Ауыл

Нұрманның өндірістік кооперативі

Шалқар ауданындағы Бозой ауылдық округінде жыл санап атакәсіпке бет бұрушылардың қатары көбейіп келеді. Бүгінде аталған округте 61 шаруа қожалығы бар.

Осы тіркелген қожалықтардың әрбірінен мал басының жыл санап артып келе жатқандығын байқауға болады. Қазір округ бойынша 6392 мүйізді ірі қара, 8179 қой-ешкі, 9801 жылқы және 4111 түйе малы бар.

Кешегі кеңшарлар ыдыраған тұста осындағы қыстақтардың көбінің іргесі сөгілмей, шаруалар төрт түліктің басын сақтап, көбейтуді мақсат етті. Тәуелсіздік таңы енді атып, қоғамды нарық билеген тұста жасалған сол батыл қадамдардың артынан уақыт өте еңбекпен үлкен жетістіктер де келе бастады.

Мал шаруашылығын өрлетіп, бүгінде аудандағы іргелі қожалықты басқарып отырған азаматтардың бірі — бозойлық Нұрман Әбдіхалықов ағамыз. Жылқышы әкесі Әділханиттің құрығын жерге тастамай, төрт түліктің басын көбейтуден алға шыққан «Әділханит» шаруа қожалығы еңбектен әрдайым қол үзген емес.

Бүгінде Нұрман Әділханитұлы Бозой ауылынан 12 шақырым жердегі кезінде аты шарықтап тұрған Южный, қазіргі Қоянқұлақ елді мекенінде тұрады. Мұнда бұрын 200-дің үстінде үй болса, қазір небәрі төрт-ақ үй қалған. Ауыл келбетінен ажырап бара жатқан мекеннен Нұрман ағамыз 2016 жылы 400 басқа шақталған мал бордақылайтын алаң салып, «Жарас-Ата» өндірістік кооперативін құрған еді. Содан бері бұл шаруашылық өз ісін ілгерілету мақсатында алға түрлі жоспарлар құрып та үлгерді. 2017 жылы Үкіметтен лизингке арнайы мұздатқышпен жабдықталған «Газель» маркалы автокөлігін алып, бордақы малдың өнімін тиісті орындарға тасымалдаудың жолын реттеді.

Жылқышылықпен аты шыққан Әбдіхалықовтар әулетінің ұлттық спортқа ден қоятынын, әсіресе атбегілік те өнерлері бар екенін жұртшылық жақсы біледі. Ес білгелі мал шаруашылығынан бір сәт те қол үзбеген ол Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығына жасалып жатқан қолдауларға дән риза. Ретті жерінде оның  қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайтынын білдік. Дамир, Нұркен, Әбунасыр есімді ұлдары ата-аналары Нұрман мен Мағзаттың қолғабысы болып, шаруашылықтың иінін келтіруден  шет қалмапты.

— «Жарас-Ата» өндірістік кооперативі атадан балаға мирас болған атакәсіптің бір нәтиежелі көрінісі іспеттес. Кооператив иесі Нұрман Әбдіхалықов округіміз бойынша өткізілетін түрлі шараларға қолдау көрсетіп келеді. Олар шаруаны отбасымен бірге ұйымшылдықпен үйлестіреді. Округ орталығында өзге де қосымша кәсіптері бар. Ауылымыздан салынып жатқан мешіт құрылысына қомақты қаржысын берді. Өткен жылы пандемия өршіген тұста да ауылдастарға жылқы сойып, еттен көмектесті. Тізе берсек, ағамыздың ауыз толтырып айтарлық көмектері көп. Орайлы тұста округ бойынша «Отар», «Медет», «Назар», «Ақжол», «Өмірзақ, «Өтес», «Наурыз-М» шаруа қожалықтарының да қайырымдылық істерде белсенділіктерін айта кеткен жөн болар, — дейді Бозой ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жұбаназаров.

Саусақпен санарлық түтіні бар Қоянқұлақтың ортасынан іргелі өндірістік кооперативтің құрылуы, ертеңі бұлдыр елді мекеннің тұрақтылығына қағылған берік қазық тәрізді.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН, 

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button