Спорт

Ұпай әпермеген қарымта гол

Премьер-Лига

28-29 мамырда, жұма-сенбі күндері 14-турдың кездесулері өтті.

Соңғы орындардан көтеріле алмай келе жатқан «Жетісу» сырт алаңда «Тұранды» жеңіп, үш ұпай олжалады.

«Қызылжар СК» Петропавл қаласындағы кездесуде «Тараздан» ұтылып жатып, 89-минутта пенальтидің арқасында есепті теңестіріп кетті.

Сондай-ақ Ақтауда турнир көшбасшысы «Астанадан» ұтылып жатқан (0:2) «Каспий» де жеті минут ішінде екі гол соғып, елордалықтарға есе жібермеді.

Шымкентте «Шахтерді» қабылдаған «Ордабасы» пенальти соға алмай, тең есепті (0:0) місе тұтты.

«Ақжайықты» қабылдаған «Атырау» сенімді ұтысқа ие болды.

Жанкүйерлерін ренжітіп алып жүрген «Қайрат» өз алаңында «Қайсарды» әупірімдеп 1:0 есебімен жеңді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» Қостанайда «Тобыл» командасымен кездесті.

Ойын басталар-басталмастан қонақтар шабуылға ден қойды, әлсін-әлсін алаң иелерінің қақпасын бетке алумен болды. Тіпті бірінші болып бұрыштама да орындады. Бірақ, расын айту керек, шабуылдың саны көп болғанымен «Тобылдың» қақпашысын әбігерге саларлықтай қауіпті сәттерге қол жетпей қойды.

Ал әлдебір тактикаға негізделмеген мұндай жалпылама шабуылдардың алдын ала білген «Тобыл» футболшылары оңтайлы сәтті күтіп жүрді де, сол мүмкіндікке қол жеткізді. Алаң ортасынан алдына түскен допты іле кеткен Руслан Валиуллин кенет жойқын екпінмен біздің айып алаңымызға енді де кетті. Тұтқиылдан тап болған қауіптің бұлтын ыдыратуға тырысқан Тонго Думбия тобылдық футболшыны іліп қалғандай болды. Іліп қалды ма, жоқ па, әйтеуір, Руслан кескен теректей сұлап түсті. Тараздық төреші Сәкен Бәйімбетов еш ойланбастан он бір метрлік нүктені көрсетті. Пенальтиді Азат Нұрғалиев орындады. Ол тепкен доптың бағдарын қақпашымыз Сергей Ревякин аңғарып қалды да, солай қарай ұмтылып-ақ үлгерді, бірақ қолы жетпей құлады — 0:1.

Бұл голдан соң кәдімгідей қуаттанған тобылдықтар шабуылды көбейте бастады. Сөйтіп жүріп бұрыштама доп соғу мүмкіндігіне ие болды. Бұл біздің қорғаушыларға бармақ тістеткен бұрыштама болды. Әуелей жеткен допты тобылдық Сергей Малый баспен тура қақпаға бағыттаған. Оны аңдып тұрған қақпашы Ревякин шалт кері қаққанымен, Дмитрий Мирошниченко екінші рет соққы жасап, қақпа торын бүлк еткізді — 0:2.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Ойынның екінші бөлігі де көрермендерді жалықтырған жоқ. Доп екі команда футболшыларының ортасында тынымсыз зырқыраумен болды. Оның үстіне басым есепке ие болып алғанымен, алаң иелері бірыңғай қорғанысқа көшуді де мақсат етпеді. Былайша айтқанда, екі команда да армансыз қимылдады. Бұл екінші таймда ақтөбеліктер нәтижеге негізделген нақты шабуылдар ұйымдастыра бастады. Бірақ нәтиже қолға түсіп болмады. Бірде Максим Федин, келесіде Максим Самородов, енді бірде Рифат Нурмугамет пен Эрвейн Муками теңбіл торды тулатарлықтай мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алмады.

Дегенмен 86-минутта ақтөбеліктерге қарымта гол соғудың сәті түсті. Сол жақ қанаттан айып алаңына ентелей енген Максим Самородов тобылдық қорғаушылардың арасынан жол тауып, допты тура қақпаның алдына жеткізді. Біздің жігіттер лап қойды, алаң иелері жанталаса қорғанды. Осындай абыр-сабырды оңтайлы пайдаланған шабуылшымыз Боян Дубайич дәл соққы жасады — 1:2.

Бұдан әрі есепті еселеудің мүмкіндігі болмады.

Рас, чемпионаттың алғашқы кезеңіндегі бір ойында «Ақтөбе» 94-минутта есепті теңестіріп, тағы бір ойынның 94-минутында жеңіс голын да соққан. Бірақ ол басқаша ойнаған команда еді…

Ал Григорий Бабаянның соңғы алты ойында бес рет жеңіске жеткен жігіттері көш басындағы «Астананы» өкшелей түсті, «Тобылдың» елордалық командадан үш-ақ ұпайы кем.

