Білім

Ыстық тамақтың салқын буы

Мектеп

Жақында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова төрағалық етті. Басты әңгіме – балалардың ыстық тамақпен қамтылуы туралы.

Басқосуға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ырғыз, Ойыл, Мұғалжар аудандары әкімдерінің орынбасарлары мен облыстық білім басқармасы мен білім бөлімдерінің бастықтары, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары, мекемеаралық сараптау тобының мүшелері қатысты.

Сараптау тобы:

асханаларда кемшілік көп

Жыл басында мекемеаралық сараптау тобы Ойыл мен Ырғыз аудандарына барған болатын. Мақсат – аталған аудандардағы оқушылардың ыстық тамағының ұйымдастырылуын, оның ішінде азық-түлік пен шикізат өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы, кең түрлілігі жөніндегі мониторинг өткізу.  Жұмыс тобы Ырғыз ауданындағы 8  (оның 3-еуі ауыл мектептері: Құтыкөл, Құрылыс, Қарақұдық) және Ойыл ауданындағы 10 мектепті тексеріпті. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Құралай Әлжанованың айтуынша, асханаларда кемшілік көп.

Мысалы, Ырғыз ауданындағы асханаларының мәзірінде  ұннан жасалған тағамдар басым. Балық енгізілмеген. Жеміс-жидек, көкөніс, қышқыл сүт өнімдері сирек беріледі. Тағам өнімдері құрамының картотекасы жоқ. Сонымен қатар асханаларда қол жуғыштар жетіспейді, – дейді Құралай Әнуарқызы.

Оның айтуынша, әсіресе, Құтыкөл, Құрылыс, Қарақұдық орта мектептерінде астың калориялық мөлшері сақталмайды екен. Зертханалық зерттеудің нәтижесінде, мектептердегі түскі астың калориялығы тәуліктік қажеттіліктен (1270 ккал) орташа есеппен 317 ккал немесе 25 пайыз құрап отыр. Бұл – нормативтік қажеттіліктен 1,4 рет есе төмен деген сөз. Қалыпты жағдайда 444-508 ккал немесе 35-40 пайыз болуы керек.

Балалардың тағамы біркелкі. Түрлі аурумен ауыратын, яғни асқазан, қант диабетімен ауыратын балаларға арналған тамақ түрлері ұйымдастырылмаған. Сонымен қатар құрт ауруымен ауыратын оқушыларға арналған жоғары калориялы тағам берілмейді. Штатта арнайы білімі бар аспазшы жоқ, – дейді Қ. Әлжанова.

Ал Ойыл ауданындағы ыстық тамақты ұйымдастырудағы негізгі кемшілік – Көсембай, Құрман, Сапақкөл, Ж. Жүсібәлиев атындағы орта мектептерде азық-түлік өнімдерінің сапасы  мен қауіпсіздігін куәландыратын құжат жоқ. Сонымен қатар Саралжын, Саға, Көсембай, Қаратал, Құрман, Көптоғай, Сапақкөл мектептерінде дайындалып келісілген циклдік ас мәзірі жоқ екен. Екпетал орта мектебінің ас блогында іріңді ауруларды тіркеу журналы жоқ.

– Ырғыз бен Ойыл аудандарындағы мектердің ортақ кемшілігі: үшінші тағамдардың С-витаминизациясы жүргізілмейді. Ас үй мен асханадағы ыдыстар мен мүліктерді ауыстыру керек. Ас дайындау технологиясы, ыдыс-аяқ жуу ережесі сақталмайды. Аспазшылар жетіспейді, диетбике жоқ, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры.

Мекемеаралық сараптау тобының құрылғанына наурыз айында бір жыл болды. Аталған топ облыстық білім басқармасының жанынан құрылған. Жұмыс тобының құрамында білім басқармасының мамандарымен қатар СЭС, «Сараптау және сертификаттау ұлттық орталығы» АҚ, облыстық мәслихат депутаты, балалар құқығын қорғау департаментінің мамандары бар.

«Әр тәрелке үшін жауап бермеймін»

Жиын барысында облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов баяндама жасады. Оның айтуынша, Ырғыз ауданындағы оқушыларды ыстық тамақпен қамту өткен жылға қарағанда 16,5 пайызға (2008 жылы 63,5, биыл 80 пайыз) артқан. Ойыл ауданында бастауыш сынып балаларының барлығы бірдей тегін тамақтанғанымен, аудан мектептеріндегі тамақтандыруды ұйымдастыруда ілгерілеушілік жоқ. Былтырғы көрсеткішпен бірдей: 58 пайыз.

Ырғыз ауданындағы 6 мектептің асханасында ыдыс жетіспейді. Аспазшылардың 56,5 пайызының кәсіби білімі жоқ. Ойыл ауданындағы жағдай да мәз емес. Ас мәзірінде ұннан жасалатын тағамдар көп. Тағамдардың сапа сертификаты жоқ. Бұл аудандағы аспазшылардың 50 пайызы – арнаулы білімі жоқтар, – деді облыстық білім басқармасының бастығы.

