Ақтөбе тұрғындар үшін жайлы қала болуға тиіс
Құрметті Ақтөбе қаласының тұрғындары!
Сіздерді Ақтөбе қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл қаламыздың іргесінің қаланғанына 152 жыл толып отыр. Тарихы бай шаһарымыздың бұл мерейлі мерекесін еселі еңбекпен, болашаққа деген сеніммен қарсы аламыз.
Бұл — Ақтөбенің болашағына бейжай қарамайтын барлық азаматтарды біріктіретін мереке! Бұл — қаланың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер мен туған шаһарының тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алатын жас ұрпақтың мерекесі.
Бүгінгі Ақтөбе — индустриялық әлеуеті жоғары, мәдени мұрасы өте бай, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның батыс өңірінің ең ірі қаласы. Қаланы көркейту үшін ауқымды жұмыстар атқарылып келеді және бұл тек бастамасы ғана.
Ақтөбе қаласының келбеті көз алдымызда жаңарып, жақсарып келеді. Оның бет-бейнесі өзгеріп, көшелері мен саябақтары абаттандырылып, жаңа шағын аудандар салынып, тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Бұл, әрине, барлық ақтөбеліктердің еселі еңбегінің нәтижесі.
Кез келген қаланың басты байлығы — оны одан да әдемі және жайлы етуге тырысатын тұрғындары. Біз өнегеге бай мұра қалдырған бабаларымызбен, күні-түні кіші Отанымыздың кемелденуіне еңбек етіп жүрген тұрғындарымызбен, қаламыздың атын шығарып жүрген жерлестерімізбен мақтанамыз.
Қымбатты ақтөбеліктер! Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында сүйікті қаламыз күн сайын көркейіп келе жатыр. Дана халқымыздың «ырыс алды ынтымақ» деген аталы сөзі бар. Халықтың ынтымағы, татулығы, бір-біріне деген құрметі — ел өркендеуінің кепілі. Сіздерге Ақтөбенің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіре отырып, зор денсаулық, әр шаңыраққа жақсылық тілеймін!
Құрметпен,
Ақтөбе қаласының әкімі Асхат ШАХАРОВ.
Ал жайлы қала қандай болады? «Ол үшін аспандағы айға қол созудың қажеті жоқ. Егер үйден шыққанда подьезің жарық, аулаң таза, аялдама қыста жылы, жазда салқын, ал қоғамдық көлік таза, жұмысыңда алаңсыз жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған болса, барлық қызметтерді кедергісіз ала алсаң, жайлылық деген осы ғой», — дейді қала әкімі Асхат Шахаров. Ақтөбені жайлы қалаға айналдыруға қаланың әрбір тұрғыны мүдделі. Себебі — бәріміз де осы қаланың тұрғынымыз. Ақтөбе — біздің ортақ үйіміз, алтын бесігіміз. Ал осы «үйдегі» жұмысты үйлестіретін адам — қала басшысы. Үйлестіруші болғандықтан да, ақтөбеліктердің барлық ұсыныс-тілегі, ризашылығы, өкпе-реніші алдымен тікелей осы кісіге қарата айтылады. «Әкім қайда қарап отыр?» Бұл, сірә, Асхат Шахаровтың күнде еститін сөзі шығар…
Біз барғанда әкім қағаз қарап отыр екен. Қаланың тыныс-тіршілігіне, болашағына қатысты маңызды құжаттарға қол қойып отыр.
