Әдебиет

Ұлы сезім

Тынымбай Қарин 1941 жылы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында дүниеге келген. «Өмір сыры», «Қанағат», «Шырғалаң», «Ғасыр үні», т.б. кітаптардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қаламгердің «Ұлы сезім» романынан үзінді ұсынып отырмыз.

 Ұлы сезім

(Романнан үзінді)

Екеуі кафеде отыр. Көңілді. Бір-бірін қолпаштап, арқасынан қағып қояды.

— Кездескенің қандай жақсы болды. Мен сені «қайдан табам» деп, келе  жатқан едім, – деді Қалижан.

— Неге?! — деп, Нұрлан таңданыс білдірді.

— Негең  не? Туған жерді сағынған кезімде, ауылдың адамдарын көргім келіп кетеді. Бұндай жағдай сенде болмай ма? Ауылдан кеткенімізге қанша жыл болды. Жарты ғасырдың шамасы. Сонда да маған әлі ыстық. Сені қайдам, мен сондай бауырмалмын. Қолым қит етсе, сені іздейтінім — содан. Екеуміз мектепті бітіргенде, газет тасып, поштада жұмыс істедік қой.

Ауылда монша жоқ, шаштараз істемейді деп, газетке мақала жазып жүріп,  достасып кеттік. Содан, қайда жүрсек те бір-бірімізді іздеп табатын едік. Не керек, әлі күнге дейін достығымызда селкеу жоқ. Үш күн болды. Қарадан қарап, сені көргім келіп, көңілім ауып аңсағаны…

— Олай болса, үйге неге келмедің?

— Сен сөзге алдарқатпай, алдыңдағы сыраны алып қойсайшы, — деді.

Нұрлан сөзге келмей, бокал толы сыраны қағып салып:

— Бұдан артық іше алмаймын. Енді мені қыстама, — деді.

— Үйге неге келмедің? Не, жаңа үйіңе мені шақырып па едің? Қай

жақта екенін де білмеймін.

— Шақыратындай уақыт болып жатқан жоқ. Үйдің әлі жұмысы көп. Сен сияқты дайын үй алып, кіре қоятын жағдай менде болған емес. Баяғыда қызметіңді пайдаланып, барған жеріңде сұрағаныңды алып, жымыңды білдірмей жүретінсің. Ойлағансың ғой, «Нұрлан неге үйіне шақырмайды» деп. Ақшаң болып, біреуге істетсең, кәне. Оның ауылы алыс.

— Көп сөйлеп кеттің ғой. Жәй айтам. Бізге үйден гөрі осындай

оңаша жерде сөйлескен жақсы емес пе? Арқаны кеңге салып, қысылмай отырамыз. Сені сағынғаным рас. Өтірік айтты деп ойлама, — деп, ақ кіре бастаған қиық мұртын ортаңғы саусағының ұшымен сипап жымиды.

— Сағындым дегеннен шығады-ау. Ескен деген ауылда досым бар. Екеуміз  он жыл бір партада отырдық. Мектепті ортамен бітірді. Әрі қарай оқымай, ауылда қалған. Мен сол жылы оқуға түстім. Қысқы демалыста ауылға барғанымда, әскерге кеткен екен. Көре алмадым. Бірақ хат жазысып тұрдық. Содан не керек, жылжып көктем келді. Жазған хатыма жауап болмай, бір айдан астам шыдап жүрдім. Бір нәрсе  болғанын сезгендей, ойымнан шықпай қойды. Дос дегеннің қымбат екенін сонда білдім. Жағы суалып, көзі шүңірейген, жадау кейпі көз алдымнан кетпей қойды. Он жыл бойы бір жүргенде бала болып бір ренжісіп көрген емеспіз. Содан ешнәрсеге зауқым соқпай, мазам қашқасын, Новосибирскінің түбіндегі әскери бөлімшеге іздеп бардым.