Аманғали Алхатұлының айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларын ақысыз ыстық тамақпен қамту 91,7 пайызға жеткен. 15 наурыздағы мәліметке сүйенсек, осы категорияға жататын 16 124 оқушы тегін тамақпен қамтылған.

Облыста бастауыш сыныпта оқитын жалпы 42 393 бала бар. Соның 17 544-і (41,37 пайыз) тегін тамақтанады екен. Атап айтқанда, Қарғалы, Қобда, Темір, Ойыл аудандарындағы  бастауыш сынып оқушыларының барлығына дерлік ыстық тамақ беріледі. Бұл игі іс сәуір айынан бастап Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар, Ырғыз аудандарында жалғасын тапты.

Дегенмен балаларды ыстық тамақпен қамту аудандардың бәріне бірдей тән емес. Мысалы, Байғанин ауданындағы оқушылардың 55 пайызы ғана ыстық тамақпен қамтылады. Ең төменгі көрсеткіш Әйтеке би ауданының үлесінде

(5 пайыз), – дейді облыстық білім басқармасының бастығы.

А. Құдайбергеновке сұрақ қоюшылар көп болды. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Райхан Ыбыраева мектеп асханаларындағы ботқалардың сапасы туралы тұрғындар тарапынан шағым жиі түсетіндігін айтты. Асханадағы тағамдардың сапасы туралы Аманғали Құдайбергенов былай деді:

Расында, асханаларда кемшілік өте көп. Мұның алдын алудың бірден-бір жолы – асханаларды кәсіпкерлерден алып, мектеп директорларына беру керек. Кәсіпкерлерге жалға беруді тоқтатқан дұрыс. Егер асхана жалға берілмейтін болса, біз ондағы тағам сапасын үнемі қадағалар едік… 1-сыныптың оқушыларына майға қуырылған қаусырма нан мен бәліш береді. Ал бұл баланың денсаулығына зиян екені белгілі.  Әрбір тәрелкедегі ботқа  үшін мен жауап бере алмаймын.

Қазір облыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы туберкулез өршіп тұр. Аурудың осы түріне бейім топқа жатқызылған балаларды тамақтандыру жолға қойылған ба? – деген Райхан Ыбыраеваның сұрағына Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова былай жауап берді:

– Отбасы жағдайына қарамастан бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ береміз.

Сын түзелмей, мін түзелмейді

Мекемеаралық сараптау тобы Ырғыз бен Ойыл аудандарындағы мектептерді тексергеннен кейін мынадай ұсыныстар жасапты: жеткізілетін азық-түлік өнімдері мен шикізаттың барлық түрлерінің сапа сертификаттарының болуы, ас дайындау технологиясының сақталуын қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерінің түрлерін кеңейту, ас мәзіріне қышқыл сүт өнімдерін, жеміс-жидек, табиғи шырындарды енгізу, балық күнін енгізу. Жиында аудан әкімінің орынбасарлары осы ұсыныстар мен сын-ескертпелерден кейінгі істелген шаруалар туралы баяндады.

Бұдан кейін баяндама тыңдау әрі қарай жалғасты. Алдымен Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов сөз алды.

Қаңтар айының 19-ы мен 24-інде Ойыл ауданының мектептерінде мекемеаралық сараптау тобы тексеру жұмыстарын жүргізді.

Балалардың тамақтануын ұйымдастыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 19 млн. теңге бөлінген-ді. Аудан әкімінің қолдауымен сәуір айында осы мақсат үшін пайдалануға тағы да 17 млн. теңге бөлініп отыр.

Сараптау тобы аудан мектептеріндегі асханалардың материалдық-техникалық базасына байланысты сын айтқан болатын. Асхана жабдықтарын жаңарту үшін бюджеттен 3 млн. теңге бөлінді.

Жұмыс тобы аспазшылардың кәсіби білімінің жоқтығына байланысты да ескертпелер айтқан еді. Бұл мәселені шешу де қолға алынып жатыр. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағлдарламалар бөлімі арқылы жазда үш ай ішінде мамандарды аспазшылық курстарда оқытамыз.

Биыл аудандағы төрт мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс барысында асханалардың заман талабына сай жөнделуіне ерекше мән береміз, – деді Саян Сапарұлы.

Бұдан соң Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Аққанат Шахин сөз сөйледі. Оның айтуынша, сәуірдің 1-інен бастап Ырғыз ауданының барлық мектептеріндегі оқушылардың 3169-ы (90,7 пайыз) ыстық тамақпен қамтылған. Бастауыш сынып оқушыларының 28,2 пайызы ақысыз тамақ ішеді екен. Тамақтану блоктарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Нарқызыл, Шеңбертал,

Ө. Қанахин атындағы орта мектептеріне құрал-жабдықтар алыныпты.

