Жұбанов тағылымы — сарқылмас қазына
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Жұбанов тағылымы» тақырыбында ХІ халықаралық ғылыми конференция өтті. Ғалымдар мен зерттеушілердің және зиялы қауымның бас қосуы тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына арналды.
Ғылымға ғұмырын арнаған
Ғалымның есімі берілген оқу ордасында мұндай іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы «Жұбанов тағылымы» атты XI халықаралық конференция жұмысына облысәкімі Асхат Шахаров, университет ректоры Лаура Қарабасова, сондай-ақ белгілі филолог ғалымдар мен зиялы қауым, Жұбанов әулетінің ұрпақтары қатысты. Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына арналған ғылыми конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейнеқұттықтауы жолданды.
Лаура Қарабасованың айтуынша, бұл — тек тіл білімі саласындағы мамандарға, болмаса жұбановтанушыларға ғана емес, бүтін бір еліміз үшін маңызды іс-шара.
Ол бұл конференцияның Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесіп өткізілгенін атап өтіп:
— Ғасырдан астам уақыт өтіп, ғалымның есімі тарих қойнауына сіңіп, бізден алыстап бара жатса да, Құдайберген Жұбановтың мол тағылымы, артта қалған мұрасы өзінің маңыздылығын жоғалтқан емес. Осымен он бірінші рет ұйымдастырылған «Жұбанов тағылымы» атты халықаралық конференцияғалымның еңбегін, мұрасын, тағылымын басқа да қырларынан тани түсуге себеп болмақ, — деді.
Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев Құдайберген Жұбановты ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға екенін айта келе: «Оның ғылыми еңбектері мен артында қалған мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Жұбановтың ізгі арманы — қазақ ғылымын биікке көтеру. Жұбанов есімін ұлықтап отырған бұл оқу орны да ғалымның жолын жалғап, әлеуетті дамытатын беделді жоғары оқу орны ретінде жаңа биіктерге жетті», — деп, аталған оқу орнының жетістіктеріне тоқтала келе, мемлекеттің тіл саясатын жүзеге асырудағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қосып отырған үлесін ерекше атады. Әсіресе«Үш тілділік» жобасы аясында жаһандық экономика мен халықаралық байланыстарды ілгерілету мақсатында қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде білім беру бағытын ұстанып отырған университетті еліміздің батыс өңірін білікті мамандармен қамтамасыз етіп, инновациялық дамуына үлес қосып отырған оқу орны ретінде атады. «Ғылымға ғұмырын арнаған Құдайберген Жұбановтың асыл арманы бүгінгі таңда университеттің жетістіктері арқылы жүзеге асып жатыр. Бұл қадамдар ұлт болашағына бағытталған асыл мұраның жалғасы», — деді ол.
Мол мұра және танымдық ізденістің арқауы
Конференцияда ғалымдар мен зерттеушілер Құдайберген Жұбановтың ғылыми және мәдени мұрасы, оның ғылым мен қоғамға қосқан үлесі туралы тақырыптық баяндамаларын оқыды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик, Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев:
—«Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген қағиданы қаперіне алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл конференцияға арнайы құттықтау хатын жібергенін тек қана осы іс-шараға қатысушылар үшін емес, жалпы Қазақстан ғалымдарына көрсетілген құрмет екенін жеткізгім келеді, — дептіл білімі жайлы сөз болғанда Алаш жұртына танымал Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, Халел Досмұхамедов, Телжан Шонанұлы сияқты көрнекті қайраткерлердің есімі құрметпен айтылатынын атап, бұл орайда білім дарыған, ілім қонған тұлға туралы «Құдайберген Жұбанов: ғылыми тану және қайраткерлік тағылым» тақырыбында баяндады.
Анар Фазылжанова, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:
— Еліміз үшін айтулы күн. Бұл конференцияны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары ретінде бірлесіп өткізіп жатқанымызға ерекше қуаныштымыз. Өйткені Тіл білімі институтының ғана емес, жалпы қазақ тіл білімі деген ғылымның үлкен саласының қалыптасып, дамуына, қазақ мәдениетінің өркендеуіне ерекше үлес қосқан Жұбановтар әулетінің өкілдері біздің институтта талай жыл еңбек етті. Олардың ішінде ерекше атауға болатыны — Есет және Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтар. Институтымызда қолданбалы лингвистика бөлімінің негізін қалаған асылдың тұяғы — Асқар аға Жұбанов. Ал Құдайберген Жұбанов — қазақ тіл ғылымындағы тұңғыш кәсіби мойындалған, ғалым-профессор атағын алған маман-зерттеуші болған кісі. Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың тіл ғылымындағы қалам тартпаған саласы кемде-кем деуге болады. Керек десеңіз, ол музыка өнеріне де үлес қосатын іргелі зерттеулер жасап кеткен. Білімді, ғылымды ұйымдастыру ісіне де атсалысқан. Сонымен бірге лингвостатистика деген ғылымның негізін қалағаны туралы оның ұлы Асқар аға зерттеу жүргізіп, дәлелдеп кеткен.