Пойыздан таң алдында түстім. Көк жүзі шайдай ашық. Төбеңнен жұлдыздар жымыңдайды. Бірақ әлі қардың ызғары кетпеген. Ызғырық  жел соғып тұр. Үстімде жұқа плащ. Ол кезде шашым қалың болғасын, бас киім дегенді білмейтінмін. Түс кезінде бүрсең қағып, Ескеннің жатқан жеріне келсем: «Ауруханада жатыр», — деді. Бір жақсысы, ауруханасы жанында екен. Төсегінде жатқан досымның тізесінен төмен қарай дәкемен  орап асып қойған. Мені көргенде қуанғанынан кішкене қой көзі ұясынан шыға жаздап, оң жағына аударылып, тұрмақшы болды. Аяғы жібермеді. Мен де еңкейіп, құшағыма қыстым. Оған қарасам, көздерінен жас парлап тұр.

— Ау, бұның қалай? — деймін аңтарылып.

— О, заман да, бұ заман, досы артынан іздеп, әскерге келді дегенді естіген жоқпын. Қуанғаннан… — деді жымиып.

— Келгенімді ерсі көріп тұрсың ба? – дедім, не дер екен деп, әдейі.

— О не дегенің! Одан да «көрген көзіңе сенбей тұрсың ба»  демейсің бе?

Қап, мына аяқтың кесірін қарашы. Сенің келгеніңді жақсылап бір тойлайтын едік.

— Ой, сен де айтасың-ау. Менің сенімен аунап-қунап жататын уақытым жоқ. Сабағым бар емес пе? Сенің аман-есен екеніңді  көріп, сағынған сағынышымды бастым. Тай-құлындай бірге өскен досым емеспісің? Хабар-ошар болмаған соң, жағдайыңды білейін деп келдім. Аяққа не болды?

— Туған күнді тойлайтын болып, «ақаңды» қолтыққа тығып, нан мен суды қолға ұстап, қасымда жатқан аққұлақпен күзетте бірге тұратын чуваш жігіті үшеуміз кеш қарайған кезде  сырттағы дәретхананың тасасына барып ішкен едік. Қасында жатқан жігітті саусағымен көрсетіп, мынау жұтып алса, жынды екен. Әліне қарамай, аққұлаққа тиіспесі бар ма? Арашалағаныма көнбеді. Сөйтіп жүргенде темірдің үстіне сүрініп, оңбай құладым. Сол жерде мені көтеріп әкеліп, төсегіме жатқызды. Рентгенге түсіріп еді, «сүйегі жарылған» деді. Бұл менің үстіме құлап аман қалды. Бұның жарақаты жеңіл, ертең шығады. Кеше дәрігер маған, әлі он күн жатасың, — деген.

— Арақ ішкендеріңді біле ме?

— Е, неге білмесін, ауруханадан шыққасын, сыбағамызды береді. Ең

болмағанда,  бір жетіге қамайтын шығар. Одан да зоры болмаса…

— Әскер қалай екен?

— Бір жаман жері — еркіндік жоқ. Уақыттың қалай өтіп жатқанын

білмейсің. Маған ұнамайтын бір жері — түртпектейтіндер көп. Сонысы жаман. Жүйкеге қатты әсер етеді.

— Ауылда неше бір бұзық балалар әскерге барып келгесін, қатарға қосылып, адам танымастай өзгеріп келетін. Білесің ғой, өзіміздің Сапарды, жүрген жерінде кім көрінгенге тиісіп ұрынатынын.

Өзі:

— Маған әдет болып кеткен, — деп, қарқылдап күлді.

Бірде ол Ережеппен төбелескен еді. Сенің есіңде болмауы да мүмкін. Басқа жақтан көшіп келген парторгтың баласы. Бізден бір класс төмен оқыды.

— Ережеп  екеу емес пе еді?

— Ол бізден үлкен. Оны айтпаймын.

— Ана төртпақ, тапалтақ қой. Ол — төбелескіш.

— Е, неге білмеймін?..

— Екеуміз кітапханадан бірге  шыққанбыз. Алдымызда кетіп бара жатқан Ережепті көргенде, маған көзін қысты.

— Қазір көресің, мен оны сұлатып салам, — деді де:

— Тұра тұр! — деп,

Ережепті айқайлап тоқтатты.

Әй-шәй жоқ, бірден:

— Біздің алдымызды кесіп өтетін сен кімсің? – деді.

— Не дедің? — деді ол да, бірден қасарысып.

— Сен маған кімсің-әй, ежірейетіндей, – деп, өңмеңдеп қасына жетіп

барды.

