Басты жаңалықтарЭкономика

Мұнайлы өлкенің берекелі шаруасы

Аудан

Бұл өңірде мыңдаған жыл бұрын планетамыздың алғашқы адамдары тас қашап, болашаққа жолдау жазса, ғасыр басында осы өңірде өмір сүрген көшпелілер балбал тас түрінде із қалдырған. Атырапта түрлі түсті кілем секілді сан алуан шөптер жайқалып, Мұғалжар қойнауынан еркелей аққан мыңдаған бұлақтар оннан астам өзен-көлге құйып жатыр. Сондай-ақ, бұл өлке — дала таланттары Жұбановтардың Отаны.

Мұғалжар ауданында болған облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілшілері баспасөз туры шеңберінде мұнайлы әрі шырайлы өлкеде болып қайтты. Аудандағы бірнеше ауылды аралап, кәсіпорын, қожалықтарда болып, тұрғындармен сөйлесті.

Сиыры сүтті, қаймағы тәтті…

Ақкемер ауылдық округінде 64 шаруа қожалығы бар. Алтауы егін егумен айналысса, қалғаны мал өсіреді. Солардың бірі — осы округке қарасты Елек ауылында 2017 жылы құрылған «Елек-Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Баспасөз туры мүшелерінің бірінші барған шаруашылығы осы болды.

Мұғалжар ауданында сүт өндірісін қолға алып, дамытуды көздеген өндірістік кооперативтің тірлігіне көңіл қуанады. Мемлекеттік бағдарлама арқылы 8,5 миллион теңге несие алып, осы қаражатқа қуаттылығы тәулігіне 1,5 тонна болатын модульдік  сүт қабылдау аппаратын, сондай-ақ «Ақтөбе АгроСервис» ЖШС  арқылы лизинг желісі бойынша сүт тасымалдайтын автокөлік сатып алған болатын.

— Биыл өз қаражатымызға Орал қаласынан гольштейн тұқымды 80 сүтті сиыр әкелдік. Бүгінде 40 сиыр сауып отырмыз. Қалғаны — қашар мен бұқа. Шаруашылық басында екі бақташы мен бір сауыншы жұмыс істейді. Елек ауылында қосымша сүт қабылдау үшін пункт ашып жатырмыз. Сүті бұлақтай қара ала сиырларға сеніп, сүт жинап, облыс орталығына өткізгіміз келеді. Ол енді алдағы күннің шаруасы. Әзірге Қандыағаш қаласындағы «Алау» дүкенімен келісіп, «Елек-Агро» сауда белгісімен қаймақ-майды сатуға шығарып қойдық. Дүкен сөресіндегі біздің қаймақтың литрі — 2500 теңге, — дейді «Елек-Агро» өндірістік кооперативінің басшысы Дулат Ибрашев.

Кооператив қожасының меншігінде 176 гектар жайылымдық жер бар. Шабындық жер болмағандықтан, малдың қысқы азығын басқа кәсіпкерлермен келісіп, сатып алып отыр.

Айтпақшы, сүттің литріне 20 теңгеден субсидия бөлінеді екен. Бұл да болса, сүт өндірісін ілгерілетуге ниеттілерді ынталандыру болғалы тұр. Әзірге субсидияға қолы жете қоймаған «Елек-Агро» басшысы сүтті сиырларды көбейте бермек. Ақ мол болса, ырыс-несібе де көп боларына сенімді.

 ЗАУЫТ ЖӘНЕ ЖЫЛЫЖАЙ

Аудан орталығы — Қандыағашқа барған соң, «DARINA AQUA» сауда белгісімен  табиғи ауызсу өндіріп жатқан зауыт пен «Төлегенов» жеке кәсіпкерлігінің жылыжайына соқтық.

Кәсіпорын басшысы Қуандық Төлегеновтің айтуынша, зауыт өнімі тек біздің облыста ғана емес, көрші облыстарда да жақсы танымал.

— Бұл жобаға біз 290 миллион теңге құйдық. Зауыт тәулігіне 10 текше метр ауызсу өндіре алады. Кәсіпорында 24 адам жұмыс істеп жатыр, — дейді ол. Бөтелкелеу цехында ұсынған суды ішіп көрдік,  Ақтөбенің дүкендерінде тұрғандардан сапасы жағынан асып түспесе, кем емес. Сондай-ақ кәсіпорын басшысы қала тазалығына үлес қосу мақсатында Қандыағаштың кей жерлеріне пластик құтылар мен бөтелкелер жинау үшін арнайы торлы контейнерлер қойыпты. Осы жерлерге тасталған ыдыстарды жинап, сұрыптап, престеп, Ақтөбедегі арнайы орынға тапсырады екен.

