Әдебиет

Ұлы сезім

(Жалғасы. Басы өткен санда)

(Романнан үзінді)

Қыс кетіп, көктем жетті. Жаз өтіп, күз келді. Сары алтынға бөленіп, қаланы жылы құшағында әлдилеген әдемі күз. Әлі ыстық қайтпаған. Нұрлан пиджагін қолына артып, жеңдерін сыбанып келеді. Оның қасында келе жатқан Гүлжан үстіне киген костюм-юбкадан тымырсық ауаның ыстығын сезбегендей жайбарақат.

Екеуі театрдан шыққасын, бір-біріне үн қатпастан біраз жүрді. Гүлжан басына қара қалпақ киген қарсы алдындағы орта бойлы, өңді, жас шамасы орта жастағы кісіні көргенде қабағын кіржитіп, көзін алмай жауыға қарап қалған. Ол болса, бұларды көрмегендей, көшенің оң жақ бұрылысына қарап, қастарынан асығыс өте шықты.

— Оған неге қарадың? — Нұрлан жақтыртпаған сыңаймен сұрады.

— Е, оның себебі бар. Айтайын ба? — деп күлді Гүлжан.

— Айт! Айт, әрине!

Бір жолы бір суретшінің көрмесіне қатысып, үйге қарай кетіп бара жатқанымда, жаныма бір машина тежегішін басып тоқтай қалды. Терезесінен  маған күліп қараған жүргізуші жымиып:

— Қарындас, көріп әдейі тоқтадым. Отырыңыз, апарып тастайын, — дегені.

Оның суретші екенін сырттай білем.

Аяғымдағы туфли өкшемді қажап, жүре алмай келе жатқам. Ішімнен қуанып кеттім. Үн-түнсіз машинаға отырдым.

— Сізді жиі көрем. Көрмеге жиі келіп тұрасыз…

Апыр-ай, астындағы көлігі қалай жүйткісе, сөзге де солай жорға болып шықты. Аузымды ашуға шама келтірмей, бір өзі дес бермей сөйледі.

Бір кезде бойымды жинап үлгердім.

— Қайда барасыз? — дедім алақтап.

— Үйге баруға асықпаңыз, күн әлі ерте ғой, — дейді маған күле қарап:

— Қайда тұрасыз?

— Ауылда.

— Ауылдың аты бар ма?

— Автостанцияға апарсаңыз болды.

— Алдымен бір жерге соғайық. Сосын апарамын, — деді ол.

Сүйткенше болған жоқ. Бөтен бір үйдің ауласына

машина кілт бұрылып тоқтады.

Ол алға түсіп, үйге қарай жүрді. Мен артынан ілестім. Екінші қабатқа жеткенде, қалтасынан кілт шығарып, есік ашты.

Со мезетте секем алдым.

Ол есікті ашып болған бойда маған қарап:

— Кіріңіз, — деп жол берді.

Сөз айтуға шамам болмады. Аяғымды зорға басып, үрпиген күйі

табалдырықтан аттадым.

Ол менімен қабаттаса кірген бойында есікті іштен кілттеді.

— Жоғары шығыңыз, — деді саусағымен төрді

нұсқап. — Үйде ешкім жоқ. Қысылып-қымтырылмай отырыңыз.

Бөлменің едені айнадай жылтырап жатыр. Бірақ жиналмай қалған үстелдің үсті неше түрлі тағамға толы. Ішімдіктің шынылары да мені көрдің бе дегендей мойындары сорайып тұр.

Ішім мұздап қоя берді.

— Менің кетуім керек, — Денем қалтырап даусым зорға шықты.

— Неге? — деді ол таңырқаған үнмен.

— Жайланып отыруға менің уақытым жоқ.

— Жібермеймін, ең болмаса, дайын тамақтан дәм татыңыз. Әйтпесе,

босатпаймын, — деді.

Көңілім қобалжып, өзіме-өзім қорландым. Жұртты да өзімдей көріп, бейтаныс адамның айтқанына, сеніп қалғаныма ызаландым. Абажадай бөлмені көргенде бойымды қорқыныш биледі.

— Менің кетуім керек .

— Денем қалтырап даусым зорға шықты.

— Неге? — деді ол жымысқы күліп.

– Жайланып отыруға менің уақытым жоқ…

— Жібермеймін, — деді ол жылмиып.

