«Рамазан айында екіжүзді адамдарға екі есе қиын…»
Айлардың сұлтаны — Рамазан айы да ортасынан ауып барады. Қасиетті айда ауыз бекітіп, Құдайына құлшылық қылғандардың дұға-тілектері қабыл болсын деген ниетпен жылдағы дәстүр бойынша дінтанушымен өрбіген сұхбатымызды ұсынамыз.
Осы жолы біз облыстық дін істері басқармасы жанынан құрылған «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Шынтас Қазиханды сөзге тартып, діни парыздың сауабы мен тәртібі, рия, садақа берудің жөн-жосығы, балиғат жасына жетпегендердің ораза ұстауы, т.б. туралы білген едік.
— Ең алдымен ораза ұстаған адамға қандай сауап жазылады, оның нығметі қандай, сол туралы тарқатып айтсаңыз.
— Алла тағала құлдарына мейірім белгісі ретінде «Құран Кәрімді» түсіріп, оны түсіндіру үшін Пайғамбарымызды (с.ғ.с) жіберген. Енді біз қандай да бір амалдың сауабы мен пайдасы туралы айтар болсақ, сенімді ақпарат алу үшін ең әуелі «Құран Кәрім» мен сүннетке үңілуіміз қажет. Ал осы Алланың кітабын айшықтап беруші Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ораза үшін берілетін сый, сауап жайында бір хадисінде былай деп баян етеді: «Алла тағала былай деп әмір етті: «Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал ораза бұдан бөлек. Оның қарымын Өзім ғана беремін. Өйткені ол ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан Мен үшін тыйылады. Ораза ұстаушының екі қуанышты сәті бар: біреуі — ауызашар, екіншісі — Алла тағалаға қауышқан сәті. Алла үшін ораза ұстаушының аузының иісі мисктің жұпар иісінен де жағымды», — деген.
Ораза рия араласпайтын құлшылық болғандықтан, оның сауабы да ерекше. Және Алла тағала оның қарымын өзі беретіндігі айтылған хадистен-ақ зор сауаптың болатынын түсінуге болады.
Рамазанның нығметтеріне келсек, біріншіден, Рамазан айы адамды тақуалыққа баулитын ай. Бұл жайында Алла тағала қасиетті кітабында: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Мүмкін, тақуалыққа жетерсіңдер», — дейді. Яғни бұл жерде Алла тағала ораза ұстау арқылы мүміндердің тақуалыққа жете алатынын меңзеп тұр. Екіншіден, ораза адамды сабырлыққа «тәрбиелейтін» мектеп. «Құран Кәрімде»: «Алла сабырлылармен бірге» немесе «Расында, Алла сабырлыларды жақсы көреді» — деу арқылы сабырлы болудың қаншалықты маңызды екендігін айтады. Ал осы бір қасиетке оңай жетудің бірден-бір жолы — ораза ұстау. Ардақты Пайғамбарымыз да: «Ораза — сабырдың жартысы. Әрбір нәрсенің зекеті бар, дененің зекеті — Ораза» деген болатын.
Демек, ораза ұстау арқылы біз сабырлы болуды және күнә атаулыдан бас тартуды, басқаны ренжітпеуді, біреудің ақысын жемеуді, ашушаң болмауды, тәкаппарлықты, басқаны өсектеп не ғайбаттамауды үйренеміз. Сонымен қатар өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға, аштыққа төзуді үйренеміз.
Үшіншіден, ораза сансыз нығметтердің қадірін сезінуді үйретеді. Адам қолындағының қадірін жоғалтқанда түсінеді. Алланың берген сансыз ризық-несібесінің де қадірін аш болғанда, ораза ұстағанда түсінеміз. Яғни ораза ұстау арқылы 11 ай бойы аталмыш нығметтерден: ішіп-жемнен, түрлі тән ләззатынан уақытша болса да бас тартқанда, сол нәпсі қалауларының қадір-қасиеті одан сайын арта түсері ақиқат.
— Бізде «Қасиетті Рамазан айында ауыз бекітсем ғана жеткілікті» деп, қалған ауыз, көз, құлақ күнәсіне соншалықты мән бермейтіндер бар. Яғни артық сөйлейді, керек емес нәрселерді көруін тоқтатпайды, тыңдайды дегендей… Бұның жазасы қандай?