Зауыт территориясындағы 2,5 гектар жерде жылыжай орналасқан.

— Бір жылыжайда көкөністің екі түрін қатар егуге болмайтындықтан, әзірге тек голландиялық меренга қиярын егіп, өсіріп жатырмыз. Аптасына 300 келіге жуық қияр жиналады. Жылыжайда екі маман жұмыс істейді. Өнімдерді Қандыағаштың базары мен дүкендеріне өткіземіз. Алдағы уақытта әрқайсысы 400 шаршы метр болатын 4 жылыжай салғымыз келеді, — дейді «Төлегенов» жеке кәсіпкерлігінің басқарушысы Арман Мамбетжанов.

 ОРҚАШТАҒЫ ОРМАН

Қойнауы құтқа толған ағайынды Жұбановтар округі атауына сай өңірде дүниеге келген ірі тұлғаларымен ғана емес, орманымен де ерекше.

Облыстағы табиғи, тарихи мәдени мұралардың бірі — Орқаштағы орман алқабы. Табиғаттың әдемі сыйына таңдай қағып, орман ішін аралап көрдік. Биік-биік  қарағай, емендер баяу желмен ырғалады, сондай-ақ итмұрын, бүлдірген тұнып тұр. Таза ауасы қандай!? Қаладағы көліктердің түтіні мен зауыттардың ысына тұншыққан біз қарағайлы орманның жұпар ауасымен терең тыныстап алдық.

Солтүстік-шығыстан соққан желмен тербелген ағаштардың сыбдырына орманды мекен еткен жабайы құстардың сайраған дауысы қосылып, әдемі әуенге айналады. Таза табиғи үнді естіп, құлақ та демалып қалды.

Қазіргі таңда орман алқабына «Темір орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесі жанынан құрылған шағын мекеме күтім жасайды. Бұл жерде 5 жұмысшы бар, арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылған. Қорықшылар ормандағы аң-құстардың қауіпсіздігін қарап, ағаштардың оталмауына жауап береді.

Бұл орманда қасқыр, түлкі, қабанды кездестіруге болады екен, тіпті Қызыл кітапқа енген елік бар көрінеді.

ҚУАН АТА ҚҰДЫҒЫ

Жаңатұрмыс ауылы — ағайынды Ахмет пен Құдайберген Жұбановтардың туған жері.  Ауыл шетіндегі тік жар етегінде бір кездері үлкен өзен болған, ал соның жағасында қорым бар. Бұл жерде олардың әкесі Қуан, қарындастары Ағиба, Құдайбергеннің ұлы Есет жерленген. Қуан атаның бейітінің қасында даланың ежелгі белгісіндей ертедегі балбалтас тұр, жергілікті зерттеушілер мұны осы өлкені мекендеген ежелгі сақтардан қалған белгі деп есептейді. Марқұмдарға Құран бағыштадық. Қорым ауылдан биік жерде орналасқан, бейнебір ауылды жоғарыдан қарап жатқандай.

Осы ауылдың шетінде Қуан атаның құдығы бар. Ауылдағы көнекөздердің айтуынша, бұл құдықты Қуан ата қазған, құдықтың төменгі жағы әдемілеп таспен өріліп, шегенделген.

— Нағашы атам марқұм Бақытолла Есқалиев Жұбановтар әулетімен көрші тұрды. Көзі тірісінде маған осы құдықты, құдыққа жақын жердегі Қуан атаның үйі болған орынды көрсетіп кетті. Әдетте құдықты әркім өз ауласынан қазады ғой. Нағашы атам көміліп қалған құдықты 1960 жылдары қайта қазып, тазартып, беткі жағын сақиналап, дұрыстады. Көршілер, ауыл адамдары көмектесті. Ол кезде мен 25-те едім, — деп еске алады ауыл тұрғыны Ғалымжан Тайтанов.

Ауылдың байырғы тұрғындарының бірі Сәкен Нұреев те атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Күштан Нұреевтің Ахмет Жұбановпен бірге өскенін, атасынан бірталай қызықты естеліктерді естігенін айтты.

Жаңатұрмыс негізгі орта мектебінің директоры Мейірбек Байғазының айтуынша, марқұм Есет Жұбанов ата-бабасының қорымына келгенде осы құдықтан су алдырып ішкен екен. Бүгінде өзі де о дүниелік болған ғалым осы қорымды мәңгілік мекен етіпті.

Біз де кіл мықтылар су ішкен құдыққа қауға шелек салдық. Тұщы судан қанып ішіп, «жақсылардың жұрнағы балаларға жұғысты болсын» деген ырыммен қалғанын құйып алдық.