Қайдан ғана міне қалдым? Сыпайылық, жайшылықта екен. Бойымнан әл кетіп, тізем дірілдеп кетті.

— Алдағаныңызға илана қояр бала емеспін. Есікті ашыңыз, — деп дауысымды қатты шығардым. Өктем сөйлегенім оған әсер етті ме, ойы іске аспайтынына көзі жеткендей, үн-түнсіз келіп есік ашқанда, тордан құтылған тотықұстай сыртқа ытқып шықтым.

— Содан ұялғаны шығар. Өзің көрдің ғой, мені байқамаған болып кетіп бара жатқанын, — деді Гүлжан.

— Қызық екен, — деді Нұрлан не айтарын білмей күмілжіп.

— Несін қызық дейсің, оңаша жерге апарғандағы мақсаты не екенін

түсінбедің бе?

— Біздің көршіміз бар. Облыстың бір дөкейі, ауыл шаруашылығының

басқарма бастығы, неше жылдан бері үшінші қабатта бізге қарсы есікте тұрады. Аты — Ырысбек. Қақшиған біреу еді. Ернін жыбырлатуға ерінетін. Тілдері — орысша. Балдарына дейін орыс болмаған несі қалды? Қазақтың салт-дәстүрін білмеген, өз тілін түсінбеген адамнан қандай қадір-қасиет күтесің? Айтайын дегенім, бұл да емес-ау, жұмысында бір қызбен көңілдес болып, тапқан-таянғанын соған беріп жүрсе керек. Соны сезген әйелі Сандуғаш жай-жапсарын білуге күйеуінің жұмысына барса, есік тарс жабық. Жабық есікті тұтқасынан жұлқи тартса, ашылып кетіпті. Күйеуі уыздай жас қызды құшақтап тұрғанын көріп, ашудан не істеп, не қойғанымен шаруасы болмай, кабинеттің ішінде шу шығарады. Сол арада қызметтестері жиналып, бірі бетін шымшып, енді біреулері, әдейі ұйымдастырылған қойылым деп қабылдайды. Со бойда Ырысбек жұрттың бетіне қарай алмай, кабинетінен шығып кетеді. Не керек, оны жұмыстан шығарады. Әйелі сотпен айырылысады да, жарты жыл өтер-өтпестен қайта қосылады. Бас бір айналса, шыр айналатын әдеті емес пе? Содан Ырысбектің басы айналған үстіне шыр айналып, жұмыс істеген жерінде тұрақтай алмай, шығып кете береді. Заман өзгеріп, завод-фабрикалар тоқтап қалғанда, Ырысбек бір мекемеде күзетші болып тұрақтаған. Сол  кезде екі қыз,  бір ұлы есейген еді. Қыздары күйеулерінен айырылысып, үйіне қайтып келді. Ұлы Оспан ішкілікке салынып кетті. Әйелі Сандуғаш мұғалім еді. Денсаулығы болмай, зейнетке шықты. Қазір Ырысбек бұрынғыдай емес, өзгерген. Басын иіп, қазақша сөйлеп, амандасатын болды.

— Бұның бәрі неден екенін білесің бе? — деді өзінен-өзі жазық маңдайы

тырысқан Нұрлан. — Өз билігіңе өзің ие бола алмағанның кесірі. Орыстың айтқанын істеп, жетегіне ергеннің кесірі. Ақыры келіп, салт-дәстүрімізді аяққа таптап, тілден айрылдық. Енді, міне, өз тілімізді ұмытатын жағдайға да көштік. Егемендік алдық деп, әлі күнге дейін жеңімізді түріп мәз боламыз. Шын мәнінде, бізде өзгерген ешнәрсе жоқ, бәрі бәз-баяғы қалпы. Ұлттардың бірлігі — татулықта, достықта деп, дақпыртқа салынып кеттік. Қай ұлтта бірлігін, достығын білдіріп жатқан жоқ, қайта тойынып алып, дүрдиіп, айбат көрсетіп шыға келеді. Айтқаннан не пайда?

— Осы, әңгіме өзі неден шығып кетті? Әә, есіме түсті. Әңгіменің түп

қазығы суретшіден шығып кетті. Арты не болды? Сонан кейін оны көрдің бе?

— Одан кейін тағы бірде көрмедегі кездесуден көрдім. Мені байқамаған  болып, біреумен сөйлесіп тұрды. Сонан кейін көргенім, жаңа ғана. Оны неге  сұрадың?