— Сен емес пе, маған ұрынып тұрған. Ал көрсетші күшіңді, көрейін, –

Деді, одан қалыспай теке тіресіп.

Сапар оны байқаусыз тұрғанда, жұдырықпен жақтан бір қоймақшы болып, қолын сермеген. Ережеп білегінен шап беріп ұстап, бұраған кезде, көзінен жасы бұрқ етті.

— Қойдым, қойдым! — деп, жан даусы шыға шыңғырды.

— Өзің күшті екенсің ғой, — деді, ауырған білегінің орнын сипалап.  Әлгіндей емес, үні жұмсарып, түк болмағандай мәймөңкелей сөйледі. Міне, «мың асқанға, бір тосқан» деген — осы. Содан кейін Сапардың жүні жығылды. Әскерден оралғасын, сол тентектігі әдірем қалған. Айтайын дегенім, әскери өмір көрген небір тентектің тәрбиесі түзеліп, адам болатындығына өзіміз де көз жеткіздік.

Бұдан артық отыруға менде уақыт жетпейді. Пойызға үлгеруім керек. Амандығыңды білдім. Менің кеткенімді қасымдағылардан басқа ешкім білмейді. Сабаққа қатыспағанымды біліп қойса, стипендиядан қағылдым дей бер. Басқа не айтам. Жазған хатқа жауап жазып тұр. Досымды құшағыма қысып қоштастым.

Қалижан кружкасындағы сырасын ұрттап қойып, әңгімесін одан әрі жалғастырды:

— Мектепті бітіргесін, аудан орталығында тұратын ағамның үйінде

жүргенде сенімен таныстым. Қазір ойласам, сол күндер маған сондай ыстық болып көрінеді. Құмға аунап, суға түсетініміз, қыр асып кетіп, көк жуа теретініміз, су жағасындағы жарқабақтан құстың жұмыртқасын алып шикілей жұтатынымызға дейін, бәрі ойға оралып, көз алдымнан сағымдай бұлдырап өткенде, қайтып оралса ғой деп, балалық шағымды аңсаймын. Міне, содан бері қанша жыл өтсе де, достығымыздан адаспай келеміз. Ылғи мен сөйлей берем бе, сенде сөйлесейші, – деді Нұрланға.

— Қызықсың өзің. Ешқайда шықпай, үйде отырған менен не естігің келеді? Бар білетінімді, саған бұрын айтып қойған жоқпын ба? Мені сен дейсің бе,  бармайтын жері жоқ.

— Аяқастынан, өстіп қисаятының-ай! Сағынып келгенде, діңкемді  осылай құртасың. Өткенде Жанарды қайта-қайта неге сұрадың? Бұрын оған көңілің кетіп пе еді? Араларыңда бір нәрсе болды ма? Өңдісі өңді. Білдім, бір баласы бар екен. Күйеуге шықпай, үйінде туып алған.

— Өзіне сол керек, сауап болған, – деп, бетін тыржитты.

— Ол маған рулас.

— Болса, қайтейін. Сазайын тартқан екен, — деді тағы да.

— Саған не болды? Даладағы біреуде өшің қалғандай, сонша кектенгенің не? — деді Қалижан.

— Жанар көптен көрмеген құрбысынан мені үйленді ме деп сұрапты.

— Иә, балалары бар, — депті оған құрбысы. Сонда Жанар:

— Әйелі қасына қорықпай қалай жатып жүр екен? – депті.

Оған құрбысы ішегі қатқанша күлсе:

— Соған да күле ме екен? — деп Жанар ренжіген сыңай танытса керек.

— Маған ренжігенің не, күлдіртіп отырған өзің емес пе?

— Мен саған күлетіндей ешнәрсе айтқан жоқпын.

— Сен оны сүйіп, ол саған қарамай қойған ғой. Көңілің қатты қалған. Солай ма?

— Қой, айта көрме, оған тигенше күйеусіз жүргенім жақсы болды.

— Неге?

— Түрі қорқынышты емес пе?

— Ол ұнамаса, саған қандай түр ұнайды?

— Көрер көзге сүйкімді болса, болды.

— Не деп тұрсың?

— Рас. Ол өткен шақ. Бүгінде оған деген көңілім басқаша.

— Ендеше, мені тыңда, — депті құрбысы.

