Облыстағы жолдар ашылды
Қыстың басы…
6 қараша күні облыс аумағында қар жауып, боран болып, бірқатар жол жабылды. Соның салдарынан жолаушылар мен көлік жүргізушілері біраз әбігерге түсті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментітөтенше жағдайларды жою басқармасы
бастығының міндетін уақытша атқарушы Аслан Арзымбетовтің айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 6 учаскесінде көлік қозғалысы (жүк және қоғамдық көлік) шектелген. Атап айтсақ, Ақтөбе-Атырау-Астрахан тасжолының 12-250 шақырымы, яғни Ақтөбе қаласынан Байғанин ауданы Қарауылкелді кентіне дейінгі учаске, Самара-Шымкент автокөлік жолының 776-1153 шақырымы (Ақтөбе қаласынан Ырғыз ауданына дейінгі учаске), Ақтөбе-Мәртөк-Орынбор шекарасытасжолының 23-64 шақырымы (Ақтөбе қаласынан Мәртөк ауылына дейінгі учаске), Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз тасжолының 259-389 шақырымы (Шалқар қаласынан Ырғыз ауданына дейінгі учаске), сондай-ақ Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск автожолының 0-64 шақырымы (Дөң ауылынан Бадамша ауылына дейінгі учаске) жабылған.
— Бүгін таңғы сағат 8.00-дегі жағдай бойынша Хромтау-Қарабұтақ учаскесінен басқа жоғарыда аталған автожолдардың барлық учаскесінде жолдар ашылып, көлік қозғалысы қайта қалпына келтірілді. Аталған учаскеде жеңіл көліктер жүріп жатыр, ал жүк көліктері мен автобустарғашектеу қойылды. Жалпы, аталған тасжолдарда сыйымдылығы 9 мыңнан асатын 142 жылыту пункті дайындалды. Өткен тәулікте облыстағы автокөлік жолдарында 7 авариялық-құтқару және 3 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 6 адам құтқарылды, оның ішінде 2-еуі — бала. Сондай-ақ 5 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды, — дейді Аслан Арзымбетов.
Айта кету керек, 6 қарашада облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері өңір бойынша 3 іздестіру-құтқару, 9 авариялық-құтқару және 10 түрлі сипаттағы басқа да құтқару жұмысына шыққан. Бұл жұмыстарға жалпы саны 184 қызметкер мен 34 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 42 адам қауіпсіз жерге жеткізілген.
Аслан Арзымбетовтің айтуынша, биылғы қысқы кезеңде облыстық төтенше жағдайлар департаменті полиция департаменті және «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ филиалымен бірге құтқару жұмыстарына 500-ден астам қызметкер мен 452 техниканы жұмылдыратын болады.
Д.ҚАЗИХАН.