— Сенің ойыңда жүрген ер адамды естісем, қызғаныштан өліп кетуге бармын. Қызғаныш деген жаман ғой, өрт сияқты. Әл бермейді.

— Сондағы айтпағың не? — деді Гүлжан.

— Қашанда ішіңдегі сүр боп жатқан сырыңды білуге асығам. Сенің өмірің өзім ойлағандай, кристалдай таза болса екен деймін. Бұлақтың суындай мөлдір болғанын қалаймын. — Гүлжанның иығынан ұстап келе жатқан Нұрлан өзіне тартып маңдайынан иіскеді.

— Бұның не? Көшеде келе жатқан жоқсың ба? — деп басын шайқады

Гүлжан.

Күйеуінің айтқан сөзі оның жанын жаралағандай әсер қалдырды.

— Сонда маған сенбегенің бе? — Нұрланға жақтырмай қарады. Әп-сәтте түсі қашып кетті.

— О не дегенің!? Онда мен саған қиянат жасаған болар едім.

— Өзің емес пе, қарадан қарап, күдік ойдан арыла алмай жүрген.

— Оның рас. Еркектерді айтқан сайын, менің саған күдігім өрши түседі. Ондай кезде  сөзіңді аяғына дейін аяқтай алмай, бөгеліп қаласың. Бұл менің қызғанышымды қоздырады. Сонда неге үйтті деп әлек болам. Шыдамым таусылып, сұрағанымда жауап қатпайсың. Ішімнен не істерімді білмей, айран-асыр болам. Менің әбіржіген күйімді көріп тұрсаң да, сыр бермейсің. Қайтер екен дейсің бе, көңіл аудармайсың.

— Сонда мені кім деп ойлайсың? — Келіншектің жанарына мөлтілдеп

жас тығылды.

Бұл кезде екеуі қонақүйіне келіп жеткен.

Олар тымырайған күйі үн-түнсіз жатты.

«Нұрланға неге көңілім қалды? Жазығы не? Қай сөзі маған ұнамады?  Ойындағысын айтқанына кінәлі ме? Мен оны  жақсы көрем. Ақкөңіл. Бала сияқты. Арамдығы жоқ. Ойындағысын ақтара салады.  Ал мен нағыз эгоиспін. Өзіме шаң жуытқым келмейді. Осылай жүргенде арамыз суып кетсе, не болады?»

«Осы менің қолапайсыздығым-ай, не деген ақымақпын. Бейберекет сөйлеп нем бар еді? Қарадан қарап өкпелетіп алғанымды қарашы».

Ақыры Нұрлан шыдай алмады. Теріс қарап жатқан сүйіктісін кенет құшағына қысқан. Ішінен әрі-бері қыдықтаған. Сонда да Гүлжан теріс қарап жатқан күйі міз бақпады. Болмаған соң, күштеп өзіне қаратты.

Оның көзіндегі жасты сүйді. Тым ащы екен. Жұтарын, не түкірерін білмей, төсектен тұрып кетті.

Енді әлгіндей емес, қайтсем де сөйлетпей қоймаймын деп, батыл кірісті.

— Неге өкпеледің? Жазығым не?

— Өзің ғой, қайдағы-жайдағы болмайтын бірдемелерді айтып, жүйкеме тиесің. Мен сені ұнатпасам, жақсы көрмесем, келем бе? Соны білсең, осы  сөздің не керегі бар?

— Онда неге жыладың?

— Маған сенбесең, неге жыламайын?!

— Сол-ақ па?! Соған жылай ма екен?

— Кеудемнен итергендей болсаң, жыламағанда қайтем? Маған бұлай  қарама. Көңілім бос, қит етсе, жылағым кеп тұрады.