— «Әкім қайда қарап отыр?» деген сұрақтың қойылуы бір жағынан дұрыс. Тұрғындар әрдайым өз пікірін айтып отыруы керек. Соған қарап біз ескерілмей жатқан кейбір мәселелерді реттейміз. Қала — тірі организм. Сондықтан қала әкімі ретінде жүре пайда болған мәселелерді де, жылдар бойы қордаланып қалған түйіндерді де анықтауға, тұрғындарға қолайлы оңтайлы шешімін іздеуге, табуға міндеттімін. Орынбасарларымды, басқа да жауапты тұлғаларды ұйымдастыра отырып, барлық мәселелерді реттеуге тиіспіз. Алайда кейде істелген жұмыстарды бағалау басқаша жүргізіліп жатады: мәселен, уақтылы алынбаған қоқыс үшін «қала әкімі мүлде жұмыс істемейді» деген пікір айтатындар бар. Әрине, мұндай келеңсіздіктер үлкен қала өмірінде кездеспеуі мүмкін емес. Дегенмен, мәселенің беткі жағын ғана реттеп, түбін сол күйінде қалдыру — мәселені шешу болып есептелмейді. Иә, бәлкім, сол қоқыс сол күні алынар, бірақ оны жүйелі шешпесе, дұрыс болмайды. Мен қала басшысы ретінде барлық мәселені жүйелі шешуге тырысамын.
— Қоқыс шығару мәселесі айтылғаннан кейін тақырыптан ауытқымай, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз? Расында, бүгінде тұрғындар арасында қоқысты уақтылы шығармауға қатысты наразылықтар әлеуметтік желілерде жиі сөз болады.
— Қаламыз үлкейіп, тұрғындар саны күн сайын артып келеді. Бүгінде қала іргесінде жаңа аудандар бой көтеріп, құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі қала аумағында санитарлық-экологиялық тұрақтылықты сақтау бағытында ауқымды жобаларды қабылдауды қажет етеді. Жалпы қала аумағында қатты- тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесін қалалық әкімдік пен тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімі күнделікті бақылауда ұстап отыр.
Жұмыс қоқыс шығарушы компаниялармен тығыз байланыста жүргізіледі, бекітілген аумақтар бақыланып, мәселелер мен кемшіліктер анықталып, дереу дұрысталады. Бұл бағытта тұрғындардан түскен арыз-шағымдар бойынша шұғыл шара қабылдауға тырысамыз. Дегенмен, қоқыс шығаратын ұйымдардағы абоненттік базаны жетілдіру жұмыстарының тиісті деңгейде еместігі, тұрғындардың бір пәтерде тұратын адамдардың санын дұрыс бермеуі, борышкерлердің көптігі бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың шырайын шығармайды. Мәселен, базада тіркелген қала халқының 40%-ына дейін қатты- тұрмыстық қоқыс шығарғандары үшін тұрақты төлем жасамайды. Ал базаға тіркелмегені қаншама?
Қазіргі күні Жиенбаев көшесі, Оңтүстік айналма жол, Махамбетовка, Мәскеу ауданындағы Иманов, Мясоедов, Арынов көшелері секілді бірнеше проблемалық учаскелер бар, бұл жерлерде қоқысты уақтылы шығаруды қамтамасыз ете отырып, контейнер алаңдарын орнату орынды болар еді. Бұл мәселені шешу үшін қосымша қоқыс таситын машина сатып алу қажет.
Қазіргі уақытта қала аумағынан қоқыс шығарумен жеке тұлғалардан 5 ұйым айналысады, олар — «Neo plus», «Ақжол ЛТД», «Азия-Комфорт и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Таза Қарғалы», «CleancityАқтөбе» компаниялары.
Бүгінде бұл компаниялар қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға 50-ден астам арнайы техниканы жұмылдырып отыр.
Контейнер алу мәселесі де рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Қазір қаладағы 476 контейнер алаңында 3345-тен астам контейнер орналастырылған. Жыл сайын жаңа контейнерлер алынып, қажеттілікке қарай орналастырылады. Былтыр 680 стандартты металл контейнер орнатылып, 61 контейнер алаңы салынды. Бұдан басқа жол картасына және қатты-тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды және сұрыптауды енгізу бойынша әзірленген бағдарламаға сәйкес 200 контейнер әкелініп, орналастырылды. Сонымен бірге нұрсұлтандық «Clean City NC» компаниясымен арада 1000 евроконтейнер, 6 техника әкелу жөнінде құжатқа қол қойдық.