Ағайынды Жұбановтар атындағы ауылдық округтің әкімі Руслан Бисембиннің айтуынша, округ құрамына Жаңатұрмыс пен Қаракөл елді мекені кіреді.

Барлығы 742 адам тұратын округте су мен байланыс бар. Тұрғындар көгілдір отынның келуін, ауыл жолдарының жөнделуін тағатсыздана күтіп жүр. Әрине, бәрі де алдағы жылдардың жоспарында бар, — дейді округ әкімі.

Ауыл көшелері жарықтандырылған, мектеп, медпункт жұмыс істеп тұр. Тек дарындар шығарған топырақтағы Мәдениет үйі жарамсыз болып, күрделі жөндеуді талап етіп тұр екен.

ЕГІНДІБҰЛАҚ КЕРЕМЕТТЕРІ

Мұғалжар ауданы тек тауымен ғана емес, шөбі шүйгін даласымен, емдік қасиеті мол көлдерімен, мөлдір бұлағымен, биші қайыңдарымен көрікті.

Егіндібұлақ округінде осындай сұлу табиғатқа куә болдық.

ТАБИҒАТ СЫЙЫ — ТҰЗДЫКӨЛ

Округ аумағында Соркөл, Қаракөл, Қамыстыкөл, Тұздыкөл деген көлдер бар. Біз Миялыкөл ауылының оңтүстік-шығысында орналасқан, тұзы қалың Тұздыкөлге барып, көл жағасында түбі ақ қайыр болғандықтан «Ақбұлақ» аталып кеткен бұлақтан су ішіп, сәл аялдадық. Округ әкімі Әлімжан Андақұловтың айтуынша, атына заты сай көлдің суы мен тұзының қасиетін ата-бабаларымыз ерте кезден білген.

— Ықылым заманнан бері Тұздыкөлдің сарқылмай тұрғандығы — жағасында төрт бұлақ бар, көл сонымен толығып отырады. Тұзға түсетін қырық күн шілдеде бұл жерге демалушылар мен ем алушылар көптеп келеді.

Кеңес Одағы кезінде көл суы мен тұздың құрамы тексеріліп, берілген қорытынды қағаздары да бар, уақытында бұл жерге санаторий жасау туралы ұсыныс та айтылыпты. Алайда инфрақұрылым болмағандықтан, бұл шаруа аяқсыз қалып отырған. Бүгінде Мұғалжар ауданы, қала берді, облыс тұрғындары шипалы көлді іздеп келіп түседі десем, артық айтқаным емес. Бұрын сырқатына ем іздегендер алыстан ат арытып келіп тұрыпты, — дейді округ әкімі Әлімжан Андақұлов.

Әзірге көл маңында күнге қыздырынамын, тұз ваннасын қабылдаймын деген ниеттілерге қызмет көрсететіндер жоқ. Келгендер өз жағдайын өздері жасап алады. Көл жағасынан батырдың дулығасы пішінді екі орын көрдік. Біз барғанда үшіншісінің құрылысы жүріп жатыр. Округ әкімінің айтуынша, осы өлкеде туып-өскен, белгілі кәсіпкер Ербол Байжарқынов «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Тұздыкөл маңын абаттандыруды қолға алып, демалушылар мен ем алушыларға тынығуға ыңғайлы, көлеңкесі бар, тамақтануға орын жасап жатыр.

Шілде басталса бұл жерді сауықтыру алаңына айналдыратын жергілікті тұрғындар Тұздыкөл балшығы, әсіресе тері, буын және омыртқа ауруларына шипалы екенін айтады. Бір сөзбен айтсақ, Тұздыкөл туризмге сұранып тұр.

СЫРЫН ІШІНЕ БҮККЕН ҮҢГІР

Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар қасиетті орындардың саны — 34. Сондай киелі жерлердің алтауы — Мұғалжар ауданында. Оның екеуі — Егіндібұлақ ауылдық округі аумағындағы Қарағұл кесенесі мен Төлеубұлақ петроглифтері. Біз соңғысына барып көрдік.

Төлеубұлақ қыстағынан солтүстікке қарай бір жарым шақырым жерде айдалада, биіктеу жерде құпияға толы, талай ғасырдың сырын ішіне бүккен бір үңгір тұр. Қилы заманға куә болған үңгірдің төбесі бүгінде ортасына құлап, түсіп барады.