— Мен саған сондай  қатты сүйсінемін, — деді Гүлжанды бауырына қысып, шашынан сипаған Нұрлан.  — Сенің орныңда басқа біреу болса, берген уәдесінде тұрмас еді. Әртүрлі сылтау айтып, тайқып шығар еді. Әр келген сайын, енді қайтып келмейтін шығар деп: қимыл-қозғалысыңды, жүріс-тұрысыңды, беріліп тыңдаған әңгімеңді, көңілің нілдей бұзылғанда өңің қашып кететіні, телефонмен сөйлескенде қандай жағдайда тұрғаныңды  білетінім, жарыса  сөйлесіп, уақыттың қалай өткенін байқамай қалатыным да, ойлаған ойымыз бір жерден шығып, бір-бірімізді іштей ұғынатынымызды да, еске алуға тырысамын. Уақыт өте келе, осы секілді болмашы нәрседен санам тазарған сайын, екеуміздің арамызда алынбайтын қамалға бергісіз, кедергі тұрғандай болды. Қазір сенен айырылып қалсам, күнім не болады деп, тұла бойым мұздап қоя береді. Сағыныштан сарғая жүріп, сенің келгеніңді күткен сайын, күдікті ойдан арылам. Бұл сені жаңа танып, саған деген сенімімді арттыра түсті.

Тағы да айтарым:

— Өзіңе қарсылық білдіргеннің бәрінде көнбесіне қоймай көндіріп,

түбінде жеңіске жететініңе кәміл сенемін. Бұған не айтасың? — деді Гүлжанды алақанымен жауырынынан қағып.

Нұрланның кеудесінде шашы қобырап, басын қойған күйі қыбыр етпей жатқан  Гүлжан жалма-жан  жайылған шашын жинады да:

— Әрине, саған айтуға оңай, — деді. Менің қазір қандай халде екенімді

білмейсің. Сен түгілі өзім білмеймін, алдағы өмірімнің не болатынын? Бейнебір тұман ішінде адасып жүрген адамға ұқсаймын. Үмітім үзілгендей сезінем. Жан беру қалай қиын болса, сол жағдай менің басымда. Мен оларға,  апамдарды айтам, бас иіп көнетін болсам, келешегім  құрдымға кетті дей бер. Маған сенсіз өмірдің қызығы қалмайды, — деді көздері боталап. — Бұдан әріге шамам жететін емес. Бұрын қанша қиыншылық көрсем де, өмірдің қызығы таусылмайтындай сезінетін едім. Қызығына тоймаушы ем. Сөйтсем, оным бекер екен. Әйтпесе, уайымсыз-қайғысыз, дегеніме жетіп,  жұрт қатарлы күліп-ойнап жүрер ем ғой. Шешеммен бірге бауырларым да қосылып, айтпайтын сөзі жоқ. Қолдарынан келсе, мені талап жеуге бар.  Алдағы уақытта олармен бірге өмір сүру — азаптың азабы. Маңдайыма тағдыр солай жазса, амал қанша?! Сен үшін өмірдің қандай тозағына да төзуге бармын. Бәрінен де сені кездестірген Аллаға ризамын. Сенсіз маған өмір қараң. Туғандарым сонша неге жек көреді мені. Бірде-біреуі менің жағдайымды түсінгісі келмейді. «Естіген құлаққа ұят!» — дейді. «Тума-туыстардың және де таныстардың мазағына қаламыз», — дейді. Маған олардың мазағы, ұяты неге керек? Өміріме өзім қожа емеспін бе?! Ұнатқан адамыммен бірге қуанышқа бөленіп, шаттыққа кенеліп, бірге жүргенге не жетсін! Адам уақыттың мәнін өте келе біле ме деймін. Сылтаумен ішімді босатып алдым. Ішіңдегіні ақтармай, жарылып кетпей, қалай шыдайсың дейтін едің. Енді мені түсінген шығарсың. Қит етсе, маған балаша өкпелейтін мінезіңді  қоярсың, — деді Гүлжан жымиып.

Оның көздерінен мейірім көрді.

Сенімді үнмен:

— Менде артық-ауыс ой жоқ екенін түсінген шығарсың. Балаша өкпелегеніңді бұдан былай сен де доғар, —  деді.

— Тоқалыма өкпелесем, несі ұят? Әлде өкпелеген саған жарасып, маған жараспай ма?

— Әлбетте, менің саған өкпелеген болып, еркелейтін жөнім бар. Сен менің ақылшымсың, арқасүйер тірегімсің. Саған не жоқ? Екеуміз бірдей өкпелеп теріс қарасақ, не болады? Баладан артық жеріміз болмайды.

— Саған берген ақылды маған неге бермеген? — деді Нұрлан.

Ол әлі де әңгімені жандандыра түскісі келген еді.  Бірақ Гүлжанның түнгі пойызға отыратыны есіне түскенде көзі жайнап:

— Бізге қашан да уақыт жетпейтін еді ғой. Бүгін неғып жайбарақат

жүрсің? — деді.