— Бұл жердегі сіз айтып отырған түрлі күнәларды елемеушілік ең әуелі Рамазанның тақуалыққа баулудағы мақсатын орындай алмаушылық болып саналады. Өйткені бұл «Құран Кәрімде» және сүннетте тыйым салынған. Осындай іс-әрекеттерімен ол адам осы айдағы тақуалыққа жету нығметінен айырылады…
Екіншіден, «сабырлы» деген айқындауышты иемдену нығметінен айырылу болып саналады. Бұлай деуімнің өзіндік мәні бар. Себебі көпшілігіміз сабырлы дегенді естіген кезде, әсіресе Рамазан айында айтылып жатса, бұны аштыққа, шөлдің қысуына шыдамды болу деп қабылдаймыз. Рамазаннан тыс уақытта айтылар болса, біз мұны адам басына келген қайғы-қасіретке төзімді болу деп түсінетініміз рас. Жоғарыда келтірген түсініктер қате емес. Бірақ сабырлықты ең әуелі ойдағы күнә жасауға деген ниетті жеңіп, күнәлі істі жасаудан өзін тежеп қалу деп түсінгеніміз жөн.
— Әдетте балиғат жасынан асқандардың ғана ораза ұстауы құпталады. Бірақ ол жасқа жетпегендер ата-анасының ықпалымен, болмаса еліктеушілікпен ауыз бекітіп жатады. Бұл дұрыс па?
— Балиғат жасқа толмаған балаларды оразаға баулу жақсы іс болып саналады. Мұндай тәрбиелеу жұмыстарын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабалары да жасаған. Сахабалардың бұл әрекеттерінің мәні — балаларына ораза құлшылығының мән-мазмұнын ұғындыру әрі болашақта парыз болатын құлшылықтарына дайындауда деп түсінуімізге болады. Бірақ егер бала балиғатқа жетпесе, барлық 29 немесе 30 күн бойы оразаны толық ұстауға міндетті емес. Бірнеше күн демалыс беріп, ең бастысы — оларды осы құлшылық түріне ынталандырғаны жөн. Басты мақсат — үйрету.
— Тағы бір мысал, барлығы демей-ақ қояйын, бірақ біразы ораза ұстағанын барынша көрсеткісі келіп, соны жұрт үшін жасап жатқандай әйгілейді. Бұл жаhандану заманының, цифрлық технологиялардың дамығанынан болса керек. Десек те aдамның иманы жасырын болуы керек екенін ескерсек, бұл туралы не дейсіз?
— Жалпы, ораза құлшылығы — екіжүзділер үшін өте ауыр амал. Оны тек мұсылмандар тұта алады. Себебі ораза көзге көрініп тұратын амал емес. Мысалы, адам намаз оқып жатқанын көрсете алады, сақал қою және тағы басқа амалдармен өзінің мұсылман екенін көрсете алады. Ал оразада таңертең ниет етеміз де, ауызымызды бекітеміз. Кейін тек оны бұзатын амалдардан күн батқанға дейін тыйыламыз. Және бұл бір ай бойы қайталанып тұрады. Қысқасы, оразаны тұтып жүрген адамды ерекшелеп тұратын ештеңе жоқ. Сол себепті де Алла тағала: «Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал ораза бұдан бөлек. Оның қарымын Өзім ғана беремін…» — деген.
Ескеретін жайт, парыз амалдарда рия, яғни мақтангерлік жүрмейді. Өйткені парыз амал — Алланың алдындағы қарызымыз. Оны қайтармасақ, ақыретте сұрауы бар. Және оразаға қатысты хадисте «мен оразамын» деп айту туралы да жазылған. Демек, парыз болған амалда рияға ықтималдық болмайды. Бұл мәселеде оразаның орны тіптен ерекше.
Ал енді әлеуметтік желілерге өздерінің сәресі ішіп немесе ауыз ашып отырған сәттерін видео-фотоға түсіру арқылы жариялағандарға тоқталсақ, оларға өмірінің көп сәтін солай шығару қалыпты нәрсе болса, онда тұрған ештеңе жоқ. Яғни бұған дейін әр ісін жарияласа, бұл дұрыс емес болып есептелмейді. Негізінен, бұны мақтан үшін салу құпталмайтыны сөзсіз.
— Cоңғы жылдары ауызашарды «ифтар» деп атайтындар, сол сияқты көптеген қазақтың сөзін араб тіліне бұрмалайтындар көбейді… Бұған қатысты пікіріңізді білсек.
— Шариғатта діни жоралғыларды және соған байланысты шыққан салт-дәстүрлерді міндетті түрде арабша атаумен атаңдар деп міндеттемеген. Иә, біздің ауызашарды арабтар «ифтар» деп атайды. Бірақ бұл бәріміздің солай айтуымыз керектігін білдірмейді.