Аталған үңгірді 2000 жылы Қазақстан-Ресей бірлескен халықаралық экспедициясы  зерттеді. Экспедиция құрамында Ресей Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог А.Деревянко (жетекші), профессорлар Ж.Таймағамбетов, В.Петрин, т.б. болды. Ғалымдар Мұғалжар ауданы аумағындағы тас дәуіріне тән көне қоныстарды анықтап, ғылыми айналымға енгізді. 2006 жылы мұнда белгілі археолог З.Самашев та зерттеу жүргізген.

Ғалымдардың пікірінше, Төлеубұлақ үңгірі — бұдан 10 мың жылдай уақыт бұрынғы, яғни тас дәуіріндегі адамдар мекен еткен жер. Үңгірдің еденінде тереңдігі 5 сантиметр, ал диаметрі 15-25 см болатын, ойылып салынған суреттер табылған.  Зерттеушілер оларды саңырауқұлақтың бас жақ бөлігіне, тұяққа, т.б. ұқсатыпты. Терең ойылып салынған сызықтар да бар. Кейбір зерттеушілер бұл белгілерді тіпті әріден келе жатқан жер бетіндегі ең көне символдар болуы мүмкін деп те болжайды.

Терең ойылған сызықтарға тұтас қарасақ, шағын кілемшедегі оюлар секілді көрінеді. Ғылыми еңбектерде тастарға, жартастарға салынған суреттер мен бейнелерді «петроглифтер» дейді ғой. Жоғарыда аталған петроглифтердің ең алғашқылары мезолит, тіпті, палеолит кезеңінде пайда болған деген пікір бар. Кешен — Қазақстандағы тас дәуірінен қалған ең көне археологиялық ескерткіш.

Жалпы, үңгірдегі петроглифтер жөнінде нақты зерттеулер — алдағы уақыттың еншісіндегі іс.

БҰЛАҚТАРДЫҢ ОТАНЫ

Егіндібұлақ округінің орталығы — Бұлақты ауылы. Аты айтып тұрғандай, әр елу метр сайын бір бұлақ алдымыздан шықты.

Төлеубұлақ қыстағы аумағында орналасқан Имаш бұлағын аққайыңдар көмкеріп тұр. Бұрала өскен биші қайыңдарды көрерге көз керек. Бұлақтың сылдырына, желмен тербелген ағаштың сыбдыры қосылып, айналаға ерекше сән беріп тұр. Бұлақтардың Отаны болғасын бұл маңдағы көгалдың да түсі — ерекше қанық, жасыл жайлау дерсің.

Имаш бұлағы сабырлы, байсалды түр танытып, жай ағып жатса, көршілес жатқан Андақұл бұлағының ағысы қатты көрінді, суы арқырап, бұрқырап ағып барып, жерге сіңіп кетеді.  Бұлар — тек біз көрген бұлақтар.

Егіндібұлақ кереметтерін көрсетіп, ауылды аралатқан  Егіндібұлақ округінің әкімі Әлімжан Андақұлов бізге жері ылғал, шөбі шүйгін ауылдың тыныс-тіршілігі туралы да айтып берді.

— Бұлақ көп болғандықтан, ауылымыздың жері — шұрайлы, малға жайлы. Оның үстіне біздің округтің аумағы —  жер көлемі жағынан аудан бойынша ең үлкені. Территориямыз да, жеріміз де мүмкіндік беріп тұрған соң, округте 46 шаруа қожалығы тек қана мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде ауылдағы мобильді байланыс та реттелді, қазір тұрғындар Beeline,Теле2 және Аctiv мобильді операторларының қызметін пайдаланып отыр. Ауылға су жүйесі тартылып, су құбыры әр үйге кіріп тұр. Алдағы 2023-2024 жылдары Егіндібұлаққа газ құбырын тарту жоспарда бар. Сондай-ақ биыл Бұлақты негізгі орта мектебі күрделі жөндеуден өтпекші. Айтпақшы, Бұлақты ауылында 50 орындық дәрігерлік амбулатория салу үшін жер рәсімделіп, Nur Otan партиясының бағдарламасына енді. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталады деп отырмыз, — дейді ол.

Байқағанымыздай, ауыл көшелері тазалығымен, көрнекіліктерімен әдемі, жып-жинақы көрінді. Айталық, ауылдың 90 жылдығында бой көтерген Ақтангерге арналған ескерткіш, диодты шамдармен көмкерілген «Менің ауылым — Бұлақты» жазуы түнгі ауылға ерекше сән беріп тұр. Бұрынғыдай емес, қазір ауыл көшелері жап-жарық, бәрі де соңғы үлгідегі шамдармен жарықтандырылған.

Егіндібұлақ кереметтері — Төлеубұлақ петроглифтері мен Қарағұл кесенесі туралы ақпараттар да саябақ сәнін арттырып тұрғандай.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button