Әлеумет

Онлайн сауда жасағанда…

Тұтынушы назарына

Әлемдік коронавирус індеті жағдайында өз денсаулығынан қорқатын және қоғамдық орындарда көп уақыт өткізгісі келмейтін тұтынушылар электрондық коммерция платформаларын белсенді пайдаланады. Ал онлайн сауда барысында өңір тұтынушыларының түрлі кедергілерге тап келу жағдайлары орын алуда.

Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті былтыр электрондық саудаға қатысты — 55, ал осы жылдың 1-тоқсанында 13 тұтынушының арыз-шағымын қарады. Барлығы 47 тұтынушының онлайн саудаға қатысты құқығы оңды шешіліп, құқықтары қорғалды, 20 тұтынушыға тиісті талаппен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 1 тұтынушының мәселесі сотқа талап-арыз берілуімен қаралуда.

Электронды саудаға қатысты кездесетін тұтынушы құқығының бұзылуына қатысты келесі заңбұзушылықтарды атап өтуге болады. Олар: тұтынушыға тауар, ақша төлеу, жеткізу, қайтарып беру немесе айырбастау жолдары  туралы ақпарат бермеу, сатушы туралы ақпарат бермеу, тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, тұтынушыларды алдау, тауардың қауіпсіздік талаптарына жауап бермеуі, сапасыз тауар ұсыну, тауарды сатып алу фактісін растайтын құжаттарды ұсынбау,  сатушылардың тауарларды жеткізу мерзімін сақтамауы, шағымға жазбаша жауап бермеу фактілері.

Онлайн саудасы кәсіпкердің адалдығы мен тұтынушы сеніміне негізделген жағдайда ғана екіжақты қанағаттандыру деңгейінің жоғары бағалануына ие болады және өздерін өзі шағымдану мен жауапкершілікке алып келу  әрекеттерін шектей алады.

Осыған байланысты тұтынушылар электронды сауда жасауға ниетті болған жағдайда, өздерін келеңсіз жағдайлардан қорғау үшін интернет-дүкенді пікірлер бойынша таңдау, веб-сайт бетінде мекенжайы (орналасқан жері), сатушының толық фирмалық атауы туралы ақпараттың және тауар туралы ақпараттың (негізгі тұтынушылық қасиеттері, бағасы, кепілдік мерзімі, оны сатып алу, жеткізу және қайтару шарттары) бар-жоғына көз жеткізу секілді  мәселелерге назар аударғаны жөн. Тауарды қайтару тәртібі мен мерзімдері туралы ақпаратта: тауарды қайтару жүзеге асырылатын сатушының мекенжайы, сатушының жұмыс режимі, тауар сатушыға қайтарылуы мүмкін болатын ең ұзақ мерзім, тауарды сатушыға қайтарғанға дейін оның тауарлық түрін, тиісті сападағы тауардың тұтынушылық қасиеттерін сақтау қажеттігі туралы ескерту, сондай-ақ шарт жасалғанын растайтын құжаттар, сатып алушының тауар үшін төлеген сомасын қайтару мерзімі мен тәртібі қамтылуға тиіс.

Есіңізде болсын! Сатып алушы өнім туралы барлық ақпаратпен танысып, онлайн-тапсырыс жасағаннан кейін, ол берілгенге дейін кез келген уақытта, ал берілгеннен кейін 14 күн ішінде одан бас тартуға құқылы.

Электрондық поштаға онлайн-тапсырыс жасалғаннан кейін sms-хабарламалар арқылы немесе басқа жолмен сатушыдан: тауар жеткізілетін мекенжай, тауардың атауы, заттардың саны, тауардың бағасы, сатып алушының міндеттемелері туралы ақпарат келуі керек. Сатушының тауарды беру жөніндегі міндеттемелері және тауарды беруге байланысты өзге де міндеттемелер сатушы сатып алушыдан қандай да бір өнімге тапсырыс беру ниеті туралы тиісті хабар алған кезден бастап туындайды. Сатушы сатып алушыға кассалық немесе тауарлық чек немесе тауардың төленгенін растайтын басқа құжат бергеннен кейін келісімшарт жасалды деп саналады. Тауарларды сатып алушы көрсеткен орынға жеткізу үшін сатушы үшінші тұлғалардың қызметтерін пайдалана алады (бұл туралы сатып алушыны міндетті түрде хабардар ете отырып).

Егер қандай да бір себептермен сатып алушы тиісті сападағы сатып алуды қайтаруға шешім қабылдаса, онда сатушы сатып алушының жеткізілім шығындарын қоспағанда, тауардың толық сомасын сатып алушыға қайтарады.

Егер сайтта орналастырылған тауар туралы ақпарат жеткізілген өнімге сәйкес келмесе немесе тауарды жеткізу талаптары бұзылса, сатып алушы сатып алудан бас тартуға құқылы, бұл ретте сатушы сатып алушыға ақшалай қаражатты қайтаруға міндетті. Егер сізге тиісті емес сападағы тауар жеткізілсе, сіз: сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді; тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды, тауардың кемшіліктерін жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді, ұқсас маркалы (модельді, артикулды) тауарға ауыстыруды;

сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулды) сондай тауарға ауыстыруды; шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылысыз.

Сапасы лайықсыз тауарды қайтарған кезде сатып алушыда тауарды сатып алу фактісі мен шарттарын растайтын құжаттың болмауы оны сатушыдан тауарды сатып алудың басқа дәлелдемелеріне сілтеме жасау мүмкіндігінен айырмайды. Егер сіз тауарды сатушы көрсеткен үшінші тұлғаның шотына ақша аудару арқылы төлеген болсаңыз да, бұл сатушыны тиісті және тиісті емес сападағы тауарды қайтару кезінде сатып алушы төлеген соманы қайтару міндетінен босатпайды.

Гүлзада АЛМАТБАЕВА,

Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button