ерекше көңілінен шығып, жадында сақталғаны — атақты «Ақсақ құлан» күйі.

Атақты Александр Затаевичке халқымыздың бай ән-күй мұраларының бірқатар нұсқаларын жаздырып қалдырған өнер иесінің еске алу кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы Жайлау Асылханов, «Күйшілер одағы» облыстық филиалының төрағасы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас концертмейстері әрі оқытушы Талап Хамзин бастаған күйшілер Қазанғаптың «Көкіл», «18 жасар Балжан қыз», сондай-ақ халық күйі «Ақсақ құланды», т.б. тартты.

Шара аясында 9 күйші Күйшілер одағына мүше болып, оларға одақтың куәліктері табысталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button