Білім

Республикалық олимпиада: 77 оқушы сынға түсті 

Жексенбі күні жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды. Шараның өткізілуіне «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйытқы болып отыр. Білім бәйгесінің жабылу рәсімі 30 сәуірде онлайн режимде өтеді.

Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған 77 оқушы республикалық олимпиадаға жолдама алған болатын. Қазір олардың 43-і жаратылыстану бағытында, қалған 34 оқушы гуманитарлық пәндер бойынша білімін сынауда. Олардың барлығы «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының жанындағы «Жалын» олимпиадалық резерв мектебінің дайындығынан өтті, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлназ Мырзағалиева.

Айта кету керек, биыл еліміздегі пандемия жағдайына байланысты республикалық олимпиада өңiрлердегі және республикалық маңызы бар қалалардағы «Ustudy» орталықтарының ғимаратында өткiзiлiп жатыр. Шара барысында барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуда.

Білім бәйгесі барлық өңірде «Бір қатысушы — бiр компьютер — бiр камера» қағидасына сүйене отырып, прокторинг жүйесін қолдану арқылы ұйымдастырылып жатыр. Әрбір кезең аяқталғаннан кейін қатысушылар жұмыстарының сканерленген көшiрмелерi «Дарын» РҒПО интернет-ресурсында олардың жеке деректерiнсiз орналастырылады, — дейді бөлім басшысы.

Олимпиаданың ашық әрі әділ өтуін бақылау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент өкілдері шақыртылған. 26-27 сәуірде олимпиаданың I және II кезеңдері өтеді.

Қазылар алқасының мүшелері 26-28 сәуірде қатысушылардың жұмыстарын тексереді. Апелляция 29 сәуір күні қабылданады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button