Басты жаңалықтарЭкономика

5,5 миллиард теңге ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталады

«Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет — еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту».

 Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

 

«Сыбаға» бағдарламасы жаңартылғаннан кейін былтыр елімізде бірінші болып облыстың Байғанин ауданындағы «Қызыл шоқы» шаруашылығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы алған несие қаражатына Ресейдің Пермь өлкесінен герефорд тұқымды 75 ірі қара сатып әкелген еді. Әрине, бұл еліміз үшін үлкен жаңалық болды. Бүгінде «Сыбаға» және нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаларына енгізілген өзгерістер көптеген мәселенің оңтайлы шешіліп, кәсіпкерлердің кедергісіз жұмыс жасауына мүмкіндік туғызып отыр. Биыл облыста қаржы институттары арқылы аталған бағдарламаларды іске асыру үшін 5,5 миллиард теңгенің үстінде қаражат қарастырылған. 

900 жоба қаржыландырылды

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина былтыр фермерлік шаруашылықтарды қолдау мақсатында «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы жаңартылғанын айта келе:

Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы мал басын көбейту, мал сапасын әрі экспорттық әлеуетті арттыруды, еңбек өнімділігін көтеруді көздейді. Бұл — Мемлекет басшысы елімізде осы салаға тұрақты басымдық беріп келе жатқан өзекті мәселелердің бірі.

Былтыр филиал арқылы барлық бағдарлама бойынша  4,5 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 900-ден астам жоба қаржыландырылды.  Соның ішінде 4 миллиард теңге аграрлық саланы дамытуға жұмсалды. Әрине, бұл қаражат тек ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін ғана емес, ауыл кәсіпкерлеріне де тиесілі болды. Бұл орайда «Сыбаға» және нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламалары бойынша сұраныс көп түсті. Биыл қор арқылы аграрлық саланы, оның ішінде ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында 5,5 миллиард теңгенің үстінде қаражат қарастырылмақ.  Мұның көп бөлігі — қор қаражаты. Соңғы екі жылдан бері мемлекет тарапынан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаржы қарастырылып отыр. Көлемді соманы игеру жұмыстары осы жылдың сәуір айынан бастап жүзеге асырылмақшы, — деді.

Биыл «Ырыс» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары да қатар жүргізілмек. Мақсат — сүтті бағыттағы сиыр алып, нәтижесінде тауарлы сүт фермасын ашу. «Бұрын бұл бағыттағы жұмыстарды қаржыландыруға 80 миллион теңгеге дейін несие қаражаты рәсімделсе, енді берілетін қаражат көлемі — 150 миллион теңге. Жоспар бойынша, биыл облыста 1 тауарлы сүт фермасы ашылуы тиіс. Берілетін несие сомасына фермаға қажетті жабдықтармен қатар, сүтті бағыттағы сиырлар алуға әрі база құрылысын жасақтауға мүмкіндік жасалмақ», — дейді қор басшысы.

«Қызыл шоқы» және шетелдік мал

Соңғы кездері отандық фермерлерді  етті мал шаруашылығын дамыту мақсатындағы іске жұмылдыруда нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда шаруалар «Сыбаға» бағдарламасының шарапатын сезініп отыр.

Қазіргі таңда облыста 18 шаруашылық алыс-жақын шетелден импортты ірі қара малын әкелді. Былтырдың өзінде бұл бағытта 2500 ірі қара әкелуге несие берілді. Қазір осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтар болсақ, өткен жылы  Байғанин ауданындағы «Қызыл шоқы» шаруашылығы аталған бағдарлама бойынша  Ресей Федерациясынан асылтұқымды ірі қараны елімізде бірінші болып ел аумағына кіргізді.  «Сыбаға» бағдарламасының негізгі міндеті — аграрлық саладағы шаруашылықтарды қолдау әрі ірі қара мал санын көбейтуді қамтамасыз ету. Осындай жұмыстардың бірінші болып біздің облыста жүзеге асырылуы — мақтанарлық жайт. Әрине, бұл бағыттағы іс осымен тоқтап қалған жоқ. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Хромтау ауданының Қопа елді мекенінде орналасқан «Жансая» шаруа қожалығы Ресейден симментал тұқымды 45 ірі қараны «Сыбағаның» арқасында ел аумағына жеткізді, — дейді Гүлжанат Ерғазина.