— Кеткім келмей тұрған жоқ па.

— Аа, онда кетпей-ақ, қал жанымда!

Бірінен-бірі қалыспай, жарыса күлді.

 

***

Көшеде жел тынып қалған. Сұрғылт аспаннан майда жаңбыр себелейді. Нұрлан мен Қалижан аяңдап, қарама-қарсы тұрған зәулім биік үйдің жанындағы маңдайшасына «шарапхана» деп жазылған есікке  кірді.

Шарапхананың іші мұнтаздай тап-таза, қабырғалары ашық түсті сырмен боялған, едені жаңа ғана сырланғандай  жылтырайды. Жиһаз дегеннен мұнда сары түсті буфет, бірнеше столдар мен орындықтар ғана, бәрі де бір түстес ағаштан жасалған. Төрге жақын  оң жақтағы  столға екеуі барып отырды.

— Ешкім бізге кедергі болмайтын, оңаша осы жер ыңғайлы, — деді Қалижан орындыққа жайғасып жатып.

— Сөзіңнің мағынасына қарағанда, әңгімемен мені баурап алайын деп тұрсың-ау. Сағынып  кездескеннің бір жақсы жері, осындайда көңілің көкке көтеріліп, мәз-мейрам боласың. Сені білмеймін, маған солай. Ондайда ішкен сыра да сіңімді. Бұл жерде бұрын болғаным бар. Адам көп болады. Айналасында тұратындардың көбі мына цемент заводында істейтіндер, кейде орын болмай кезекте тұрады. Бір жақсысы, ішетіндер сырасын  мақтайды, — деді Нұрлан.

— Бәрінен де маған, сенімен сыра ішкен ұнайды. Ырым етіп ұрттағаның болмаса, өзіме қалады. Сенің арқаңда сылтаумен сыраға тойып алам. Сосын мені сөзге желдіртіп қойып, құлағыңды тігіп, үнсіз күлімсіреп, сен отырасың. Мен болсам, ішімді босатып, жеңілдеп қаламын.

— Балалық шақтың қызығы біз екеумізде әлі басылмаған, сағынатынымыз соның әсері болар. Балаларымыз отау тігіп, есейген қазірдің өзінде бір-бірімізді қызық қуғандай іздейміз. Осы  айтқаным дұрыс па? — деді Нұрлан Қалижанға.

— Ол қайта жақсы емес пе?! Қаумалаған мазасыз ойдан құтылып, бір сәтте болса, көңіліміз көтеріледі. Осы, сен неғып үндемей отырсың? Жалғыз досыңның туған күнін ұмытқансың ба?

— Солай екен ғой. Құтты болсын! Қалай есімнен шығып кеткен? — деп Нұрлан орнынан тұрып, Қалижанды құшақтап, қолын қысты. —  Мен әдейі саған келдім. Туған күнді атап өтуге. Осы уақытқа дейін қанша дос болып жүрсек те, туған күнімізді бірге өткізген емеспіз. Сен болсаң маңқиып, менімен шаруаң жоқ, үндемейсің. Бүгін маған маза бермейтін болғасын,  келетін жолдас-жоралардан әдейі қаштым.

— Ол айтқаныңның жаны бар. Сені ұстау қиынның-қиыны. Өйткені сұйық жүрісің көп,  — деді Нұрлан сылқ-сылқ күліп, беторамалымен маңдайын сүртіп жатып.

— Саптыаяқ әкел, — деді Қалижан аққұба орыс келіншекке саусағымен

мұртының ұшын ширатқан болып.

Шүмекті бұрап қойып, келіншек:

— Екеу ме? — деді.

— Қазақша таза сөйлейді екенсіз. Қалай үйрендіңіз? Даусыңыз да  сүйкімді естіледі, — деді езу тартып жымиған Қалижан.

— Иә. Бұрын тұрған жерде орыс мектебі болмай, қазақ мектебінде оқыдым.

— Бәсе. Онда күйеуіңіз де қазақ шығар.

— Қалай біліп қойдыңыз? — деді келіншек саптыаяқты Қалижанның алдына қойып жатып.

— Сіздей сұлу қызға үйленген жігіт те тегін болмады. Жігіттің ішіндегі төресі болар.

