Мереке

Көк тудың желбірегені…

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Мен туымды мақтан етемін» атты акция өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен акцияға «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Қолдарына көк туымызды желбірете ұстаған жастар сап құрып, патриоттық әндер шырқады. Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрхан Ағниязов пен «Вяра» болгар этномәдени  бірлестігінің өкілі Анастасия Подолянова жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтады.

— Бүгінгі акцияның негізгі мақсаты — жастарды патриотизмге тәрбиелеу. Мемлекеттік рәміздердің маңызы жайлы танымдық ой-өрістерін дамыту. Әрбір қазақстандық мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, мақтаныш етуі керек.

Жалпы, республика бойынша маусым айы бойы патриоттық шаралар ұйымдастырылмақ. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде осындай акциялар өтіп жатыр. Алдағы уақытта қала тұрғындары арасында мемлекеттік рәміздерге қатысты сауалнама жүргізілетін болады. Сонымен қатар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратынан Рәміздер кабинеті ашылмақ, — дейді «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің маманы Айтоты Сағиева.

Шара соңы «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

* * *

Акция Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен мотошерумен жалғасты.

Шара жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де Абай бульварындағы Елтаңба алаңынан басталды. Мемлекеттік Туды биік ұстаған мотоцикл мінген жастар Әбілқайыр хан даңғылы арқылы М.Мәметова, Ө.Сейітов, Ғ.Жұбанова көшелерін жүріп өтіп, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта орналасқан тутұғыр маңына келіп тоқтады.

Мұнда шеруге қатысқан жастар көлемі 25*15 шаршы метр болатын көк туды көкке көтеріп, еліміздің Әнұранын әуелете шырқады.  Бұдан соң белсенді жастар сөз сөйлеп, ақтөбеліктерді Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

Шара барысында суретші жастар саябақта жүрген балалардың бетіне аквагриммен тудың суретін салып беріп, мерекені сезіндіре түсті.

— Жыл сайын жастардың патриоттық сезімін оятып, Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру мақсатында автошеру ұйымдастыратынбыз. Биыл сәл өзгеріс енгізіп, мотошеру өткіздік. Мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын белгілейтін Мемлекеттік рәміздердің маңызын ұғындыруға арналған шаралар тек бұнымен шектелмейді, — деді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Қалдыбай.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button