«Тобыл»-«Ақтөбе» — 2:1

Гол авторлары: Азат Нұрғалиев, пенальти, 17-минут (1:0); Дмитрий Мирошниченко, 29-минут (2:0); Боян Дубайич, 86-минут (2:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Неманья Николич, 66-минут; Жереми Манзорро 76-минут («Тобыл») — Максим Самородов, 40-минут; Лаша Тотадзе, 43-минут («Ақтөбе»).

29 мамыр 2021 жыл. Қостанай қаласы, «Тобыл Арена» стадионы. 900 адам.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Сергей Ревякин (қақпашы), Әлішер Әжімов, Михал Йерабек, Лаша Тотадзе, Әділхан Таңжарықов (капитан), Тонго Думбия (Боян Дубайич, 61-минут), Дидар Жалмұқан (Юрий Логвиненко, 61-минут), Эрвейн Мукам (Еркебұлан Нұрғалиев, 83-минут), Максим Самородов (Олег Чернышев, 75-минут), Максим Федин, Игорь Сергеев (Рифат Нурмугамет, 61-минут).

Бас бапкердің міндетін атқарушы Владимир Зеленовский.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда «Тобыл» мен «Ақтөбе» тең ойнаған болатын: 1:1.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Боян Дубайич, шабуылшы — 2;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 14 кездесу өткізіп, 3 рет жеңді, 4 рет тең түсті, 7 рет ұтылды.  Ұпай саны — 13. Доп айырмашылығы — 21:27.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тұран»-«Жетісу» — 0:2

Гол авторлары: Нұрбол Нұрберген, 51-минут (0:1); Айбар Жақсылықов, пенальти, 64-минут (0:2).

74-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Лайонел Адамс («Тұран») алаңнан қуылды.

28 мамыр 2021 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан Арена» стадионы. 1400 адам.

«Қызылжар СК»-«Тараз» — 2:2

Гол авторлары: Ненад Адамович, 11-минут (0:1); Ненад Адамович, 37-минут (0:2); Дарко Зорич, 65-минут (1:2); Әлібек Қасым, пенальти, 89-минут (2:2).

87-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Алмас Сапарғалиев («Тараз») алаңнан қуылды.

28 мамыр 2021 жыл. Петропавл қаласы, «Қарасай» стадионы. 1100 адам.

«Каспий»-«Астана» — 2:2

Гол авторлары: Тигран Барсегян, 8-минут (0:1); Роман Мұртазаев, 31-минут (0:2); Талғат Кусяпов, 53-минут (1:2); Аслан Дарабаев, 60-минут (2:2).

29 мамыр 2021 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. 1300 адам.

«Ордабасы»-«Шахтер» — 0:0

57-минутта Жоао Пауло пенальтиді орындай алмады.

29 мамыр 2021 жыл. Шымкент қаласы, Қажымұқан атындағы стадион. 1500 адам.

«Атырау»-«Ақжайық» — 2:0

Гол авторлары: Алексей Радионов, 45-1 минут (1:0); Брайан Сильва, 58-минут (2:0).

29 мамыр 2021 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы. 1200 адам.

«Қайрат»-«Қайсар» — 1:0

Гол авторы: Хосе Канте, 33-минут (1:0).

28 мамыр 2021 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион. 4000 адам.

*   *   *

14-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 34 ұпай;
  2. «Тобыл» (Қостанай) — 31 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 24 ұпай;
  4. «Ақжайық» (Орал) — 21 ұпай;
  5. «Атырау» (Атырау) — 21 ұпай;
  6. «Каспий» (Ақтау) — 20 ұпай;
  7. «Тараз» (Тараз) — 19 ұпай;
  8. «Қызылжар СК» (Петропавл) — 18 ұпай;
  9. «Ордабасы» (Шымкент) — 18 ұпай;
  10. «Тұран» (Түркістан) — 15 ұпай;

11.«Ақтөбе» (Ақтөбе) — 13 ұпай;

  1. «Жетісу» (Талдықорған) — 10 ұпай;
  2. «Шахтер» (Қарағанды) — 9 ұпай;
  3. «Қайсар» (Қызылорда) — 7 ұпай.

Чемпионат басталғалы «Астана» ғана еш ұтылыссыз ойнап келеді.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» және «Шахтер» командаларынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз. Сондай-ақ «Қызылжар СК» мен «Ордабасы» командалары әзірге 13 кездесуден өткізді.

15-турдың кездесулері екі апталық үзілістен соң жалғасады:

12 маусым, сенбі

«Жетісу» — «Каспий»

«Шахтер» — «Қызылжар СК»

«АҚТӨБЕ» — «АТЫРАУ»

«Ақжайық» — «Ордабасы»

13 маусым, жексенбі

«Тараз» — «Қайрат»

«Қайсар» — «Тұран»

«Астана» — «Тобыл»

Е.АҚАТҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button