Экономика

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі

Шалқар ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Жыл өткен сайын мал басы көбейіп, өнім өндіру қарқын алды. Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуы нәтижесінде, бүгінде аудан тұрғындары жергілікті ет, сүт өнімдерімен толық қамтылып отыр. Көршілес Ресей, Өзбекстан елдеріне де өнімдерін экспорттау қолға алынған. Осы орайда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Сембаймен тілдескен едік.

Мал басы артып келеді

Қазір Шалқар ауданында кәсібін дамытып отырған 510 шаруа қожалығы бар. Олардың негізгі бағыттары — мал шаруашылығы. Шаруашылық иелері төрт түлік мал өсіріп, оның өнімін нарыққа сатумен айналысады.

Бөлім басшысының айтуынша, ауданда жыл сайын мал басы саны көбейіп келеді. Нақтырақ айтсақ, үстіміздегі жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 51 011 мүйізді ірі қара, 129 675 қой-ешкі, 32 991 жылқы және 12 710 түйе бар. Бұл көрсеткішті өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мүйізді ірі қара 106,2 пайызға, қой-ешкі 101,5 пайызға, жылқы 111,5 пайызға және түйе 102,4 пайызға артқан.

— Шалқар ауданында биылғы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында өндірілген өнім көлеміне тоқталсақ, 3531,7 тонна ет, 5234,6 тонна сүт, 222,4 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндіру 107 пайызға, сүт өндіру 102,2 пайызға, жұмыртқа өндіру 104 пайызға артып отыр. Алдағы уақытта мал басы санын, сапасын, одан алынатын өнімдерін, суармалы егіс көлемін арттырып, тамшылатып суару әдісін қолданысқа кеңінен енгізу жоспарланып отыр, — дейді Айбек Сембай.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі — қаржылай несиелендіру. Бұл бағытта бірнеше қаржы институттары шаруашылықтарға мал басы санын, сонымен қатар сапасын да арттыру мақсатында несие береді. Несие қаражаты 15-16 пайыздық үстемемен беріледі. Осы пайыздық мөлшерлеменің 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондай-ақ шаруашылық алынған несиенің тек 5-6  пайызын ғана төлейді.

— Мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрі  —  субсидиялау. Бұл бағытта да шаруашылықтар көптеген игілікті істерге қол жеткізуде. Мәселен, асылтұқымды аталық мал (бұқа, қошқар, айғыр) сатып әкеліп, осы арқылы төл сапасын жақсартқаны үшін де мемлекеттен қаржылай көмек алып отыр. Мал азығына кеткен шығынның бір бөлігін өтеу үшін де субсидия  төленуде. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын сатып алғаны үшін республикалық бюджеттен 25 пайыздық және облыстық бюджет тарапынан 10 пайыздық субсидия төленеді.

Алыс жайылымдарды суландыру бағытында да мемлекет шаруаларға бірқатар қолдаулар көрсетуде. Атап айтсақ, мал суару үшін қазылған ұңғымаға кеткен шығынның 50 пайыздық қайтарымы беріледі, — дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Ет, сүт, жұмыртқа және көкөніс өнімдерін өндіріп отырған  шаруашылықтар аудан тұрғындарын тиісінше қамтамасыз етуде. Шаруашылықтар өздері өндірген өнімдерін сауда желілері арқылы халыққа ұсынып отыр. Сондай-ақ ет өнімдері жартылай фабрикат түрінде (манты, фарш, тұшпара, т.б.) де дайындалып, халыққа жеткізілуде.

Аудан шаруашылықтары жыл сайын 25-30 тонна аралығында мүйізді ірі қара және қой етін Ресей, Өзбекстан елдеріне экспорттауды жүзеге асыруда.

Кәсіпкер жылқы шаруашылығын қолға алды   

Шалқарлық жеке кәсіпкер Мейрамбай Нұржанов Есет Көтібарұлы ауылдық округінен 30 шақырымдай жерден «Тұлпар М» шаруа қожалығын құрып, жылқы шаруашылығымен айналысуды бастады. Ол үшін кәсіпкер былтыр «Еңбек» бағдарламасы арқылы 6 пайыз жеңілдікпен 4 миллион теңге несие алып, 10 жылқы сатып алған.

— Бүгінде елімізде кәсіп бастаймын деген жанға қолдаулар көп. Бұл өте қуантарлық жағдай. Сол қолдауды сезініп, бүгінде мен де өз ісімді қолға алдым. Былтыр шаруашылықтың басынан үй салдық, енді мал қора салуды бастаймыз.

Байқадам ауылында тұрып, бала кезімізден мал өсірудің қыр-сырын біліп өстік. Қой, жылқы шаруашылығымен айналыса жүріп, мал басын көбейту мақсатында жеңілдікпен несие алдым. Енді биыл «Алыс жайылымдарды суландару» бағдарламасы арқылы қаржы алып, ұңғыма қазу жоспарда бар. Ол қаржыға әзірге су сорғысы мен электрогенератор сатып алып қойдық, — дейді кәсіпкер.

Қазір оның шаруашылығында 50 жылқысы бар. Алдағы уақытта бие сауып, аудан халқын ұлттық сусынмен қамтамасыз етуді көздейді.

— Қазақ халқы ерте заманнан-ақ төрт түліктің ішінде жылқы малын ерекше көріп, қастерлеген. Мінсең көлік, жесең тамақ, ішсең сусын болатын жылқы малының жан баласына пайдалы жақтары жетерлік. Әсіресе оның өнімі — саумал мен қымызы дертке дауа, бойға қуат дарытатын емдік қасиеті бар. Ұлттық сусынымыз бүгінгі таңда да өз құндылығын жоғалтқан емес, — дейді Мейрамбай Нұржанов.

Бүгінде Нұржановтар жылқы шаруашылығын отбасылық кәсіп қылып отыр. Шаруашылыққа кәсіпкердің екі ұлы да қолғабыс етеді.

Болашақта тағы бір жоспарларының бірі — мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алуға кепілдік табылса, түйе малын сатып алу.

— Бүгінде ауданымыздың, әсіресе Бозой, Айшуақ елді мекендерінде түйе шаруашылығы жақсы дамыған. Қазір нарықта шұбат пен қымызға сұраныс өте жоғары. Алдағы уақытта осы саланы дамыту ойда бар, — дейді кәсіпкер.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button