2012 жылы негізі қаланған «Қызыл шоқы» шаруашылығы бұл салада жемісті жұмыс атқарып келеді. Шаруа қожалығы аудан орталығынан 85 шақырым қашықтықтағы «Қызыл бұлақ» селолық округі аумағында орналасқан. Қазіргі күні шаруашылық иелігінде 900 шаршы метр аумақты қамтитын мал шаруашылығы кешені бар. Сонымен бірге 4840 гектар жайылым және 15 гектар шабындық жер де осы шаруашылықтың атына тіркелген. Жем-шөп дайындайтын қажетті техникалар да жеткілікті.

Елімізде аграрлық саланы, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту үшін жасалып жатқан мемлекеттік қолдауды тұрақты сезінудеміз. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалы арқылы 2016 жылы алғаш рет несие рәсімдеп, сол қаражатқа мал сатып алғанбыз. Шаруалар үшін тиімді несиелеудің артықшылықтарын барынша сезіндік. Ең бастысы — берілетін несиенің жылдық үстемеақысы төмен пайызбен есептеледі, — дейді «Қызыл шоқы» шаруа қожалығының басшысы Ринат Ерғалиев.

Қожалық басшысы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 40 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті. Бұл қаражатқа шаруашылық басшысы  Ресейдің Пермь аймағындағы Кляпов елді мекенінен 75 герефорд асылтұқымды сиыр сатып алған.

«Сыбаға» бағдарламасы арқылы фермердің 70 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеуіне мүмкіндігі бар. Несие мерзімі 15 жылға дейін, 14 пайыздық үстемеақымен беріледі.  Бұл жерде үстемеақының 10 пайызы мемлекеттен субсидияланады. Шетелдік асылтұқымды мал басына төленетін субсидияның көлемі басқаларына қарағанда қомақтылау болады. Субсидия алу мәселесі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы жабдықтар алуға да субсидия қарастырылған. Тағы бір жеңілдік — кепілдік. Бұрын несие сомасын кепілмүлікпен 100 пайыздық қамту болды. Сондықтан кепілдік мәселесінде көп сұрақ туындайтын. Ал қазір кепілмүлік мөлшері 25 пайыздан төмен болмауы шарт, қалғаны сатып алынатын мал және техника есебінен жүзеге асырылады, — дейді қор басшысы.

Кәсіпкерлер сұранысы қанағаттандырылды

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда да негізгі оператор саналады. Биыл бұл бағдарламаға да бірқатар өзгерістер енгізілген.

Бұрын жеке кәсіпкерлік немесе шаруа қожалығын тіркеу мерзімі үш жылдан асса, онда кәсіпкер бұл бағдарламаға екінші қайтара қатыса алмайтын.  Бұл көп кәсіпкердің ренішін туғызып, үлкен мәселеге айналғаны шындық. Биылдан бастап бұл проблема түбегейлі шешіліп, бағдарламаға өзгеріс енгізілді.  Тағы бір өзгеріс — кәсіпкер ретінде тіркелгендер бір жылға дейін бизнес бастаушы немесе стартап аталатын. Сондықтан қордан несие алған кезде олардан жаңа жұмыс орнын ашу талап етілмейтін. Шарт бойынша бизнес құрылымын тіркеу уақыты бір жылдан асқандарға екі адамды жұмыспен қамту көзделді. Биылдан бастап бағдарламаның бұл тұсын әртараптандыру әдісімен жүзеге асыру ісі қарастырылып, бұрынғыдай екі адамды емес, бір адамды жұмыспен қамтымақ, — дейді Гүлжанат Ерғазина.

Былтыр аталған бағдарламаны іске асыру  үшін облыста 2 миллиард 400 миллион теңгенің үстінде қаражат игерілген. Қомақты қаржының 81 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға жұмсалыпты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button