— Төресі дегенді білмеймін. Бірақ өкінбеймін, — деп күлді ол.

— Осы сенің әйел көрсең, есің ауып кететіні несі? Оңды тісің де

жоқ. Балпылдап сөйлеп қоймайсың, — деді орыс келіншек кеткен бойда қабағын шытып Нұрлан.

Артына бұрылған келіншек:

— Е, сөйтіңізші, аға! Ағайдың даусы да қатты шығады екен. Басым ауырып кетті, — деді.

— Құлағы ауыр. Өзі естімейтін болғасын, басқаларды да естімейді деп ойлай ма, ылғи даусын көтеріп сөйлейді.

— Қойдым, қойдым, — деп Қалижан мұртын сипап қойды.

— Ауру қалса да, әдет қалмайды деген сөзді бекер айтпаған. Әйел көрсең, сипақтаған әдетіңді ендігі жерде қойсайшы, — деді өкпелеген баладай тыжырынған Нұрлан.

— Онда тұрған не бар? Көңіл көтергенге не жетсін?! Ойын-сауықтың не екенін білмейсің. Саған ерсі болып көрінетіні содан. Жүрген жерімде ат шаптырмадым, басқаның бәрі болды. Өзіңнің қолыңнан келмегесін, көре алмайсың, әйтпесе, бұл жерде артық ауыз сөз болған жоқ. Өзімізбен бірге жанымыздағылардың да көңілін аулап қойғанның несі айып.

— Бір өзің сөйлей бересің бе, мағанда кезек берсейші, — деді Нұрлан саптыаяқты қолына ұстап:

— Бүгін мені бір емес, екі рет сөзбен ұттың. Бірі — туған күніңді ұмытқаным болса, екіншісі — маған келіп қуанышыңды бірге бөліскенің, — деді.

— Мен сен сияқты қатты емеспін, ақкөңілмін. Жер асып, су асып кеткесін бе, ауылды көп ойлаймын. Сені көргенде сол сағынышым басылғандай күйге түсем. Дос-жаран жетеді. Бірақ сенің орның олардан бөлек, — деді Қалижан Нұрланға қарап.

— Өзгерейін деген екенсің. Құйғанша шыдай алмай, бөтелкенің аузынан ішетін едің. Оны қойғансың ба? Алдыңда тұрған саптыаяққа қолыңды әлі бір де тигізген жоқсың. Бұның не?

— Кеше көп ішіп қойғанмын ба? Таңертең басымды көтере алмай, қызыл күрең бес жұлдыздан ұрттап едім. Шынын айтайын, зауқым соқпай отыр.

— Туған күнің құтты болсын! Денсаулығың зор болсын! Немере, шөбере, шөпшек сүйіп, жүзге жет! Ойын-күлкіге тоймай жүре бер! Ал енді сол үшін өзім ішіп қоямын, — деп саптыаяқты қағып салды.

— Рахмет! Жақсы айттың. Бірақ түйістірмегенің қалай? — деді таңырқап.

— Сыраны несіне түйістірем. Ішіңе сыйғанша, суша сіміресің. Арақ болса бірсәрі, қалай ішем деп ащы дәміне бола қиналып соғыстырсаң, дем береді. Солай емес пе?

— «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген. Ойламаған жерде тігісін келістіріп жіберетін пысықтығың бар. Әйтпесе, сыра да ішімдікке жатады. Сыраға да масайып қалады. Мен саған қызық айтайын. Бұл өмірден мен не көрмедім?!  Бірақ сен бұл әңгімені ешкімге айтушы болма. Онда өкпелеймін. Мына сыраның дәмі шынында да өзгеше екен, — деді тамсанып.

— Жаңа ғана айтқан жоқпын ба, жақсы екенін, — деді Нұрлан орнынан қозғалақтап.

— Мен бірде бал қосқан сыра да ішкенмін. Оны көп ішуге болмайды екен, жүрегіңді айнытады. Мынаның ішіне не қосты екен,ә? — деп беторамалымен көзін сүртті де:

— Жаңа саған айтайын деген әңгімені ұмытып қалғанымды қарашы, — деп төмен қарады.

— Сыра жайында ғой деймін, — деді Нұрлан оған.

— Әә, иә,иә. Осы сыра мені  екі рет тілеп алған ауруымнан құтқарды. Басымнан өткізген бұл жайды жан баласына айтқан емеспін. Кезінде қызмет бабымен қайда бармадық? Іссапармен Қазақстанды түгел шарладым. Бірде мынадай жағдай болды.