Қатты-тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды және сұрыптауды енгізудің жол картасы шеңберінде Ақтөбе қаласында биылғы тамыз-қыркүйек айларында қуаты жылына 60 000 тонна қоқысты сұрыптауға арналған қосымша желіні жеткізу жоспарланған.
Былтыр қаламыздағы полигонның қуатын арттыруға жобалық-сметалық құжат әзірленді, оған мемлекеттік акт шегінде қоқысты жинау үшін қосымша 18 карта жасау, сондай-ақ полигонның периметрі бойынша қоршау және көгалдандыру жұмыстары енгізілді. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті, қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Қатты-тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты инвесторлармен кездесіп, келісімшарттар жасасып жатырмыз. Алдағы уақытта полигонда қоқыстарды іріктейтін зауыт салынбақ. Бүгінгі күні ресейлік ғалымдар жасаған арнайы материалдар арқылы полигоннан бөлінген күкіртсутекті ыдыратып, иіс шығармайтындай қылып отырмыз. Бүгінде, байқасаңыздар, анау айтқандай, сасық иіс жоқ Ақтөбеде.
— Қала экономикасының, жалпы, қаланың тыныс-тіршілігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі — қала жолдары. Жолдың «жыры» да жыл сайын қайталанатын, айтыла беретін мәселе. Мұны сіз қалай шештіңіз?
— Жоғарыда айтқанымдай, қала тірі организм болғандықтан, жол үстіндегі «жыр» ешқашан таусылмайды. Себебі жолды біз пайдаланамыз, ол пайдаланған сайын тозады, тозғанын жаңартқан кезде, ескі жолдар тағы тозады, солай үздіксіз жалғаса береді. Дегенмен, жұмысты рет-ретімен жүргізіп отырмыз. Ақтөбеде биыл 36 шақырым автокөлік жолы жөнделеді. Оның ішінде ірі жобалар да бар.
Жалпы ұзындығы 5,7 шақырымға созылатын жаңадан үш жол құрылысы жоспарланып отыр. Олар Рауан, Қызылжар тұрғын үй алаптарында салынады, сонымен бірге Қисық көлге апаратын жол құрылысына да қаражат бөлініп отыр. Ұзындығы 12,2 шақырым болатын екі нысанды реконструкциялау жобасы да бар: Батыс-2 шағын ауданындағы ұзындығы 2,4 шақырым болатын Тәуелсіздік көшесі бойындағы автокөлік жолын (сегіз жолақтан тұратын болады), Кірпішті ауылындағы Елек өзені арқылы өтетін көпірден Ақтөбе-Орск автокөлік жолына дейін реконструкциялау жүргізіледі.
Биыл ұзындығы 16,5 шақырым болатын 12 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары былтыр басталған жолдар да бар.
Құрашасай елді мекенінің Әбілқайыр хан, Абай, Жамбыл, Гоголь көшелерінде, Ақтөбе қаласының Түрксіб, Снайперская, Гарнизонная, Жуковский, ағайынды Коростылевтар, Өтемісов көшелерінде және Бекқұл баба ауылынан Белогорка елді мекеніне дейінгі жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
2017-2018 жылдары жасалған жұмыстарға қатысты анықталған кемшіліктер бойынша былтыр сотқа талап-арыздар берілді. Бүгінгі күні автомобиль жолдарына тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөнделген жолдарда анықталған кемшіліктерді жою немесе қалпына келтіру туралы хабарлама берілетін болады. Хабарлама бойынша қойылған талап орындалмаған жағдайда, мердігер мекемені сапасыз қызмет көрсетуші ретінде тану үшін сотқа талап-арыз беріледі. Сонымен қатар қазір құрылыс объектілерін белгіленген мерзімінде тапсыра алмайтын мердігер ұйымдармен арадағы шарттарды бұзу үшін сотқа қосымша талап-арыздар дайындалып жатыр.