— Ер адам деген айбарымен, сөз саптауымен, жүрген жүрісімен ерекше болу керек. Осының бәрі онда бар. Одан артық не керек саған. О баста сұлулық пен сүйкімділікті, әйелге берген. Сенің ойыңша: жымиып сөйлеген, жылтырап күтінген, өтірік сөйлеп, өтірік күлген, іші-бауырыңа кіріп, мәймөңкелеген, жылы сөзімен бауырмал бола қалған, өзінен асқан адам жоқтай, асқақтап кеудесін керген, ашық ауыздыққа салынып, қалай болса солай, бой бермей лепіргендер жақсы адамдар ғой. Онда қателескенің. Оның тік сөйлейтін мінезіндей мінез, өзіңді еріксіз тартып тұратын еркекке тән сабырлылығы мен салмақтылығы, түр сипатына сыятын қаһарлы жүзі сирек кездесетін құбылыс,  — депті.

— Беу, дәурен-ай! Өтті де кетті, жастық шақ!

Ақырында сөз таластырғысы келмеген Нұрлан:

— Менде бөтен ой жоқ. Сөзіңе қарай айттым. Кім болса да, қалай сөйлесе де, еркі өзінде.

— Жарайды. Өткенде бір нәрсе айтқың келіп, айтпай қойдың. Ол не нәрсе?

— Ешнәрсе емес. Өзің ойлап тауып жүргенің, — деп күлді бұл.

— Осы жолы күмілжіген үніңнен сөзің шикі екенін білдіріп қойдың. Енді менен құтыла алмайсың, — деді, кішкене көзінің қарашығы жылт-жылт ойнап жымиған Қалижан.

— Сенің ішкі дүниеңе ешуақытта үңілген емеспін. Осыным өтірік деші. Керек қылмаған өзіңнен көр. Болған жайды айтқанда тұрған не бар? Келемеждеп күлетін жастан кеттік. Бізге әңгімеден басқа ешнәрсе қалған да жоқ. Ермек болсын дейсің де. Әйтпесе, керегі қанша?!

— Мен саған көп күлетін едім. Әсілі, күлудің керегі жоқ екен, — деді жас балаша жүзі жадыраған Нұрлан.

— Алда не күтіп тұрғанын білмейсің…

— Алдымен, мен күлетіндей не істеппін, соны айтшы?

— Қыз-келіншектерді көрген мезетте жүре алмай қалатының өтірік пе?

— Е,түсіндім. Ендеше, жаңалығыңды айт. Ішім сезді емес пе, бір

өзгерістің бар екенін. Бәрекелді, сенен бұндай шығады деп ойламап едім. Қызық қой, қызық! Сен сияқты еркек жөнсіз жүрісті мұрны сезбейді  деп жүрсем. Шіркін-ай, небір жастық дәурен өтті емес пе! Бұл жөнінен әлі сарыауыз баласың, біліп қой. Мақтанғаным емес, маған жету қайда саған?!

Бірде қызық болды.

— Босқа көпіргенше, дәмі бар әңгіме болсын да.

— Ол кез оқуды бітіріп, жұмыс істеп жүрген едім. Үйленгенмін. Екі

балам бар. Бұрынғы бойдақ күнің болмағасын, ешқайда шықпаймын.  Демалыс күні болатын. Күні бойы зерігіп кеттім де, далаға шығып, мақсат-бағдарсыз, басым ауған жаққа жүре бердім.

Күндізгі ыстық басылмаған. Жаз мезгілі. Күн қызарып, жиекке еңкейіп қалған, ауада лүп еткен леп жоқ. Әрекідік бір нәрсе жетпейтіндей, айналама көз жүгіртіп қарап қоям. Бір кезде алдымда кетіп бара жатқан келіншекке көзім түсті. Артынан қарағанда бітімі көз тартарлықтай екен. Орта бойлы келіншектің сары түсті көйлегінің етегі желбіреп, туфлиінің өкшесі  асфальтты тық-тық басқан сайын, мені көрдің бе дегендей, оқтаудай түзу балтырына көзім түсіп қызықтым. Қолындағы сумкасы өзімен бірге тербеледі. Жүрісінде маңғаздық бар.  Бұрын, мұндайда көзім жайнап шыға келетін. Өзімді тежеуге де шамамды келтірмей жұғысушы едім, танысатын едім. Әрине, ойлағанымдай бола бермейтін. Арасында жыланша жиырылатындар да кездесетін. Бірақ сонда да тартынған  емеспін. Ішім қыз-қыз қайнады.

