Жеңіс

Әке денесінде 14 жыл жүрген жарқыншақ немесе экономист Жақсылық Амантаевтың бір үзік сыры

Кәсібіне адал, өз міндетіне бар ынтасын қоятын жандар болады. Ондай адамдармен сөйлессең, өзің де жауапкершіліктің, әділдік пен қанағаттың қадіріне бойлап кетесің.

Қазіргі Есет Көтібарұлы ауылдық округі, бұрынғы «Сарыбұлақ» кеңшарында бас экономист болып отыз жыл табан аудармастан қызмет істеп, ауданның ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан еңбек ардагері Жақсылық Амантаевтың жастық кездегі жұмыс істеу тәсілі жоғарыда біз айтқан қасиеттермен қабысады.

Жауапкершіліктің жүгін сезініп, өз ісіне тиянақты қарауды ауыл баласы Жақсылыққа сонау балғын шағындағы елдің қоңырқай тірлігі үйретеді. Әкесі Рахат пен анасы Қапиза кең өрісті, төрт түлікке жайлы Алақозы жерінде мал баққан қарапайым шопандар еді. Кіндіктен жалғыз ол 1950 жылы Алақозыдағы төрт жылдық шағын мектепте Омар Батыров деген ұстаздан тәлім алып, алғаш әріп үйренеді. Кейін 5-класты Қорғантұз орта мектебіне келіп оқып, одан кейінгі жылдарын Шалқар қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде жалғастырады. Осы білім қабырғаларында өзіне дәріс берген Қыранбай Тормантаев, Ұштап Иманалина, Әбдірахман Шолақов, Бөпей Көрпебаева, Нағашыбай Ердәулетов сынды ұстаздарынан естіген өсиеттері жадынан өшпей, өмір жолына үнемі шамшырақ болып тұрады.

Үлкен кеңшарда бас экономист бола жүріп, бірнеше басшымен қоян-қолтық жұмыс істеген Жақсылық Рахатұлының көп қырлылығы өзгелерді үнемі таңғалдыратын. Үй тірлігін қосағы Қамарсұлуға тапсырып, кеңседегі қағаз жұмысынан күндіз-түні бас алмайтын әдетін ауылдастары «бүгінгі жастарға нағыз керек қасиет» деп сүйінішпен айтады.

— Орта мектепті Шалқардан бітіргеннен кейін әр жерде еңбекке араласып, жоғарғы білім алуға талаптандым. Техникаға әуестік менде ерте басталды. Тағы бір арманым — ақ халат киіп, жан дауасының қыр-сырын екшейтін, көпке сыйлы дәрігер болу еді. Талапкер атанар тұста таңдауым өзгеріп, Орал қаласындағы ауылшаруашылық институтына агроном-экономист мамандығы бойынша оқуға түстім. Біз сол Оралдағы іргелі оқу орнының алғашқы түлектерінің біріміз. 1963-1968 жылдар аралығында студенттік шақтарым сонда өтті, — дейді еңбек ардагері.

Диплом алған соң туған ауылы «Сарыбұлақ» кеңшарында еңбек жолын бастауға мүмкіндік алады.

— «Сарыбұлақ» кеңшары бойынша қойдың басы 65 мыңға жеткен кез болды, жылқы — 3500, түйе — 450, сиыр 1500 басқа дейін барды. Кеңшарды басқарған бес директормен тіл табыса жұмыс істедім. Олардың ішінде мамандығы зоотехник Тәбіл Аманғосов есімді байғаниндік азаматтың жұмыс істеу тәсілі бөлектеу еді. Халықпен тез тіл табысып, шын мұқтаждың сұранысына қолындағысын бөліп беріп, алдына келгеннің көңілін дөп басатын-ды. Нұрмұханбет Мырзабаев деген ініміздің еңбегі де жоғары болды. Екеуміздің де мамандығымыз экономист болғасын ба, бір-бірімізді жұмыс барысында тез түсіне кететінбіз.

Еңбегімді бағалап  ауданның бірінші хатшылары Ахметжан Төребаев, Сматулла Беркімбаевтар аудан орталығына жұмысқа шақырды. Бірде Ақтөбе қаласында 500 адамның қатысуымен облыстық экономикалық конференция өтті. Сонда облыстық атқару комитетінің төрағасы Оразалы Қозыбаев орнымнан тұрғызып: «Жақында «Сарыбұлақ» кеңшарында болғанымда осы экономист жігіттің жұмысын көріп, оң бағаладым. Осы жігіттен үлгі алыңдар», — деп мақтағаны бар, — дейді ардагер өткенді еске түсіріп.

Сөз басында Жақсылық ақсақалдың техникаға да әуестігін келтірген едік. 1974 жылы Байқадамның майда құмына «Москвич-403» маркалы көлігін әкеліп, жүргізгенін есіне алады. Ауласында қаз-қатар тізілген айрықша үлгідегі «Москвич-410» бастаған байырғы көліктердің қаңқасы мен жаңаларына қарап, бұл әулеттің темірді қаншалықты қадірлейтінін ұғынасың.