— Жол тақырыбынан қоғамдық көлік мәселесі туындайды. Бүгінде қаламызда жолаушылар тасымалымен айналысатын екі компания бар. Бұрын біреу болатын. Дегенмен, қала аумағының күн сайын өсуіне, тұрғындар санының көбеюіне байланысты жолаушылар тасымалы саласы да жетілдіруді, автопаркті ұдайы жаңартуды талап етеді.
— Бүгінде «ПАТП» серіктестігі автопаркінің — 80 пайызы, «Автопарк» серіктестігі автопаркінің 60 пайызының тозығы жеткен. Бұл бағытта да инвесторлармен жұмыс істеуді ұйғарып отырмыз. Аталған мәселе күз айларында толығымен шешілуге тиіс.
Қоғамдық көліктерде жүрудің дифференцияланған тарифі енгізілмек. Бұған дейін енгізілген электронды билет жүйесі бүгінде қалалық бағыттағы көліктердің барлығында жұмыс істейді. Күн сайын қалалық бағытқа шығатын автобустар валидатормен 100% қамтылған. Дифференцияланған тариф арқылы біз жолаушылар ағынының көрсеткішін анықтай аламыз. Осыдан келіп жалақы, салық мәселесі де реттеледі. Жолаушылардың қай бағытта көп, аз жүретіні анықталып, маршруттарды да реттеуге болады. Қазіргі есеп бойынша қалада шамамен 220 мыңдай адам қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. Бүгінге дейін 120 мыңдай адам билет сатып алды. Алдағы уақытта қалалық мәслихатта 7-санаттағы азаматтарға жолақысын 50 пайызға, 1-топ мүгедектерін жолақысынан мүлде босату туралы мәселе қаралатын болады.
Электронды билет ақша қаражатын көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді. Бұл 60-80% тозығы жеткен автобус паркін жаңартуға септігін тигізеді. Сонымен бірге қоғамдық көліктің әлеуметтік маңызы бар 29 бағыты бойынша субсидия берілмек. Мұның барлығы электронды билеттеу жүйесі арқылы анықталады. Бұл ретте келісімшарт жасалып, оның орындалуын қадағалайтын боламыз.
-
Сұхбат арасында:
-
— Пиарды жақсы көресіз бе?
— Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі көрінсең, «әкім пиарды жақсы көреді» дейді. Ал шықпай кетсең, «қайда жүр? Неге жұмыс істемейді?» дейді. Яғни сын бәрібір айтылады. Сондықтан бұл сұраққа жауабым біреу: әркім өзі үшін жұмыс істейді, мен де пиар үшін емес, халықтың бетіне ұялмай қарайтындай сапалы жұмыс істеуге барымды саламын.
— Әлеуметтік желі — қоғамның көңіл күйінің көрсеткіші болып кетті ғой. Әлеуметтік желіде сіздің атыңызға айтылатын жағымсыз пікірлерді қалай қабылдайсыз?
— Қандай сын айтылса да, кемшілікті өзімнен іздеймін. Алайда желіде жазылған мәселені бірден түзетіп, пиар жасау немесе соны жазған адаммен дауласып отыру, дұрыс емес. Мәселен, «автобус лас» десе, бірден барып сол автобусты жуып бергеннен ештеңе шықпайды, бұл мәселені жүйелі шешу керек. Мен қала басшысы ретінде нақты жасалатын жұмыс жоспарын айтамын және соны орындауға тырысамын. Бір қызығы, мәселе туындаған кезде жиі айтылады да, сол мәселенің түйіні шешіліп, реттелген кезде оны «ұмытып кетеміз». Дегенмен, осы қалада істеліп жатқан жұмыстардың бәрі де тұрғындар игілігі үшін ғой.
— Әкім болу оңай ма, спортшы болу оңай ма?
— Спортшы болу оңай секілді, спорт әлемінде әділ екеніңді дәлелдей аласың. Ал басшы ретінде ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ, қанша жерден сын, арыз-шағым айтылса да, тек жұмыс істеуің керек. Менің де принципім — сол.
— Жеке өміріңізге уақыт бар ма?