Жұмабек деген бір мекеменің бастығы үйіне

қонаққа шақырды. Көпшіліктің аты – көпшілік. Дастархан жайылмай-ақ,  қызу әңгіме басталып кетті. Жұмыспен барған менен басқасының бәрі бірін-бірі таниды. Әрқайсысының беттеріне қарап, сөздерін тыңдап отырмын. Үлкендерге орын беріп, төрдегі орнымнан ығысып, бір қарасам, төменгі жақта отырғанымды аңғардым. Жиналғандарды өзіме қаратпай, араларында елеусіз қалғаныма қуандым.

Бір кезде қасымда келісті келіншектің отырғанын байқап қалдым. Ондайда тыныш отыра алмайтынымды білесің. Көз қиығыммен қарасам, бет аузын бояған қас пен кірпігі тікірейіп, қып-қызыл жұқалтаң ерні шүртиіп, маған «қарап қал» деген кейпін танытқаны ма екен, әлде айтып жатқан әңгіменің тигізген әсері ме екен, өзінен-өзі жымиып отыр.

Басқа білмесе де, сен білесің, көңіліме ұнаған әйелге делебем қозып кететінін. Мына отырған жерім көзге түсе қоймайтын, өзара сөйлескенге ыңғайлы, жақсы екен.

Ішім пысып кетті. Қасымда отырған келіншекке қарадым. Сол сәтте бір-біріміздің көзіміз түйісті. «Жақсы нышан» деп жорамалдадым. Келіншек те жымиды. Мен де езу тартып жымиған болдым. Маған да керегі осы еді. Сөзге тірек табылды.

— Сізді жалғызсыратып қойғаныма кешірім сұраймын, — дедім.

— Оқасы жоқ. Менің де келгенім жаңа, — деді ол. Кішкене қой көзімен

жан-жағына қарағыштап.

— Таныса отырайық — Қалижан!

— Мақпал!

— Қалай тауып қойған?! Атыңызға затыңыз сай екен.

— ?!

Ебін тауып көршімнің түр-түсіне көз жүгіртіп, есте қалатындай қарадым. Қараторы келіншек әп-әдемі өңінің ұшқынын кетіріп, бояуды аямай жаққан. Қоңыр түстес қолаңшашын екі бөліп, оны өріп арқасына жіберген де, гүл аралас жібек орамалды басына тартқан. Маңдайынан орамалды сәл көтергенде байқадым, саусағының тырнақтарын қызыл күреңмен бояған. Енді бір сәт көз жүгіртіп қарасам, жаңағы келеңсіз көрген көрініс қайда кеткенін білмеймін, сұлулығын паш еткен жаратылысында бір мін жоқ. Ішке 3-4 рюмке барғанның әсері шығар, мұның алдындағы ол туралы айтқандарым айдалада қалып, көзіме хор қызындай көріне берді. Бір сөзбен айтсам, қасымдағы отырған сұлудың сұлуы!

Енді бір қарасам, алаулаған жүзі жарыққа  шағылғандай тайсақтады. Оқтаудай түп-түзу қыр мұрын да келбетіне өң беріп тұр. Сол жерде «қылығы» қандай болады екен деп, мен көріп жүрген әйелдердің біріне де ұқсата алмай, аңсарымның ауғаны. Қыз-келіншектің бәрі де қол жеткенше, арманым болған жоқ па?! Осы менің көрсеқызарлығым-ай! Бір көрмеге маған айдай сұлу болып кететіні несі екен?

Көпшіліктің ішінде екеуара бөлініп, сөйлесіп кеткен келіспейді.Танымайтын ортада әдеп сақтамасаң, тағы болмайды. Мақпал ашық екен. Сұрағыңа мүлтіксіз жауап беріп, ақкөңіл жан екенін танытты. Содан көршімнен айырылып қалатындай мазам қашты. Бір кезде ортамнан оңашаланып қалғанымды сездім.

Мақпал маған қарап:

— Аға, сізге сөз беріп жатыр, — деді.

Келіншектің жалт еткен жанары маған, жай оғына ұқсап, ішкі дүниемнің ойран-асырын шығарды. Танымайтын орта деп жүрексінбедім. Сөз саптауым көршіме ұнаған болу керек. Орныма отыра беріп, көз қиығымды тастасам, маған жанарын қадап қалыпты. Мақпалға көңілім ауғаннан, отырыс ұзаққа созылып кеткенге ұқсап жалығып барам.

