6 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды
Қоғам дертімен күрес
Кеше Ақтөбе қаласында Amanat партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі жиыны өтті. Қазіргі қоғамның басты дертіне айналған «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер әңгіме өзегіне айналған отырысқа жоғарыда аталған кеңестің төрағасы Ерлан Сайыров, депутаттар, атқарушы билік өкілдері қатысты.
Жиынға төрағалық еткенЕрлан Сайыров қай істе де ашықтық пен әділдікке жету үшін елдің әр азаматы соны талап етуі керектігін айта келе, көшпелі кеңестің дәл осы өңірде ұйымдастырылуы тегіннен-тегін еместігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды өткізу, жалпы болдырмау мақсатында кешенді бағдарламалар облыста жолға қойылған.
Облыс әкімі Асхат Шахаров биылдыққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық комиссияның 42 отырысы өтіп, онда 108 мәселе қаралғанын, нәтижесінде 350 тапсырманың 250-і орындалғанын баян етті.
— Осы жылы 9 аудиторлық тексеріс жүргізіліп, өтеуге жататын 58 миллион теңгеге құқықбұзушылық анықталды. Бүгінгі таңда соның 11,6 миллион теңгесі өтелді, құқық қорғау органдарына 4 материал жолданды. Сонымен қатар тексеріс жүргізілген нысандарға бұзушылықтарды жою туралы 9 шешім, кемшіліктердің алдын алу бойынша 63 ұсыныс жолданды. 6 лауазымды тұлғаға тиісті шаралар қабылданды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен 88 кездесу өткізіліп, 700-ге жуық азаматқақұқықтық көмек көрсетілді, 116-дан астам мәселе медиативтік жолмен шешілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады, — деді облыс әкімі.
Amanat партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі Абзал Құспан 9 айдың қорытындысы бойынша құқыққорғау органдары, құрылыс, жер қатынастары салаларындағы мәселелерге тоқталды. Есепті кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы 46құқықбұзушылық тіркелді. Атап айтсақ,пара алу, бюджет қаражатын ұрлау, қызметтік жағдайды теріс пайдалану әлі де азаймай тұр. Аталған заңбұзушылықтар бойынша 46 мемлекеттік қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.
Баяндамашы,өткен жылмен салыстырғанда, облыста мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының төмендегенін, ал құқыққорғау жүйесінде жағдай керісінше екенін алға тартты. Полициядағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары қызметтік жағдайды теріс пайдалану мен парақорлықпен байланысты.
— Полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы полицейлерге қатысты 45 қызметтік тергеу жүргізді. Тәртіптік жауапкершілікке 73 қызметкер, соның ішінде 44 басшы тартылды. Сондай-ақ 9 айда тергеушілерге, жедел қызметкерлерге қатысты 423 өтініш қаралды,— деп атап өтті Amanat партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі Абзал Құспан.
Кеңес барысында билік партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыру мәселелері де талқыланды.
Соңында Ерлан Сайыров сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, бұл бойынша жол картасына атүсті қараған бірқатар лауазымды тұлғаның партия тарапынан жауапкершілікке тартылатынына уәде берді.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.