— Жоқ сияқты (күліп — автор). Қала — біздің үлкен үйіміз. Ал үйдің тірлігі күндіз-түні бітпейді. Қала тірлігінде жолдарға белгі соғу, тазарту, гүлдерді суару, қоқыс шығару секілді неше түрлі жұмыстар кейде түнде жасалады. Себебі қала таңертең таза тұруға тиіс. Телефонымда 40-тан астам ватсап-чат бар. Күрделі мәселелер туындап қалса, уақытпен санаспай шешуге тура келеді.
— Қаламыздағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдың басқа жерге көшірілетіні туралы бір әңгіме шыққаны белгілі…
— Әңгіме шықса, әкім сізге нақты жауап береді: ол ешқайда ауыстырылмайды, тек ұшақтардың ұшу-қону жолы далалыққа қарай 60 градусқа дейін өзгертіледі.
— Қала іргесіндегі бой көтеріп келе жатқан Жаңақоныс-1,2,3,4,5 секілді елді мекендер, Батыс-1,2,3 аудандарының атауына қатысты өзгерістер бола ма?
— Міндетті түрде. Бүгінде ономастика комиссиясында қаралып, шешімі шықты. Батыс-3 ауданы Ұлы дала ауданы деп аталатын болады. Осылайша барлық тұрғын үй алаптарының атауын өзгертетін боламыз. Себебі, қала одан әрі кеңейе түсетін болады, жаңа тұрғын алаптары пайда болады. Сол кезде тұрғын алаптарының атауын тек цифрлармен белгілей берген дұрыс емес. Мәселен, Жаңақоныс 4,5,6,7,8,9 секілді реттік сандармен атала беретін болса, ол жөн болмайды.
— Қала тұрғындары тұрмысының ең басты көрсеткіштерінің бірі — баспанасының болуы. Ақтөбе қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны қандай?
— Өткен жылы 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, 2 284 отбасы мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен баспаналы болды. Биыл да осы қарқынмен жұмысты жалғастырып, бюджет есебінен 1 418 пәтер беру жоспарланып отыр.
«Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру аясында былтыр 80,4 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 1300-дей отбасы баспаналы болды. Оған қоса былтыр көпбалалы отбасылар үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 3 963,3 шаршы метр болатын 61 пәтер сатып алынды. Жалпы алғанда, былтыр халықтың әлеуметтік осал топтарына 387 пәтер берілді. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде кредиттік тұрғын үйдің 926 пәтері сатылды. Оның ішінде «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы желісі бойынша
«Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары, кейін сатып алу құқығымен жалға алу, Отбасы банк салымшылары үшін кредиттік тұрғын үй секілді бағдарламалар аясында 897 пәтер (35 мың шаршы метрден астам) сатылды.
Бағдарлама аясында 40 адамға әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары берілді.
Ал биыл бюджет есебінен 9 қабатты тұрғын үй мен 994 пәтерлі 6 аз қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау, сондай-ақ 424 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құрылысын бастау жоспарланған-ды. Сондай-ақ биыл «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабының №3 және №4 шағын аудандарында тоғыз қабатты 10 кірпіш үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады.
Биыл кезекте тұрған белгілі бір санаттағы азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй алу үшін бастапқы жарнаға көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын беруге облыстық бюджеттен 300 миллион теңге бағытталды.
Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу кезегінде 144,8 мыңнан астам қала тұрғыны тұр. Өткен жылы барлығы 6 601 жер телімі берілді. Сонымен бірге ақтөбеліктердің тұрғын үй проблемаларын шешу үшін 43 бау-бақша ұжымының 2 067 жер учаскесі жеке тұрғын құрылысының нысаналы мақсаты өзгертілді. Енді бұл жерлерге тұрғындар жеке үй сала алады.
Сондай-ақ тұрғын үй қорын жаңғырту бағыты бойынша биыл көп қабатты үйлердегі 11 лифті ауыстырылады.
— Сұхбатымыздың басында «Ақтөбе тұрғындар үшін жайлы қала болуы керек» дедіңіз. Қазір Ақтөбе тұрғындар үшін «жайлы қала» ма?