Әбден бойға сіңген көрсеқызарлықты қойсайшы, көршімнің тыныс алысы да  қатты әсер ете бастады. Менің жолым болғыш еді. Бұ жолы қараптан-қарап қобалжығаныма түсінбедім.

Өзім тәттіқұмар баладай, әйел көрсем көзім ойнап шыға келетін еркекпін. Бұрын арақты өліп-тірілгеніме қарамай ішкенімді білесің. Дәрі ішіп те қоя алмағанмын.

Еркекке әйелсіз өмірдің қызығы жоқ қой. Келген жұмысымды бітірсем де, Мақпалдың қасынан  кете алмай, үш күн жатып алдым.Төртінші күні самолетте отырған кезімде қуығым ауырды. Түнде де ауырған. Бірақ оған мән берген жоқ едім. Бір бәлеге жолыққанымды  сездім. Үйге соқпай, бірден уролог Досымның жұмысына бардым.

— Мынауың не? — деп, көргенде шошып кетті.

Оның шошынған даусынан тұла бойымды қорқыныш биледі.

— Түбінде осыған кезігетініңді білгенмін, — деді ол бір кезде

қабағын шытып.

— Айтсайшы, не бұл?

— Несін сұрайсың, көріп тұрған жоқсың ба?

— Жазыла ма?

— Емдеп көреміз. Бір жақсысы, дер кезінде келдің.

— Енді маған өкпелеме, сазайыңды тартасың. Мына шприцті көрдің бе? Осымен дәрі жіберемін, — деді жаңағыдан даусы жұмсарып.

Досымның қолына жармасып:

— Мынауың тым үлкен екен. Қорқынышты ғой… — дедім.

— Сен мына диагнозыңның бұдан да қорқынышты екенін білмей тұрсың. Сол қорқынышты өзің сезіп тұрсың, әйтпесе, маған келмес едің. Әйелің көрсе не дейді? Үйден қуып шықпаса, маған кел! Білесің сонда, ойнастың не екенін?

— Құтқар мені, болар іс болды. Айт-айтпа, одан келер пайда жоқ.

— Әйелің бар емес пе? Кім көрінгенге баратындай, саған не көрінді?

— Кім көрінгенің не? Білесің бе, ол — филармонияда істейтін әртіс.

— Олар да адам ғой. Азғындар барлық жерде де болады.

— Бір амалын жаса. Ұятқа қалмайын…

— Ұятты ертерек ойлау керек еді. Енді кеш, — деді ол өктем үнмен.

— Әй, сен не деп кеттің? Жаңа ғана емес пе, «көреміз!»  деп сендіргенің.

— Кәне, іске кірісейік. Нәтижесін сосын білеміз.

— Мына шприц қандай қорқынышты!

— Осы дәріні жібергеннен кейін сыраны тоя ішесің, неғұрлым көп ішсең, соғұрлым жақсы болады.

— Бір өзім сыраны қалай ішем? Сол жерге бірге барайық, жүрсейші.

— Саған сырадан серік бола алмаймын. Отарбайдың үйінде қалай ішімнің өткені, есіңде шығар? Есімнен кетпейді. Ол жерде сен де болдың ғой… Содан бері мен ішпеймін.

— Не керек, жан тәтті екенін сонда білдім. Сыраны жөн-жосықсыз ішудей іштім. Қайда кетіп жатқанын білмеймін, кетіп жатыр, кетіп жатыр. Ауық-ауық сыртқа шығып келем. Он кружка ішкенім анық, одан арғысын білмеймін. Ішім тырсиып қозғалуға шамам келмей қалды. Сол күні үйге барған жоқпын. Досымның арқасында «тілеп алған» аурудан құлан таза жазылдым.

— Қалеке, бұдан былай бұ жүрісіңді қойсаңшы! Абыройлы адамсың, саған бұл жараспайды.

— Қойдым, қойдым! Уәде — осы!

— Ал енді досым, туған күнің құтты болсын! Денсаулығың зор болсын! Осымен енді тұрайық! — деді Нұрлан Қалижанның арқасынан қағып.

 

Тынымбай  ТӨЛЕПБАЙҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button