Келіншек қалай бұрылса, солай менде артынан еріп келем. Басқа жаққа қарай бұрылып кетіп қалайын десем, еркіме қожалық ете алмаймын. Екі көзім алдағы келіншекте. Жүрген  жүрісі, қимылы, желбіреген туға ұқсаған көйлегінің етегі, өзімен бірге ырғала тербелген  қолындағы сөмкесі…

Ол бір нәрседен шошынғандай, оқыс артына қарады. Әлде соңынан қалмай келе жатқан мені сезді ме? Білмеймін. Тап сол арада  шарасыздығыма күйініп келе жатқанмын.

Келіншек мені көрді. Көшеде екеумізден басқа ешкім жоқ. Қасына жақындап келе бергенімде: «Сіз кімсіз?» дегені ме екен, дөңес қабағын көтеріп,  үлкен көзін аларта  қарады. Со кезде амандастым. Келіншек жауап қатпады.

— Айналайын, қарындас, амандассам үндемейсіз ғой. Естімедіңіз бе?

— Жоқ. Естідім. Танымайтын адамға бірден жабыса кеткен ерсі емес пе? Бірақ ер адамдарға бола беретін шығар, – деді  кекеткені ме, немқұрайды үнмен.

— Есте болсын. Бұдан былай танымайтын адаммен амандаспауға тырысам, – деп жымидым.

— Еркіңіз білсін, онда менің қандай шаруам бар? — деді даусы қатқылдау шығып.

— Сіздің артыңыздан келе жатқаныма біраз болды. Мені байқамадыңыз ба? Қорықпаңыз, тиісетін адам мендей болмайды.

— Қандай болады?

— Тиісіп, ұрынып жүретіндердің сорты бөлек. Жүрген жүрісінен, сөйлеген сөзінен, алақ-жұлақ қарасынан белгілі. Мен ондайларға жатпаймын.

— Кешіріңіз, сөзіңізге онша түсіне қоймадым. Адамның жаратылысы әртүрлі болмай ма? Қатып қалған ешнәрсе  жоқ. Сіз айтқандай мінезінен, түрінен және тағы не еді… Сөйлеген сөзінен аңғаруға болады деп топшылағаныңыз артық қой. Жақсы дегенің, пиғылы жаман адам болып шығуы мүмкін, ал жаман дегенің, керісінше болса ше? «Түсі жылыдан түңілме» дегенмен, жылмыңдап, арам ойын білдіртпеуге тырысатындар да бар емес пе?

— Жауабыңызға өте ризамын. Кім болып істейсіз?

— Жұмысшымын.

— Жұмысыңызды тәуір көретін сияқтысыз. Ақылды екеніңіз көрініп тұр. Мені сүріндіріп, ұялтып тастадыңыз. Есіміңізді сұрамаппын ғой. Менің атым — Қалижан.

— Әлкен!

— Танысқаныма қуаныштымын! – деп ананы-мынаны айтып, сөзге

тартып,  еріксіз күлдірттім.

Түн тастай қараңғы. Жаңбыр жауайын деп тұр-ау дегенімше болған жоқ, тамшылай бастады.

Жол жиегіндегі кафені көргенде:

— Жаңбыр басылғанша, мына жерден шай ішіп, кішкене отыра тұрсақ

қайтеді? Қарсы емессіз бе? – дедім.

Маған жылуарлы қарады. Қабағына кірбің ұялаған келіншектің әп-әдемі солыңқы реңін  байқап қалдым.

Көшенің арғы бетіне өтіп, кафеге кірдік. Адам аз. Оңаша сөйлескенге не жетсін. Мұндай қуанбаспын.

Ыңғайлы жерге отырып жайғастық. Қарсы алдымызда Владимир Ильич Лениннің суреті ілулі тұр. Баяғыда дүниежүзіне әйгілі болған көсемге онша мән бере қоймадық.

Бізді көріп даяшы келді.

— Кешірерсіздер, бұл жер бос емес.