Бабаларымыз «ауызашар», «сәресі» деген «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» сөздерді ғасырлар бойы қолданды емес пе? Тіпті ораза, намаз сынды парыз етілген үлкен құлшылықтардың өзі араб тіліндегі атаулар емес. Бұлар, мысалы, парсы тілінен енген. Сондықтан тілімізге әбден жатық, төл сөзіміз сынды қабылданып кеткен ұғымдарды бұрмалағанымыз дұрыс емес.
— Ауызашар демекші, дұға тілеп, Құдайына мінәжат ететін рәсімді аста-төк тойға, өзінің байлығын көрсететін жиынға айналдыратындар аз емес. Діни талап бойынша осы ауызашар қалай өтуі керек?
— Әлбетте, дініміз астамшылдық жасап, ысырап деген нәрсеге жол беруді қолдамайды. Керісінше, қасиетті кітабымызда келген аятта ысырап жасаушы жандарды «шайтанның бауыры» деп келтірген. Сондықтан әлгіндей жағымсыз, тіпті масқара атауға ие болып қалмау үшін ауызашар жасаған кезде желінбей қалатын тағам түрлерін алудан сақтанғанымыз жөн. Рамазан асты тойып жейтін ай еместігін де ұмытпау керек. Осыны ескеріп, дастарқанымызды шектен тыс мол толтырмағанымыз дұрыс.
Бұл ай әдеттегіден де құлшылықтарымызды көбейтіп, барынша жақсылық жасайтын ай. Ол үшін адам баласы өзін жеңіл сезініп, сергек жүруі керек. Тамаққа тойып алуға болмайды. Салмағы ауыр адамның бойында жалқаулық пайда болады…
Енді ауызашарға кімді шақырған дұрыс деген сұраққа келсек. Дінімізде жақсылық жасауды ең әуелі өз жақындарымыздан бастау керектігі айтылған. Яғни туыстарды шақырса, нұр үстіне нұр. Сондай-ақ исламда көршілер мен достармен көркем жарасым жасауды міндеттеген. Айналып келгенде осының бәрінің басын қосқанда көп адам болатыны, бұлай дастарқан жаю дұрыс екендігі анық. Тек ысырапқа жол бермей, жақсы әңгімелер айтылса, теріс пиғыл болмаса, бұның сөкеттігі жоқ.
— Шариғатта «бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, ол арадағы сыйластықты арттырады» делінген. Осы орайда Ораза айтта мұсылмандар қандай сыйлық бергені жөн? Осы діни мейрамның атап өтілу жөн-жоралғысы туралы айтсаңыз.
— Ораза айт — Рамазан айы біткеннен кейін Шәууәл айының бірінші күні тойланатын мұсылмандардың мейрамы. Бұл күні мұсылмандар Алланы ұлықтап, тәкбір айтуды бастайды. Ғұсыл құйынып, әдемі әрі таза киімдерін киіп, хош иісті әтірлерін сеуіп, таңда пітір садақаларын беріп және үйінен шығар алдында құрмадан дәм татып, мешітке Айт намазын оқуға барады. Бір-біріне айттап, қонаққа баруы сияқты амалдардан да құр қалмаған жөн.
Ал сыйлық беру жағына келер болсақ, балаларға тәтті және ойыншықтар табыстап, осы мейрамның қуаныш сыйлайтын күн екенін сезіндірген өте дұрыс. Үлкендерге сыйлық беру жағын айтар болсақ, оны адамның қызығушылығына қарай таңдап алғанымыз жөн. Кәдесіне жарауы керек қой.
— Рамазанда берілетін пітір садақаға тоқталсақ. Әр адам өз садақасын мешітке апаруы міндетті ме, әлде сол қаражатты мұқтаж адамдарға берсе бола ма? Ең бастысы ниет қой…
— Әрине, пітір садақаның берілетін өз орындары бар. Пітір садақаны зекет берілетін адамдарға берсек болады. Олар: тұрмысы төмен адамдар, қарызға батқандар, Алла жолындағылар (қазіргі таңда шариғи білім ізденушілер). Бұлармен қатар алыс-жақын туған-туыстар, ағайындар арасындағы жағдайы ауыр адамдарға да пітір садақасын беруге болады. Тіпті оларға берудің сауабы басқаларға қарағанда екі есе көп. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде былай деген: «Садақаны туысына бергенге екі сауап бар. Біріншісі — туыстық сауап, екіншісі — садақаның сауабы».
— Тұшымды жауаптарыңызға рақмет. Келесі Рамазанға аман-есен жетуді жазсын!
— Иә, осы Рамазан айы барлық жақсылығы және берекесімен келсін. Халқымыздың тұтып жатқан оразасы, осы айдағы дұға-тілектері, барлық жақсы амалы қабыл болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.