— Барлық жұмыс «жайлы қала» орнату үшін жүргізіліп жатыр ғой. Биыл Ақтөбеде бірнеше скверді, жаяу адамдарға арналған жерлерді абаттандыру жобасы жүзеге асырылады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша Ақтөбеде тұрғындарға жайлы қалалық орта қалыптастыру бойынша тиімді шаралар қабылдануда. Бұл жұмыс былтыр қолға алынды. Өткен жылы бірнеше променад ашылған болатын. Биыл да бірнеше скверді абаттандыру жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында аулаларды абаттандыру, балалар алаңдарын және спорт алаңдарын салу, жасыл аймақтар мен саябақтарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
28 мамыр — Ақтөбе қаласы күніне орай облыс орталығындағы Жансен Кереев атындағы көшенің бойында жаяу адамдарға арналған променад ашылады. Кешкі уақытта бұл жерде жаяу адамдардың еркін жүріп-тұруы, демалысы үшін көлік құралдарының қозғалысы шектеледі. Ол үшін боллардтар орнатылды. Бұл жер — қаланың ескі бөлігіндегі тарихи орындардың бірі. Скверге брусчатка төселді, ортасына жасыл желектерді суару үшін суару жүйесіне арналған скважина қазылды. Гүлзарларға гүл, газон отырғызылды. Воркаут алаңға түнгі шамдар орнатылды. Сонымен қатар Жансен Кереев көшесінде аула аумақтары асфальтталып, жөнделіп жатыр.
Биыл 9 сквер абаттандырылады. Қазіргі уақытта Тургенев көшесін (№1 халыққа қызмет көрсету орталығы ауданында), Төтенше жағдай басқармасының аумағын, Тұрғындар қалашығы ауданындағы саябақты («Алақай» театры), Жастар аллеясын (№17 және №39 орта мектептері арасында) абаттандыру және «Нұр Ақтөбе» ауданында саябақ салу бойынша конкурс жарияланды, барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін мердігерлік ұйымдар жұмысқа кіріседі.
Ең қызықты және әлеуметтік маңызды нысандардың бірі — Қарғалы тұрғын алабындағы («Нұр Ақтөбе») жалпы ауданы 45,5 мың шаршы метр саябақты абаттандыру болады, саябақ «Дина» супермаркетіне қарама-қарсы орналасады, онда 30,5 шаршы метр аумақты көгалдандыру жоспарланған.
Алаң орындықтармен және әткеншектермен жабдықталады, соның арқасында тұрғындардың тынығуына жағдай жасалады. Сондай-ақ мұнда балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыратын ойын кешені пайда болады.
8-шағын аудандағы 8700 шаршы метр алаңда брусчатка төселіп, 120 түнгі шам, 60 орындық орнатылады. Осыған ұқсас жұмыстар Әлия Молдағұлова даңғылында (Есет батыр көшесінен Әбілқайыр хан даңғылына дейін), Сулы-жасыл бульварда, қаланың ескі бөлігіндегі скверде жүргізілетін болады.
Қаланы жайлы қылуды аяғымыздың астындағы жолды дұрыстаудан бастауымыз керек. Әрқайсысымыз ауламызды таза ұстайық. Қалада 1900 аула бар, соның көбінің жағдайы нашар. Жалпы, аулаларды жөндеу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізілмеген. Биыл 200 ауланы абаттандырдық, бұл жұмыс алда да жалғасатын болады.
Сонымен бірге 52 шақырым велосипед жолын жасауды жоспарлап отырмыз. Биыл кемінде 20-30 шақырымын жасаймыз. Қалалық әкімдіктің алдына алғашқы велотұрақ қойылды, емін-еркін келіп, велосипедіңізді қойып кете беруге болады. Бұл да жайлы қала орнатудың алғышарттарының бірі. Тұрғындар қандай көлікпен жүретіндігін өзі білуге тиіс.
Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.