Бұралаңдап  алдымызда тұрған қыпша бел қыздың үні сүйкімсіз

естілді.

— Жүр кеттік, – дедім сөзге келместен.

Әлкен маған үн-түнсіз қарап, орнынан көтерілді.

– Неден шошыдыңыз? – деді далаға шыққасын.

— Даяшыны жақтырмадым. Ер адамға жарасатын сұстылық, әйел

затына жараспайды екен.

— Ойымыз бір жерден шығыпты, – деді Әлкен жұқалтаң ернін жымқырып.

  • Біз отыратын бір жер табылар, – дедім Әлкенге.

Әлгіндей емес, жел тұра бастаған. Жаңбыр сіркіреп тұр. Ол сөмкесінен

жемпірін алып киді. Кішкентай кезімізде жаңбырдың астында асыр салып ойнайтынбыз. Онда жаңбыр жауса, қуанышымыз қойнымызға сыймай, алақанымызды шәпеттеп жүгіретін едік. Үлкендер болса, «нұр ғой» деп біріне-бірі даурығып жататын.

Екеумізге жаңбыр бөгет жасағандай, әңгімеміздің сәні кетті. Сөйлесем, өзімен-өзі үн қатпайды. Не істерімді білмей састым. Менің бағыма көшенің бұрышынан мейрамхана кезікті. Іші кең екен. Бір жаман жері музыканың даусы қатты шығады. Есік жақтан орын тауып отырдық. Бұл жердің бір жақсысы, музыканың даусы баяу.

— Ана жаққа отырғанда музыканың даусы құлағымыздың құрыш етін

жейтін еді. Жақсы болды, – дедім.

Әлкен жанарын маған қадап езу тартты.

Үстімдегі киіміме енді көзім түсті. Көк көйлектің сыртынан киген кәжекейдің бір ілгегі түсіп қалған. Бәрінен де қалтамда ақша барына қуандым. Реті келген жерде үйреніп қалған әдетпен карта ойнап, қалтамнан ақша үзілмейтінін білесің.

— Ішімдіктің қайсысын қалайсыз? – деп алдымдағы қағазды ұсынып едім.

— Оны қайтесіз, тамақ ішсек болмай ма? – деді тартынған сыңай танытып.

— Мейрамханаға келген соң ырымын жасайық. Жеңіл шарап алғанымыз жөн болар. Қалай дейсің? – дедім.

— Мен тысқа шығып келейінші, – деп ол сумкасын қалдырып, орнынан көтерілді.

Шараптың көмегі тиді. Бір-екі рюмка алған соң, қысылып-қымтырылмай, ашылып сөйледі. Ауданда тұрады екен. Күйеуімен ажыраспақшы болып, сотқа арыздануға келіпті. Аулына баратын автобусқа үлгере алмай қалыпты. Біз мейрамхана жабылайын деп жатқанда, орнымыздан тұрдық.

Жел екпіні басылған. Жаңбыр жауып тұр. Көшеде қыбыр еткен жан жоқ. Әшейінде әрлі-берлі өтіп жататын машинаның да, иттердің  де даусы бір сәт тыным тапқандай.  Айнала тып-тыныш.

Далаға шыққасын, әлде бірдеме  бүлдіріп қойғаннан кем болмай, кеуде тұсым дүрс-дүрс соғып, жүрексінсем де, Әлкеннің қолтығынан ұстадым. Байқамағандай жүре берді. Бір кезде келіншектің денесі жалынша шарпып, алақанымды күйдіріп бара жатқанын сездім. Ол да маған деген жылылықты сездіріп, еркін сөйлеп келеді. Арасында көздері жайнап, наздана күліп қояды.

Әлкен көңілді. Мені бұрыннан  танитын  адамына ұқсата ма, әлде, бір ауық ауыр ойдан арылғысы келе ме, білмеймін.

Оның осы бір ашылып сөйлеген ақ жарқын, жайдары  қалпы, менің үйленбей жүрген бойдақ күндерімді көз алдыма елестетті. Құшағыма қысып, ернінен сүйе бастадым. Ол болса, екі қолымен белімнен тас қысып ұстап алған. Құштарлық өн бойын игертпеді. Гүрс етіп, шалшық суға құлады. Белімді ұстаған күйі, құдды бір есін білмейтін мас адамша астымда жатыр. Екі тізем шалшық суға батқанына да қарамай, үстіне құладым…

Келіншек тұрып жатып:

— Ұят болды… — деді. Ернін тістелеп төмен қарады. Үстіндегі киімін

шешті де, сілкілеп қайта киді.