Әкесі Рахат Амантаев өзі өмірге келген соң көп ұзамай Ұлы Отан соғысына  алынған. Алайда әкенің майдандағы бейнеті ұзаққа созылмапты, снаряд астында қалып, ауыр жараланып, елге оралады. Аяғын сылтып жүріп отар қой бағып, еңбектен ажырамайды. Бұлшық етке кірген снаряд жарқыншақтарының орны әскери госпитальда тазаланып, тігіледі. Елге келген соң денесіне түскен сол даққа еш шағымданбай, шаруадан қалмай жүре береді. Бірақ тігілген бұлшық еттің орны жылдар жылжыса да ауырсынуын қоймайды. Бірде өрісте отырып, сол тігістің арасында қалып қойған снаряд жарқыншағын өз қолымен алады.

— Бұрынғының адамдары мықты ғой. Әкемнің аяғы қанша ауырып жүрсе де, бізге білдіртпейтін. Сол снаряд жарқыншағы әлі үйде сақтаулы тұр. Бармақтан  үлкен, 10 грамм салмағы бар темірдің әкемнің сол аяғының сан етіне «тығылып» оның елге ерте оралтуының да бір қайыры болған шығар, бәлкім. Мен жоғары оқу орнын бітіріп, 1968 жылы Сарыбұлақтан еңбек жолымды бастап, алғашқы еңбекақымды әкемнің қолына ұстатқанымда оның жанарынан ырзалықпен шыққан жасты көріп, өзім осылай ойладым.

Әке-шешем 1959 жылға дейін мал бақты. Мен жұмысқа орналасқаннан кейін әкем көп ұзамай 67 жасында о дүниелік болды.

Әкемнің нақты қай жерде соғыста болғанын білмеймін, қолымызда соғысқа қатысқандығын айғақтайтын бірде-бір құжат жоқ. Тек денесінен шыққан түймедей темірге қарап ауыр жараланғанын білемін, — дейді ардагер.

Ол жоғары оқу орнына қабылданған соң көп ұзамай Қамарсұлу атты арумен шаңырақ көтеріп, әке-шешесінің қолын ұзартады. Екеуі өмірге екі ер, бір қыз бала әкеледі. Қазір немере-шөберелері бар, шөпшектің де маңдайын иіскеп отыр. Қызы Бәтес Амантаева Семей қаласындағы Қазақ зағиптар қоғамының төрайымы, осы санаттағы азаматтардың көп жылдардан бергі сол өңірдегі қолдаушыларының бірі екен. Қолында үлкен ұлы Еркін мен келіні Бақытжамал, кенжесі Ерболат пен Данагүл келіні аудан орталығында тұрады. Қосағынан 2009 жылы мәңгілікке айырылған Жәкең бүгінде осы балаларының амандықтарын тілеп, әулеттің асқар  таудай тірегі болып отыр.

Оның ширек ғасырдан астам ауыл шаруашылығына жасаған еңбегі кеңестік кезеңде үздіксіз бағаланып отырған. Сонау Мәскеудегі КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінен бастап, елдегі министрліктен бірнеше Грамоталар алыпты. Бес жыл қатарынан облыстық атқару комитеті ғимаратында озат қызметкерлердің қатарына суреті ілініп, екі мәрте Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақшалай сыйлығын иеленген. 1979 жылы «Облыстың таңдаулы экономисі» атанып, «Еңбек ардагері» секілді бірнеше медальдарды омырауына таққан.

Бұйырса, алдағы күздің қарашасы ардагерімізге сексеннің көжесін ұсынбақ. Жақын қалған осы мерейлі белеске сергек жетіңіз деп Жақсылық ақсақалға қуат тіледік.

*   *   *

Осы мақаланы түйіндер тұста кейіпкеріміздің әкесі Рахат Амантаевтың Ұлы Отан соғысында қай жерде болғандығы туралы қандай да бір мәлімет бар ма деген ниетпен Шалқар ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне сауал жолдаған едік. Бөлімнің бізге берген жауабында: «1902 жылы туған, қатардағы Рахат Амантаев 1942 жылы Шалқар ауданының әскери комиссариатымен әскер қатарына шақырылып, 1942 жылғы тамыз айының 8-і күні майдан алаңында алған жарақатына байланысты кері қайтарылған. 1944 жылдың 23 қарашасында «Әскер қатарына жарамсыздық туралы» куәлігін алып, әскери есептен толықтай шығарылған. Негіздеме: Ұлы Отан соғысы жылдары әскер қатарына шақырылғандардың №3 әліпбилік кітабы» делінген. Бұдан өзге нақты мәлімет жоқ.

Қалай дегенде де, қолда сақталған түймедей жарқыншақ  ұрпақтары жадында қан майдандағы әке ерлігін жаңғыртып тұра бермекші.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button