Білім беру ұйымдарында аспазшы штат бірліктерінің санын ұлғайту үшін 2009 жылғы қажетті 9 аспазшы штат бірлігіне сұраныс жасалды. Жақын уақытта аспазшылар облыстық кадрлардың білімін жетілдіру институтынан арнайы курстан өтетін болады, – деді А. Шахин.

Бұдан кейін жиынға қатысушылар Ырғыз аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрлыбек Жүсіповке көп сауал қойды. Бөлім бастығы аталған қызметте неше жылдан бері жұмыс істейтінінен бастап оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру төңірегіндегі біраз сұраққа жауап берді.

Төрт жылдан бері аудандық білім бөлімін басқарасыз. Осы жылда аудан мектептеріндегі асханаларға құрал-жабдықтардың керектігін айтып облыстық білім басқармасына неше рет хабарластыңыз? – деді облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова.

Бұл сауалға аудандық білім бөлімінің бастығы былай деді:

Біз жыл сайын, төртінші тоқсаннан кейін келесі жылдың бюджетінің сұранысын дайындаймыз. Соның ішінде материалдық база да бар. Бірақ бюджет сұраған нәрсенің бәрін бере бермейді ғой. Ырғыз – дотацияда отырған аудан. Соған қарамастан, әйтеуір, бір орында тұрып қалмау бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Нұрлыбек Мейірханұлы сөз арасында сараптау тобының мектептегі аспазшылардың 56,5 пайызының кәсіби білімі жоқ деген уәжінің жөнсіз екендігін айтты.

Біз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы аспазшыларды оқыттық. Рас, екі аспазшының кәсіби білімі жоқ. Дегенмен бұл аспазшылардың тең жартысының өз ісінің маманы емес деуге негіз бола алмайды ғой. Жақында біз облыстық  кадрлардың білім жетілдіру институты арқылы аспазшыларды курстардан өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін облыстық білімін жетілдіру институында аспазшылық курстар болған жоқ, – деді аудандық білім бөлімінің бастығы.

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Райхан Ыбыраева балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезбен ауыратындардың көбейіп кеткендігін айта келе:

Аурудың бұл түрін емдеуде қымыз бен шұбат бірден-бір ем екені мәлім. Балалардың ас мәзіріне ет пен балық, шұбат пен қымызды қоса аласыз ба? –деді.

Бұл сауалға Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Аққанат Шахин жауап берді:

Қымыз бізде жазғы айларда болады. Дегенмен қосамыз деп уәде етеміз.

Бұдан кейін сөз Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Жангелді Құрмашевқа берілді. Ол аудан бойынша оқушылардың 70 пайызы (7481 бала) ыстық тамақпен қамтылғандығын айтты.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қорытындылады.

Сараптау тобы тексеру жүргізген екі аудандағы мектеп асханаларының кемшіліктері, проблемалары ұқсас. Шындығын айтқанда, кемшіліктердің бәрі жұмысқа салғырт қараудың салдарынан, жауапкершіліктің төмендігінен болып отыр. «Қаржы жетпейді» деген сылтау ғана. Рас, қаржы жетіспеушілігіне байланысты проблемалар болады. Бірақ ақшаға байланысты шаруаны, құзырларыңыз жетпейтін мәселені шешуді сіздерден талап етпейміз. Біздің талап етіп отырғанымыз – мүмкіндіктеріңіз жететін шаруа. Соның өзіне сан түрлі сылтау айтасыздар. Оқушылардың тамақтануын ұйымдастырудағы орын алған кемшіліктер қаржының жетіспеушілігінен емес, жұмысты дұрыс жолға қоймағандықтан болып отыр. Аспазшыларға да қатысты осыны айтар едім. Кәсіби білімі жоқ адамға қалай балалардың тамағын дайындауды сеніп тапсырасыздар?!  Қарапайым ғана ұнтақ ботқаны пісіру білмейтін адамға небір түрлі тамақ пісір деген талапты қалай қоямыз? Асханада қандай жағдайда да кәсіби білімі бар адам жұмыс істеуі қажет.

Ырғыз бен Ойыл мектептерінің асханасында ыдыс-аяқ жетіспейтіндігі айтылды. Сонда балалар қалай тамақтанады?! Мұның бәрі, сайып келгенде, мектеп директорларының жұмысқа салғырт қарауынан, селқостығынан болып отыр.

Сара Нұрқатова комиссия отырысында жиынға қатысушыларға екі жұмысты міндеттеді. Біріншісі – мектеп асханасына азық-түлік алу үшін орталықтандырылған комбинаттың жұмыс жобасын әзірлеу. Жобаны дайындау үшін бір ай мерзім берілді. Екіншісі – оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруда жіберілген кемшіліктерді шешу. Бұл тапсырманың бір аптаның ішінде орындалуын міндеттеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button