Не дерімді білмей сасқанымнан:

— Ештеңе етпейді. Саған ризамын, — дедім.

Енді ойласам, сезім дегенің не істеп, не қойғаныңды білмейтін ұшы-қиыры жоқ нәрсе екен. Әйтпесе, ойлануға да мұршамыз келмей, сезімнің құлы болар ма едік?!

— Шаруаны тындырдым деп, Әлкенді далаға тастап кетпеген шығарсың?

— Сенде қайдағы жоқты айтасың. Далаға тастап кететін мені жынұрды

деймісің? Таң атқанша вокзалда  отырып, аулына баратын автобусқа отырғызып жібердім.

Содан бері неше бір жылдар өтсе де, қандай себептен екенін білмеймін, әлі күнге дейін осы болған оқиға есімнен кетпейді.

– Біраз отырдық, тұрсақ қайтеді? – деді Нұрлан оған.

— Сен тағы да қашпақпысың, мені сөйлеткізіп алып. Олай болмайды,

достым, ендігі сөйлейтін кезек сенікі. Жақпайды деп,  сыраны өзіме ішкізіп, ішіңнен мәз болып отырсың. Сүйтіп менен оңай құтылмақсың. Сыртқа шығып келейін, — деп Қалижан кеңкілдеп күлді де, орнынан тұрды.

Ол жолай бір бөтелке сыраны алып келді.

— Кәне,  мені сонша қызықтырып қойған жаңалығыңды айтшы, — деді.

— Біріншіден, бұл саған жаңалық емес.  Екіншіден, айт десең айтайын, бірақ аузыңа берік боламын деп уәде бер.

— Ой, мені әлі күнге дейін бала көресің бе? Не деп кеттің?!

— Бәрінен де адамның ішіне кіріп, біліп қоятын көріпкелдігің мені қайран қалдырады. Осыным өтірік пе, рас па?

— Сенде соғасың-ау, көріпкелдігім болса, осынша саған жалынам ба? — Қалижан жымиып мұртын сипады. Мезгілсіз уақытта жүргеніңді көргесін әзілдеп айттым. Ұрының арты қуыс дейтін бе еді? Сол кезде өзіңнен-өзің қипақтап қалдың емес пе?

— Жиырма алтыдағы келіншекті көріп бұзылдым. Тоқ етері осы.

— Бұзылғаның қалай? Жұмбақтамай, айтсайшы дұрыстап.

— Ол маған тоқал болып тиді.

— Не дейді? Есің дұрыс па өзіңнің? Оны қайдан шығардың?

  • Несі бар, бүгінде ол жаңалық емес қой.
  • Барға тасып, сыймай жүргендердің ісіне сенің қандай қатысың бар?

Құтыратындармен құтыратындай, сенде қайдағы байлық?

  • Байлық болу шарт па?! Ұнады. Ол келісті. Бар болғаны осы.
  • Періште деп, саған сенгендегім, осы болса… — деп көзінің жасын

саусағының ұшымен сүртті. – Сенен мұндай шығады деп ойлаған емеспін.

Жұбайың біле ме? Балдар ше?

– Сенен басқа ешкім де білмейді.

– Ендігі ойың қандай? Соны айт.

– Әзірге ешкім білмеуге тиіс. Кейін көре жатармыз.

– Жоспарың бар шығар. Әйтпесе, қалай онымен тұрасың?

– Бәйбішемен бірге тұруға күш саламын. Жоспарым осы. Бірақ оның қалай болатынын білмеймін.

– Қалай десең де, бұның маған ұнамайды.

– Ерте бастан қашпа, бұл жерде сенің де көмегің керек болатын шығар.

Басқаны күтсем де, тап осы сөзіңді күтпегенмін. Неге десең, жұртты

шулатып, атым шыққан мен емеспін бе? Сөзді көбейтпей, орнымыздан тұрайық. Осы отырғанымыз да жетер.

(Жалғасы келесі сандарда)

Басқа жаңалықтар

Back to top button