Құдайберген Қуанұлының туғанына 125 жыл толып отыр. Ғалымның зерттеулері әлі күнге дейін кез келген танымдық ізденістің арқауы болады. Оған сілтеме жасамай кетпейтін ғалым, зерттеуші жоқ. Міне, осындай ірі, іргелі тұлғамызды насихаттау қазіргі кездегі жас ұрпақ үшін аса қажет.
Қос ғалымның мерейтойы
Ардақ Есетқызы, Құдайберген Жұбановтың немересі:
— Егемендік алған алғашқы жылдары университеттің бұрынғы ректоры Мұхтар Арынов әкем Есет Жұбановты ғылыми кадрлар даярлау мақсатында жұмысқа шақырған болатын. Себебі университет сол кездері институт болды. Оқу орнына атамыздың аты берілген кез. Ол кезде оқу орнында тек орыс филологиясы ғана болған. Әкем осы білім шаңырағында еңбек еткен алғашқы жылдары қазақ тілі теориясы кафедрасы ашылып, ғылыми кадрлар даярлана бастады. Сонымен қатар әкем Мұхтар Арыновпен бірге Жұбановтану зертханасын ашып, жұмыс істеген. Әкемді соңғы сапарға осы университет ұжымы шығарып салды. Ақтөбеге жиі келіп тұрамын. Биыл Құдайберген атамыздың 125 жылдығы мен әкем Есет Құдайбергенұлының 95 жылдығы тұспа-тұс келіп тұр. Осындай жоғары дәрежеде іс-шара ұйымдастырғандарға айтар алғысым шексіз. Атамыздың ғылыми еңбектері — өте маңызды мұралар.
Жаңа кітап: фотосуреттер сөйлейді
Дәстүрлі конференция аясында университет аумағындағы Құдайберген Жұбанов ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Жастар сарайында фотокөрме ашылды,«Құдайберген Жұбанов: тұлға және уақыт. Фотомұрағат» кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа кітаптың авторы — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, «Жұбанов» медалінің иегері Әлия Ұлықпанова. Конференция аясында Кәрімбек Құрманәлиев пен физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Кенжебаев жаңа еңбектің таныстырылымында қию рәсімін жасады.
Ғылыми қауымдастық Әлия Ұлықпанованы Құдайберген Жұбанов мұрасын зерттеуші ретінде таниды. Ол бұл бағытта 1997 жылдан бері тынбай еңбектеніп жүр. Жаңа кітаптың мазмұны жайында ол:
— Бұған дейінгі еңбектерге қарағанда бұл кітаптың орны айрықша. Себебі ғалымның өмірі мен қоғамдықағартушылық қызметіне, ғылыми мұрасына қатысты фотомұрағаттарды сөйлету туралы ой 2020 жылы туған еді. Бұл бастамамның жүзеге асуына университет ректоры ЛаураЧапайқызынан бастап қолдау танытқан әріптестеріме алғысбілдіремін. Кітаптың логикалық құрылымын жүйелеуде де, тақырыптары мен тарауларын негіздеуде де Құдайберген Жұбановтың өз еңбектері негізге алынды. Толығырақ айтсам, профессордың ғылыми стилінің ізіне салдық десек те болады. «Мұра— хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» атты ғылыми очеркте алдымен Қожа АхметЯссауи — кім, туғанжері мен ататегі, ең мықты туындысы қандай, оның тақырыптық-мазмұнды ққұрылымы мен тілі қандай деген сауалдарға жауап беріп отырғандай жүйелейді. Біз де кітаптың ғылыми құрылымын негіздеген уақытта Құдайберген Жұбановтың туған жері, шежіресі, өскен ортасы, ата-анасы, бауырлары, алғашқы білім алған медресе-мектептері, елде қызмет жасаған кезеңі, Ресейде оқыған жылдары, жоғары оқу орнында оқытушылығымен қоса, түрлі мемлекеттік қызметтерді белсене атқарған кезеңдері мен өмірінің соңғы күндеріне дейінгі сәттерін мұрағатта, отбасында сақталған фотосуреттері арқылы сөйлеттік, түсінік бердік. Профессордың көзі тірісінде жәнеақталғаннан кейін жариялаған ғылыми еңбектерін суретпен жүйелеп, ғылым мен білімнің түпсіз терең мұхитына айналған Құдайберген Жұбановтың отбасы және халыққа қызмет етіп жүрген талантты ұрпақты ұлықтадық. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жетістіктерін кітабымызға енгіздік,— дейді.
Автордың айтуынша, Жұбановтар елінің бүгінгі келбетін, сондай-ақ ғалымның өскелең ұрпаққа айтып кеткен ұлағатты сөздері мен феномендік қырына баға берген ел мықтыларының пікірлерін осы кітаптан оқуға болады.
Арайлым НҰРБАЕВА.